Ақын атындағы ауданда
Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тарихында Махамбет ауданы жаңа кейіпке енді. Заманауи технологияны жетік түсініп, ұтымды қолдана білген шаруагерлер өнімдерін еселеуде. Ал, жергілікті халықтың отандық тауарды ұсынған кәсіп иелеріне айтар алғысы көп. Аймақ басшысының Махамбет ауданына сапары барысында айтылған тапсырмаларының басым бөлігінің орындалуы да қарапайым жұртшылыққа оң әсерін тигізгені сөзсіз. Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте егемендік жылдары қол жеткізген жетістіктермен қатар, алдағы ауқымды жобалар да сөз болды.
Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Айманакумовтың (суретте) баяндауынша, бүгінде жергілікті жерде 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 661 жеке шаруашылық жұмыс жасайды. Аудан экономикасының басым бағыттары ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары екенін жыл сайын өсіп отырған жалпы өнім көрсеткіштерінен анық байқауға болады. Соңғы нәтиже бойынша оның көлемі 8 млрд. теңгеден асқан.
— Қазір ауданның егіс алқабы 2824 гектарға жетіп, оның 1050 гектарына тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Бұл осыдан бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда сегіз есеге жоғары. Осыған сәйкесті егістіктен алынған өнімдер 2 есеге дейін артты, — деді Азамат Мақсотұлы. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын шаруашылықтарға барлығы 122,4 млн. теңге көлемінде субсидия төленсе, биыл ол 2,7 есеге көбейіп отыр.
Білгеніміздей, Тәуелсіздік жылдары ауданда кәсіпкерлікті дамытуға кең мүмкіндіктер ашылған. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2 бизнес нысанға инженерлік инфрақұрылым тегін тартылып берілген. 16 кәсіпкер 1 млрд. теңгеден астам қаражат көлемінде несие алса, олардың төртеуінің пайыздық мөлшерлемелері ішінара субсидияланған. Ал, екі бизнес иесіне 4,8 млн. теңге грант берілген. Бұл өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге үлкен қолдау болды.
— Биыл Махамбет, Алға, Алмалы, Таңдай, Ортақшыл ауылдарында су тазарту қондырғылары мен ауылішілік су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Тағы бір атап айтар жайт, ауданның 17 елді мекені көгілдір отын пайдаланады. Осыдан екі жыл бұрын Махамбет ауылының «Шаттық» ықшамауданына газ желісі тартылса, Жалғансай, Береке ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Осындағы «Мерей» ықшамауданын газдандыру шаралары қолға алынды.
Ширек ғасырда махамбеттіктер осындай табысқа қол жеткізсе, келер жылға ауданның жоспарлары да жетерлік. Баяндамашы оның бірнешеуіне тоқталғаннан кейін журналистердің сауалдарына жауап берді.
Сұрақ: — «Шаттық» ықшамауданында жол салу мәселесі қалай шешілуде?
Жауап: — Жалпы, ауданға қарасты 23 елді мекеннің 13-інің кірме және ауылішілік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Махамбет, Алға, Ортақшыл, Ақжайық ауылдарына жаңадан жаяу жүргіншілер жолы салынды. Қазірде ауданымыздағы 81,4 шақырым облыстық маңызы бар автокөлік жолдары жақсы күйде. Биыл Махамбет ауылында 17 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама жасақталу үстінде. Бұл жолы «Ықшам» мөлтекауданы толықтай қамтылатын болады.
Сұрақ: — Облыс орталығын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту жайы қалай?
Жауап: — Өздеріңізге белгілі, жергілікті жерде ірі шаруа қожалықтары көп. Махамбет ауданы облыс орталығын ауылшаруашылық өнімдерімен 27 пайыз қамтып отыр. «Феликс», «Дастан», «Кан» және тағы да басқа шаруа қожалықтары биыл 132 млн. теңгеге тұрақтандыру қорына тапсыру жоспарлауда. Оның ішінде 1500 тоннасы – картоп өнімі. Ол фьючерстік келісім-шарт негізінде тапсырылады. Осылайша, аудан азық-түлік белдеуін қалыптастыруда, сапалы тауарды қолжетімді бағамен ұсынуда. Бұл жұмыстар жалғасын таба береді.
Сұрақ: — Алға ауылындағы көктемгі су тасқыны салдарынан құлаған Жайық өзені жағалауында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Жауап: — Ағымдағы жылы Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің және облыстық құрылыс басқармасы мамандарымен бірлесіп, жағалауды зерттеу жұмыстары басталып, акт жасақталды. Комиссия қорытындысына сәйкес, 3 шақырым өзен жағалауына беркіту шаралары қажет. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама жасақтау үшін 35 млн. теңге бөлуге облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілді.
Сонымен қатар, ұзындығы 2 шақырым дамбы құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, оған облысқа 22 млн. теңгеден астам қаржы бөлу туралы сұраныс жолданды.
Сұрақ: — Сарайшық ауылындағы тарихи қазба орындарын су шайып құлауда, оған қандай шара қабылдануда?
Жауап: — Мұндағы Жайық өзені жағалауын бекіту үшін қомақты қаржы бөлінген. Мердігер «АЙС Астана» құрылыс жұмыстарын үстіміздегі жылы қазан айында бастады, келісім-шарт бойынша 2018 жылдың сәуір айында аяқтауы тиіс.
Айбөпе Сабырова