42500 теңгелік төлем жалғасын таба ма?
Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленіп жатқан 42 500 теңге біраз отбасының жыртығына жамау болғаны анық.
Ол, әсіресе, шиеттей баламен үй жалдап жүргендер мен жұмысынан уақытша шеттетілгендерге, тіпті біржола жұмыссыз қалғандарға кәдімгідей кіріс болды. Мамыр айының басындағы мәліметке сүйенсек, еліміздегі 4 млн. 300 мыңға жуық адамның осы төлемге қолы жетті. Сонымен бірге, түрлі жағдайға байланысты 3 млн. 700 мыңдай өтінімге бас тартылды. Бұған қоса 164 мың кісі өз еріктерімен осы төлемді қайтарып берді.
Біздің облысқа келетін болсақ, 1 мамырдағы мәлімет бойынша, 141 901 адамнан өтінім қабылданып, 135 832сіне төленген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариеваның айтуынша, оның 122 402-сі – төтенше жағдай мезгілінің бірінші айына, ал 13 430-ы екінші айына алып отыр. Түрлі себепке байланысты 1 157 адамға бас тартылған.
Аталған төлемді бір рет алып, екіншісі қашан жүзеге асар екен деп, күтіп отырған жандар да аз емес. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі өкілдерінің сөзінше, бірінші және екінші төлемнің арасы бір ай мерзімді құрайды.
Бүгінде аталған төлемді екінші рет алып отырғандар да бар. Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетсек, егер атыраулық жұмыссыз азамат алғашқы төлемін сәуір айының 11інде алған болса, онда оған екінші төлем мамыр айының алғашқы онкүндігі ішінде түсуі ықтимал. Бірақ, ол үшін екінші рет бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ — ЕСП) төлеудің қажеті жоқ, әлеуметтік төлем екінші рет автоматты түрде түседі.
Лиза СЕЙТІМОВА