Atr.kz/11 желтоқсан, 2019 жыл. Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концерті үлкен аншлагпен өтті.
Barсlays center аренасы қазақ әншісін сүйіп тыңдайтын жұртшылыққа лық толы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Жиналған жұртшылық әншінің әр нөмірін зор сүйіспеншілікпен қарсы алды. Димаштың әрбір әні толыққанды шоуға айналды. Оның репертуарында түрлі тілдегі әндер болғанымен, тыңдарманды қазақ тілінде шырқалған композициялар тебірентіп, Димашпен бірге қоса орындады. Жанкүйерлердің басым бөлігі Д. Құдайбергеннің әндерін жатқа біледі. Олар қазақ тіліндегі ән мәтінін түсіну үшін өз тілдеріне аударып тіпті, қазақ тілін үйреніп те жүр.
Димаш «Дайдидау» әнін орындаған сәтте көрермен орындарынан тұрып, бірге шырқады. Көздеріне жас алғандардың да қатары мол болды. «Кішкентай кезінен «Дайдидау» әнін бүкіл әлем өзімен бірге айтқанын армандаған Димаштың арманы орындалды. Нью-Йорктің Barсlays center аренасына әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған адамдар қазақ әнін бірге шырқады», — делінген ақпаратта.
Сондай-ақ жас талант әрбір әнін орындаған сайын: «Менің отаным – Қазақстан!», — дей келе, жиналған жұртшылықты елімізге келуге шақырды. Димаш пен музыканттар орындаған «Адай» күйі де жанкүйерлерді тәнті етті.
Ал, концерт соңында «Елім менің» әні орындалды. Алып экраннан Қазақстан Туы желбіреп, қазақ жерінің көз тартарлық тұмса табиғаты Нью-Йорктің Barсlays center аренасына жиналғандарды тамсантты. Жалпы Д. Құдайберген орындаған бұл ән қазақ даласының, қазақ жерінің нағыз әнұранына айналды десек те болады. Еске салайық, Д.Құдайбергеннің 10 желтоқсанда Нью-Йоркте өткен жеке концертіне әлемнің 51 елінен жанкүйерлер жиналды.
Олар әншіні Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайдан Қазақстанның Туымен қарсы алған болатын. Грэмми сыйлығының иегері, перулік атақты әнші Ева Айлан Димаш Құдайбергенді көру үшін өз концертін кейінге шегеріп, Нью-Йоркке ұшып келді. Концерт Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері аясында және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.