А.Қосанова: «Сахна адамы барлық жағынан әдемі болуы керек»
«Өңірімізге кезекті гастрольдік сапармен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, әнші, профессор Айгүл Қосанова келеді» дегелі атыраулық өнерсүйер қауымның дегбірі қашты деуге болады. Өйткені, олар сүйікті әншісінің концертіне билет бола қояр ма екен деп қатты қобалжыды. Ал біз әншінің өзін әңгімеге тартып, өмірі мен өнері жайлы жедел сыр-сұхбат алдық.
— Айгүл, киелі Атырау жеріне қош келдіңіз! Біз сізді “өзіміздің батыстың қызы!” деп, әркез мақтан тұтамыз. Айтыңызшы, дәстүрлі өнер мен эстраданы ұштастырып, бірге алып жүру қиындық келтірмей ме?
— Шын өнер адамы жан-жақты болады деп ойлаймын өзім. Бастапқыда дәстүрлі әнші боп танылған болсам, соңғы кездері эстрадамен де ән салып жүрмін. Меніңше, бұл — уақыт талабы. Әншіге мұның жаттығы жоқ.
— Өнер сізге кімнен, қай жақтан дарыған? Бауырларыңыз қанша?
— Біз әке шаңырағында жеті бала болдық. Апаларым ән салады. Бұл өнер бізге нағашы жұртымыздан жұққан болуы керек. Себебі, анамыз жастау күнінде түйенің үстінде жүріп ән сала беретін болыпты. Дауысы тамаша адам.
— Білуімізше, жолдасыңыз — басқа саланың адамы. Сіздей үлкен өнер иесімен бір шаңырақ астында тұру, гастрольдік сапарларыңыздан тосу ол кісіге қиындық тудырмай ма?
— Иә, ол — жеке кәсіпкер. Бірақ, өнер десе, ішкен асын жерге қояды. Менің үлкен сахнада жүруім сол кісінің қолдау-көмегінің арқасы деп толық айта аламын. Жүніс үлкен өнерді сыйлағандықтан маған осындай мүмкіндік беріп, жағдайымды жасап отыр. Сол үшін де оған ризамын! Ал, гастрольдік сапарлардан тосуға келетін болсақ, ол бұрынғыдай айлап жүретін нәрсе емес, әрі кетсе, бес-алты күн болуы мүмкін.
— Неше балаңыз бар, олар немен айналысады?
— Үш перзентіміз бар. Тұңғышымыз – Айша, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті, болашақ кинорежиссер. Ұлымыз Тұрлан болса, домбыра тартады, ән салады. Өзіммен сахнаға бірге шығып жүр. Ең кішіміз – Айнамкөз, бес жаста. Байқаймыз, осы қызымыздың өнерге деген талпынысы бар. Кім біледі, бәлкім әнші болар. Барлық ата-ана сияқты біз де олардың ертеңінен үлкен үміт күтеміз.
— Сіз — әрі әнші, әрі ана, әрі әйел, әрі ұстазсыз. Осындай шаруаның бәріне үлгересіз бе? Шәкірттеріңіздің арасында үлкен сахнаға шығып жүргендері бар ма?
— “Қыз қырық жанды” деген бар емес пе, үлгеремін, үлгеруге тырысамын. Жолдасым көмектеседі. Шүкір, шәкірттерім баршылық. Бүгінде олар түрлі өнер ұжымдарында, облыстардағы филармонияларда еңбек етуде. Қазір олардың өздері ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Мен соған қуанамын, марқаямын. Ізімнен немере-шәкірттердің ілесіп келе жатқанын көріп, ерекше сезімге бөленемін.
— Тіл-көзіміз — тасқа, сіз — өте әдемі адамсыз. Осындай болмыс-бітіміңізді қалай сақтаудасыз?
— Негізі қай адам да өзінің тегіне тартады, одан асып кетпейді. «Ген жібермейді» деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, менің айналамда аса толық кісілер жоқ. Бір жағынан, сол болар, екіншіден, өз-өзіңе қарау, өзіңді күту деген бар. Ол міндетті, әрине. Өзім тамақтануға үлкен мән беремін, тренажер залынан табылуға тырысамын. Сахна — киелі жер. Оған қалай болса, солай шыға салуға болмайды. Қай жағыңнан да өзіңнен кейінгі жастарға үлгі-өнеге болуың керек деп ойлаймын. Соның ішінде сахнада жүрген өнер адамы барлық жағынан әдемі болуы міндетті!
— Өзіңізді үнемі асыға тосып отыратын атыраулық көрерменге не айтасыз?
— Мені, менің өнерімді бағалаған өздеріңізге әрдайым ризамын. Лайымда, бастарыңыздан бақ таймасын, жаңа жыл жақсылығымен жетіп, бар тілектеріңіз қабыл болсын!
— Рахмет, жақсы сапарда болыңыз!
Лиза СЕЙТІМОВА