АЭС – «жасыл» энергия көзі
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Жасыл энергетикасының дамуына атом технологияларының рөлі» тақырыбында сарапшылар талқылауы өтті.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы аясында берілген тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған шараға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ғалымдары, студенттер және республикалық, өңірлік БАҚ өкілдері қатысып, ақпарат таратты.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов алғысөз сөйлеп, еліміздің алдағы онжылдықта энергетикалық тәуелділігін және энергетика нарығындағы дағдарысты болдырмау үшін қазірдің өзінде белгілі қадамдар жасалып отырғанын айтты. «Осы факторлардың арқасында жаңартылатын энергия көздері секторы дамып келеді. Дегенмен баламалы энергия көздерінің тұрақсыздығына байланысты оларды энергияның негізгі көзі ретінде қарастыруға болмайды деп ойлаймын. Өйткені күн және жел электр станциялары ауа райы жағдайына тәуелді», – деді С.Идрисов.
Талқылауға қатысқан физика-метаматика ғылымдарының докторы, профессор Бекет Кенжеғұлов «Атом электр станциясының технологиялық және ғылыми негіздері» тақырбында баяндама жасады. «Экологиялық тұрғыдан алсақ, АЭС ауаға бір жылда 20 млн тонна қалдық шығармауға септігін тигізеді. Ал экономистердің айтуы бойынша, егер атом энергетикасын тұтыну 1%-ға өссе, жалпы ішкі өнім 0,32 ға артады. Өз кезегінде АЭС Алматы облысы, Үлкен ауылы аумағында салынса, Балқаш бассейнінің суына зияны тимей ме деген мәселе қоғамды алаңдатуда. Бұған мынадай мысал келтірейін. 2400 МВ-тық АЭС Беларусияда салынды. Ол жақта АЭС-ты салқындатуға жылына 63 млн. текше метр су жұмсалады екен. Бұл – ғалымдардың сөзінше, Балқаш бассейнінің бір жылда күн көзімен булануының 0,33%-ын ғана құрайды. Демек, Балқашта су қоры азаймайды», — деді Б.Кенжеғұлов.
Сарапшы ғалым, химия ғылымдарының кандидаты Ардақ Аманғосова АЭС электр энергиясының баламалы көзі ретінде жаңа мүмкіндіктер беретін айтады. «АЭС неге пайдалы? Күн батареяларынан 8%, желден – 35%, ал АЭС-тен 90% электр қуатын аламыз. Жеріміз соншалық үлкен болғанымен, күн және жел энергиясымен шектелуді құптамаймын. Біріншіден, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мұнай өндірілген жерлер эррозиясын жоюға мән беруіміз керек. Екіншіден, мысалы шартты түрде 28 860 шаршы метр жерге күн батареяларын орналастырсақ, оның асты көлеңке болады да, флора мен фаунаның күйі нашарлайды», — деді сарапшы ғалым.
Талқылау соңында жиынға қатысқан ғалымдар ой алмасып, пікір білдірді. АЭС құрылысы экономикадағы тиімділік пен энергия қауіпсіздігіне, экологиялық тиімділігі, энергетикада қажеттілік пен тұрақтылғы, халықаралық тәжірибе, ядролық технологиялардың қауіпсіздігі, атом энергетикасының артықшылықтары мен ерекшеліктері және болашақ физиктерді даярлау туралы айтылды.