78 көшеге жол төселеді
Атырау қаласындағы Абай көшесі мен Әуежай тас жолы бойында енді электр шамдары жарқырап тұрмақ. Сондай-ақ, тұрғындар көптен күткен Жұмыскер-1,2, Балауса, Бірлік, Ақсай, Ақжар, Дамбы, Жұлдыз және басқа да ықшамаудандарға автокөлік жолдары салынбақшы. Қала орталығынан бой көтеретін үш жаяу жүргіншілер көпірі де — басты жаңалықтардың бірі. Бұл туралы VI шақырылған Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс IV сессиясында мәлім болды.
Қалалық мәслихат депутаттары бас қосқан жиында негізінен 2016-2018 жылдарға арналған қала бюджеті нақтыланды. Онда сөз алған Атырау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Рулана Досқалиева мемлекеттік сатып алу нәтижесінде үнемделген қаражат төмендегідей мақсаттарға жоспарланғанын атап айтты. Амбулаториялық деңгейде ем алатын туберкулезбен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуге – 25 млн. 134 мың теңге, білім беру нысандарында қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуге – 135 млн. 109 мың теңге, автокөлік жолдары құрылысына — 1 млрд. 100 млн. теңге, үш жаяу жүргіншілер өткелдері құрылысына 245 млн. 465 мың теңге бөлінбекші. Және қаражат кәріз жүйелерін жаңарту, «Жастар демалысы» саябағын салу секілді басқа да әлеуметтік маңызы бар салаларға жоспарланған.
Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиев ағымдағы жылы қала мен оның аумағына қарасты елді мекендердегі барлығы 78 көшеге тас жол құрылысын жүргізу көзделіп отырғанын мәлім етті. Ал, жиын соңында сөз алған Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаев қаражат қаралғанда ең алдымен маңызды деген саларларға басымдық берілгендігін атап айтты.Шаһар басшысының айтуынша, жауын жауса су толатын қаламыздың 11 учаскесіне кәріз жүйелеріне арналған насосты станция орнатылмақ. Қар суы еріп, жауын түскенде автоматты түрде жұмыс жасайтын жүйеге көшу жұмысы бастау алуда.
Мәлике Қуанышева.