ГАЗЕТ ЖАНАШЫРЛАРЫНА – ҚҰРМЕТ

Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің редакциясында 2015 жылдың баспасөзіне жазылу науқанында белсенділік танытқан қоғамдық таратушылармен кездесу өтті.

 

Кездесуде «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Төлеген Берішбай үстіміздегі жылдың баспасөзіне жазылу науқаны кезінде белсенді қызметтерімен көрінген қоғамдық таратушылар мен осы жұмысты ұйымдастырушыларға алғыс сезімін білдірді.

– Өткен жылы баспасөзге жазылу науқаны кезінде сіздер бізге көп көмек көрсеткендеріңіз үшін ризамыз. Соның нәтижесінде облыстық және аудандық газеттердің таралымы едәуір өсті. Баспасөзге жазылу науқанының қорытындысы бойынша облыс әкімдігінде өткен жиналыста сіздердің еңбектеріңіз жоғары бағаланды, – деді ол.

Баспасөзге жазылуды ұйымдастыруда белсенділік танытқан Еңбекші, Мақаш, Бірлік, Сүйіндік ауылдық округтерінің әкімдері Қанат Ғаббасовқа, Кәрім Төкеновке, Бауыржан Ақпановқа, Серік Сисатовқа, аудандық өкпе аурулары ауруханасының бас дәрігері Амантай Арыстанәлиевке, Ганюшкин обаға қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Тілепберген Хамзинге, жеке кәсіпкер Темірболат Зинетуллинге Алғыс хаттар табыс етілді.

Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасов, аудандық өкпе аурулары ауруханасы бас дәрігері Амантай Арыстанәлиев және басқалар көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдірді.

Аудандық газет редакциясы ұжымы Ұлыстың Ұлы күніне арнап әзірлеген наурыз көжеден қонақтарға дәм татқызды.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз