Жарнама
Жаңалықтар

Аққан жұлдыз

Ол қамал бұзар қырық жасында қыршын кетті. Болмыс-бітімі, ынта-жігері, қадір-қасиеті, ой-өрісі бөлек еді. Адами қасиеттерімен ерекшеленген әріптесіміз, талантты журналист Мұрат Диаров тірі болса, биыл көктемде өзінің асқаралы алпысын тойлар еді. 

Аққан жұлдыз

Арамыздан бақилықтың қайтпас сапарына  тым ерте аттанған  Мұраттың жора-жолдастары, достары мен әріптестері, ұрпағы мен бауырлары айта жүрер өнегелі ісі мен мақтан етерліктей асыл қасиеттері қалды артында.

Еңбек жолын  Гурьев педагогикалық институтының физика кафедрасында оқытушылықтан бастаған ол жарқ еткен жасын ғұмырын  шығармашылыққа арнады. Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің фототілшісі, облыстық телерадио компаниясында редактор, комментатор ретінде мұнайлы өңірдің өсіп-өркендеу тарихының жылнамасына лайықты үлесін қосты.

Атырау тележурналистикасының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мұрат Мұфтахұлының жаңашылдыққа деген ұмтылысымен, шығармашылық ізденіспен дайындаған телехабарлары көгілдір экран көрермендерінің көзайымына айналды. Ол бойындағы дарынын іске асыру жолдарын іздестірумен жүретін. Жаңашыл идеялары да сәт сайын туындап жататын.

Мұраттың бастамасымен құрылған «Дидар» радиосы мен «Жарық» телевизиялық арнасын атыраулықтар сүйсіне тыңдап қараушы еді.  Аймақта жарнамамен айналысатын тұңғыш «Азимут» агенттігін ұйымдастырушы да Мұрат болатын. Мұнда жасап шығарылған жарнама сол кезде қала көшелерін әуежайдан бастап әрлендіріп тұратын.

Өмір қанша өзгергенімен замандастарының жадында оның бейнесі сол  баяғы ақжарқын да ашық мінезімен сақталып қалды. Мұраттың достары мен ниеттес әріптестері тоқсаныншы жылдардың орта тұсында басталған шығармашылық қызметті жалғастырып, қазіргі заманға сай бағыттар мен түрлер бойынша дамытуда.

Аққан жұлдыз-3

Жақында қаладағы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде танымал суретші-қолөнерші Қалымбек Жұмашевтың «Қолмен жазылған шрифт және каллиграфия» көрмесі ашылды.  Оған жоғары оқу орындарынан, мекемелер мен ұйымдардан, ақпарат саласынан өкілдер, Мұраттың бауырлары, достары қатысты.

Көрмеге келушілерге сөз арнаған музей басшысы Төлеген Орынбасарұлы ұйымдастырылған бұл көрменің ерекшелігіне тоқталды. Суретші туындылары жан досы,  марқұм Мұрат Диаровтың туғанына 60 жыл толуына арналды. Қалымбек өзінің Мұратпен бірге шығармашылық қызметте болғанын мақтан етеді. Екеуінің достығы әсемдікке деген құмарлықтан басталғанын, одан көп нәрсені үйренгенін айтады.

Бүгінгі көрменің идеясы бойынша арамызда болмаса да Мұраттың бейнесі мен қалдырған ісі досы мен ұрпағының шығармашылығына қуат береді. Көрме тақырыбы бейнелеу өнерінің  тағы бір саласы – каллиграфия мен қолмен жазылған шрифтке арналған.  Каллиграфия немесе көркем жазу – бұл тек ақпарат беру жолы ғана емес, ол эмоционалдық-бейнелік әсер береді.

Көрменің ашылу салтанатында Мұрат Мұфтахұлының әкесі ҚР Ғылым академиясының академигі Мұфтах Диарұлы, анасы Раиса Александровна,    қызметтес болған әріптесі Мұрат Әбілов, профессор-ғалымдар Нұрлы Әйтиева, Қазим Камматов, Сәния Камелова, жан жары Маржан Диарова және басқа да достары, сыйлас ағалары ескеліктерімен бөлісті. Бұл көрме замандас келбетін жадымызға қайта оралтқандай, Мұраттың жұлдызын одан әрі жарқырата түскендей болды.

Аққан жұлдыз-2

P.S. Суретші Қалымбек Жұмашевтың жеке көрмесін тамашалаушылар басты жәдігер – ауадай жеңіл жұқа жібек матаны таңдаған, әр жазбаны әрлендіруде батик техникасын қолданғанына көз жеткізді. Осындай каллиграфиялық кескіндеумен салынған Мұраттың жарқын бейнесінің айнытпай дәл берілуіне біз де тәнті болдық. Сондай-ақ, көрмедегі көркем жазу үлгілері, орындалу шеберлігі де келушілерді таңдай қаққызбай қоймайды. Біз шрифтті баспада, компьютермен жұмыс жасағанда қолданып үйренгенбіз. Ал, суретші бізге оны қолмен жазып, бейнелеу өнерінің бір саласы  ретінде ұсынды. Осы жазудың сұлулығын тамашалауға шақырды. Әлемде каллиграфия өнеріне арналған көрмелер өткізіліп тұрады. Алайда, Атырау үшін мұны жаңа бағыт деп қабылдаған ләзім. Мұнда кириллица, латын жазуы, готика, арабика (құсни хат деп аталады) көркем жазу үлгілері көрсетілген. 

 Әсем жазуды көрсету үшін мәтін ретінде Мұраттың жеке мұрасынан алынған жазбалар үзінділері, оның қызы Маликаның, басқа да авторлардың өлең шумақтары қолданылған.

 

Маржан  ДИАРОВА,

жары:

— Ол – өнерге шын берілген, әдемілік пен сұлулыққа ғашық, адамгершілігі жоғары, парасаты биік адам-тұғын. Бүгінгі досының ұйымдастырған көрмесінен сол сұлулықты байқап тұрмын. Мұратсыз өткен жиырма жылда ұрпағы өсіп жетілді. Ұлдарымыз Тимур мен Александр, қызымыз Малика жоғары білім алды. Ата-енемізге шөбере, маған немере сүйдіруде. Мұраттың рухына бағыштап көрме ұйымдастырушы музей ұжымына, достары мен әріптес-замандастарына әулетіміздің атынан шексіз ризамыз.

 

Регина  ВАЛИШЕВА,

әріптесі,

Қазақстан  Журналистер

Одағының  мүшесі:

— Журналистикадағы еңбек жолын облыстық  «Прикаспийская коммуна» газетінің мәдениет бөлімінде тілшіліктен бастады. Ол өте елгезек, қайырымы мол, мінезі ашық, үнемі әзілдесіп, күлдіріп жүретін. Облыстың аудандары мен ауылдарына талай бірге іссапарға шығып, рейдтік материалдар дайындадық.

 

Өтепберген  ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның  Құрметті   журналисі,

өлкетанушы-ардагер:

—  Қаламы ұшқыр, айтар ойы көп, шығармашылықпен жұмыс жасайтын Мұрат інімізбен облыстық телевидениеде қызметтес болдым. Оның  басы толған идея-тұғын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау, мұнай өнеркәсібін дамыту, Теңіз кешінің келешегі, қаланың тазалығы, халыққа қызмет көрсету мекемелерінің жұмыстарындағы кемшіліктерді сынаған талай хабарларын сәтті шығарды.

 

Қалымбек   ЖҰМАШЕВ,

досы,  суретші-мүсінші,

бірнеше  байқау-көрмелердің  жеңімпазы:

— Мұрат досымыздан айырылғалы да жиырма жылдың жүзі болған екен. Осы уақыт ішінде әріптес-жолдастарымыз Қайыржан Шайхиев, Мәлік Есетов,  Александр Матвеев өмірден озды. Сондықтан, «Азимут» жарнама агенттігінің жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болғанбыз. Біз бүгін досымызды еске алу арқылы кезінде өзі бастаған жұмысты «Мұрат Диаровтың шығармашылық тобы» атауымен қайта жалғастыратын болып отырмыз. Бұл топқа Мұраттың екі ұлы – Тимур мен Александр енді. Олар әке рухына арналған көрменің электрондық нұсқасын әзірлеп, оған кіру үшін шақыру қағазының дизайнына арнайы qr –код енгізді.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button