Облыстық театрға «академиялық» мәртебе салтанатты түрде табысталды (ФОТО)
Жақында ғана еліміздің Үкіметінің қаулысымен 80 жылдық тарихы бар Махамбет атындағы қазақ драма театрына «академиялық» мәртебе берілгені белгілі. Осы жоғары дәрежелі мәртебені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Атырау облысына сапары барысында осы өңірдегі мәдениет және спорт саласы қызметкерлерімен кездесуі кезінде салтанатты түрде табыс етті.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен салтанатты шара барысында алғаш болып сөз алған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өңірде мәдениет және спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Атырау облысы мәдениет, өнер және спорт саласында алдыңғы қатарда келе жатқан облыстардың бірі екендігіне тоқталып, сахна төріне Алаштың абызы атанған КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімовті шақырды.
– «Академиялық» мәртебесі өз саласында жетекші болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық мәдениеті мен өнерін қалыптастыруға, дамытуға және насихаттауға елеулі үлес қосқан мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға беріледі. Бұл мәртебе – ең жоғарғы марапат болып табылады, – деген министр «Облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына «Академиялық» мәртебе беру туралы Премьер-Министрдің арнайы қаулысын оқып берді.
Жаңа мәртебені беру туралы ресми құжатты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен театр басшысы Берек Джаменовке министр Арыстанбек Мұхамедиұлы және Асанәлі Әшімов салтанатты түрде ұсынды.
– Осы зор мәртебені қабылдай отырып, жоғары дәрежелі атаққа лайық болуға ант етеміз, – деді театрдың директоры Берік Келекешұлы.
– Енді Махамбет атындағы қазақ драма театрының дәрежесі Мұхтар Әуезов атындағы театрмен теңдесті. Бұл қуанышты кеше ғана арамыздан өткен жазушы Рақымжан көрсе, жүрегі жарылып қуанар еді, – деді Халық әртісі Асанәлі Әшімов өз кезегінде.
Республиканың батыс өлкесінен тұңғыш академиялық атаққа ие болған театр ұжымын аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы да құттықтап, табыс тіледі.
Айта кетейік, театр 1938 жылы 5 наурызда Халық Комиссариатының шешімі негізінде құрылған. Театрдың алғашқы қарлығаштары Гурьев қаласының «Нефтяник» клубының театр студиясы шәкірттерімен қатар Қызылжардың (Петропавловск) таратылған облыстық қазақ драма театрының әртістері болған. Олардың қатарында Қуат Төлеков, Шашты Жұмабекова, Айтжан Есенбаев, Оңай Жақсыбаев, Құрманғали Доғалақов, Әбіл Қизатов, Мария Тұралиева, Балым Есенбаева, Қайыржан Имашев, Меңдеш Есенбаевтар болды. М. Әуезовтің «Түнгі сарын» қойылымынан басталған тарих Ғ. Мүсіреповтың «Амангелді», М. Әуезовтің «Айман-Шолпан», Мольердің «Сканеннің айласы», Н. Гогольдің «Ревизоры», К. Гольдони «Екі мырзаға бір қызметші» қойылымдарымен жалғасып, шығармашылық жолы өрбіді.
Қоғамдық құрылым өзгеріп, жаңа өмірге біртіндеп бейімделе бастаған бұқараны тәрбиелеуде өнердің рөлі үлкен болды. ХХ ғасырдың ширек жартысында Батыс Қазақстан облысында жалғыз, әрі ортақ өнер ордасы болған театрдың тарихы терең. Алдымыздағы жылы 80 жылдық мерейтойын өткізгелі отырған аталмыш театрдың өзіне тән өнегелі де өрісті өткені, өнегелі жолдары бар. Алғаш рет шымылдығын Мұхтар Әуезовтың «Түнгі сарын» қойылымымен ашылып, содан бері ұлттық және шетелдік драматургияны қоса санағанда күні бүгінге дейін 500-ге тарта спектакль көрермен көзайымына ұсынылыпты.
2017 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын- драматург Иран-Ғайыптың (Иранбек Әбітайұлы Оразбаев) «Мәңгілік елдің алтын адамы» республикалық театрлар фестивалінде «Көрермен көз айымы» номинациясымен марапатталған.
Салтанатты шара соңы Атырау облысы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев