Ақын Маржан Ершу: «Дина күйлері сырласыма айналды»

1 15 Жаңалықтар

– Астанадағы «Фолиант» баспасынан қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш күйші-композитор Дина Нұрпейісова туралы «ДИНА–DINA» атты (қазақша-түрікше) кітап-альбомыңыз дискісімен бірге жарық көрді. Дина анамыз хақында поэма жазу туралы ой қашан келді?

1

– Динаның өмірі – өнерге айналған өмір. Күйші анамыз туралы жазамын деп жоспарлаған емеспін. Әдебиет ауылына бет алған жиырманың ортасынан асқан шағымда Дина шешейді түсімде көрдім. Телефон шырылдайды, тұтқасын көтергенде сурет көрдім. Дина Нұрпейісова! Басында аппақ жаулығы бар. «Мен Дина Нұрпейісовамын, маған Маржан Ершуова керек. Сен неге мені іздемейсің?! Менің үйім 8 март көшесінде» деп өктем дауыспен сөйлей бастады. Шошып ояндым. Қорқынышым оянды. Жаным мазасыз боп, мұңға батып, көңілсіз күй кешетінмін іштей. Мүмкін, өлең дерті деген осы шығар. Сол кезде жазған жырларымда мынадай жолдар бар:

…Өлеңім қақты қанатын,

Соққандай менің сағатым!

Сонда да тыншу таба алмай

Сенделгенін-ай сана құр.

Теңбіл де теңбіл терең ой

Теңселіп көкте ауа тұр.

Таңдайыма ащы тамбады,

Тәттіні ауызға алмадым.

Қиял-құсымен шарладым.

Жерде де емес, көкте емес

Қайда екен менің арманым

Талай таңдарды жалғадым.

Таңдандым.Тоңдым.

Жылындым,

Жарық, жылуды ұғындым.

Түсінбей, ұқпай жанымды

Өзімнен өзім түңілдім.

Тіліме кірді тікенек

Қан тамбай құлап

бүгілдім.

Безіндім тағы өзімнен,

Ұшқын көрінбей көзімнен.

Күндерім кетті сендіріп

Айрылдым тағат- төзімнен.

Дауа таба алмай

жаныма

Ай мен адамнан

безіндім…

Үрей мен қорқыныш екі түрлі нәрсе ғой. Адамды өлтіріп, мысын құртатын үрей ғой. Ал, қорқыныш ойлауға, ойлануға үйретеді. Қазақтың «қорқа-қорқа батыр болады» деген сөзінің философиясы терең. Дина шешейдің күйлері менің мұңдасым, сырласым болды. Музыка, өнер тақырыбы қызықтыра бастады. «Шопеннің жүрегі», «Асалы-Көкетай», «Құлпытас», «Қайран қыз», т.б. туындыларымды жаздым. Тақырыбы махаббат болғанымен, бұл шығармалардың өзегі – өнер. Біраз жыл Дина туралы деректерді жинадым. Біздің ақындардың Динаға арнаған өлеңдері баршылық екен. Бірақ, поэма жазылмапты. Осылайша поэмам да дүниеге келді. Бұл 2007 жыл болатын. Камила Жапаловаға «Дина» атты поэмам туралы әңгімелеп бергенімде, «осы поэмаға картина салғым кеп кетті» деп картина салды. Менің көңілім сонда да тыншымады. «Дина» атты мистикалы-музыкалық драма да жаздым.

18788277_688199714705334_207327187_n

– Кітап жазу идеясы қалай туындады?

– Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2011 жылы Дина Нұрпейісованың 150 жылдығын Түркияда кеңінен насихаттады. Анкарада Дина атындағы саябақ ашылды. Атырау облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрін арнайы шақыртып, Түркияның бірнеше қаласында концертін ұйымдастырды. Сол жылы ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов «Динаның өнері мен өміріне түркі әлемі таң қалды. Түркі халықтарының әйел өнерпаздары арасынан Динадай дарабоз шықпаған. Түркі әлеміне Дина Нұрпейісованы таныстыратын, қазақтың күй өнерін танытатын кітап жаз» деген ұсыныс айтты. Бұл кітаптың форматы туралы көп ойландым. Түріктің ақын қызы Нұрай Гүнеш кітаптың аудармасын жасады.

– Әбіш ағамыздың Дина туралы пікірі осы кітап үшін арнайы жазылған ба?

– Осы кітапты жазуды көптен ойластырып едім. «Әбіш аға пікірін жазып берсе, жақсы болар еді» деген ойда жүрдім. Бірақ, ағаға айтуға бата алмадым. Содан бір күні ағаның үйіне бардым. «Әбіш аға, сізге осы күнге дейін бір өтініш айтып көрмеппін. Менің бір үлкен арманым бар. Ол – Дина Нұрпейісова туралы қазақша-түрікше кітап шығару. Қашан шығатынын да білмеймін. Сол кітабыма Дина шешеміз туралы сіздің пікіріңіз өте қажет боп тұр. Сізді шаршатқым да, мазалағым да келмейді. Жарты парақ сөзіңіз болса, жақсы болар еді» деп едім. Әбіш аға сөзге келмеді. Қолына қағаз, қаламын алды да мөлдіретіп жазып берді. Сондағы қуанышымды айтып жеткізе алмаймын.

– Кітап-альбомда СD дискі бар екен…

– Иә, СD дискіде «Дина» атты поэмамды қазақтың белгілі дикторы Сауық апа Жақанова оқыды. Мен апайға өтініш айтқанымда, «поэма ұнаса ғана оқимын» деді. Кейін хабарласқан едім, «мен бұл дүниені бойыма сіңіруім үшін уақыт керек» деп өз ісінің майталманы екендігін көрсетті. Поэма Динаның өз орындауындағы күйлерімен әрленді.

– Дина Нұрпейісова туралы кітап-альбом оқырмандар тарапынан қандай баға алып жатыр?

– Астанада «EXPO-2017» көрмесі аясында өткен Еуразиялық халықаралық кітап көрме -жәрмеңкесінде және халықаралық «Оқырман мен Кітап» симпозиумында «Дина-Dina» кітабымның тұсаукесері өтті. Тамыз айында Мажарстанда кітабымның таныстырылымын өткіздім. Мажарлар қызығушылық танытып, бұл кітапты аударуға ықылас білдіріп отыр. Аударма мәселесі әрине, қаражатқа тіреледі ғой. Бұл жағынан менің қолым қысқалау болып тұр. Франция, Германия елдеріндегі қандастарымыз да кітабыма қызығушылық танытып, «тұсаукесерін өткізіп берейік» деп шақыра бастады. ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан Түркияда тұсаукесер өткізуге дайындық бар.

Бұған дейін күйшінің 150 жылдығы құрметiне Түркияның астанасы – Анкара қаласында Дина Нұрпейiсованың саябағы ашылған еді. Түбi бiр түрік жұртының күйшi анамызды құрметтегенi қазақ өнерiне деген ықылас-iлтипаты деп білеміз. Өкiнiштісі сол, Астанада, не Алматыда Дина күйшiге қойылған бiрде-бiр ескерткіш-белгi жоқ. Күй анасының 100, 125, 150 жылдығы да ЮНЕСКО назарынан тыс қалды. Жақында «Алматы ақшамы» газетінен жазушы Нұрғали Ораздың Түркия сапарынан жолжазбасын оқыдым. Сол мақаласында Анкарадағы Этимесгут ауданында салынған Дина саябағына барғанын айта келе, муниципалитет әкімдігі өкілдерінің: «Бұл саябаққа Дина Нұрпейісованың ескерткіші орнатылса, өте жақсы болар еді. Бұл жерде Дина апайдың күйлері орындалатындай жағдай жасасақ, мұнда демалуға келген кісілер ерекше әсер алар еді» деген пікірлерін жазыпты. Бұл пікір маған да ұнады. Түркия мен Қазақстан тарапы осы бір игілікті істі бірлесіп атқарғанын қалар едім.

Сұхбаттасқан: Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз