Жарнама
Жаңалықтар

2027 жылдың соңына дейін тағы 1 миллиардтан астам көшет отырғызылады

Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралған Үкімет отырысында атап айтылды. Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және бірқатар облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, — деп хабарлайды Премьер-Министрдің ресми ақпараттық ресурсы.

2021 жылдан бері елімізде шамамен 970 миллион көшет отырғызылып, орманды алқаптардың көлемі 267 мың гектарға ұлғайды. Бұл Мемлекет басшысы қойған 2 миллиард ағаш отырғызу міндетін орындау үшін алғашқы маңызды қадам саналады.

Премьер-Министрдің айтуынша, бұл міндет еліміздің орман қорын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді және күрделі жұмыс болмақ.

–Бар күш-жігерімізді табиғатты сақтауға жұмсауымыз керек. Отырғызылған ағаштардың жерсіну деңгейін арттырудың, өртке қарсы күресті күшейтудің және ағаштарды отырғызу кезіндегі көзбояушылықты болдырмау маңызды, — деп атап өтті Премьер-Министр.

2027 жылдың соңына дейін тағы 1 миллиардтан астам көшет отырғызу жоспарлануда. Бұл міндеттің сапалы орындалуы әкімдіктер мен министрліктің нақты үйлестіру жұмысына байланысты болмақ. Осы орайда ғылыми тәсілдерге сүйене отырып, ағаш отырғызу әдістерін жетілдіру тапсырылды. Сонымен қатар, әкімдіктерге «санатта бар, санда жоқ» ағаштар туралы күмәнді ақпараттарды берудің жолын кесіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту ескертілді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін келесі жылдарға арналған көшет материалдарымен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу тапсырылды. Оған қоса, министрлік ағаш отырғызу жұмыстарының сапасын бақылау бойынша агротехникалық шараларды сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.

Ормандарды өрттен және заңсыз кесуден қорғау іс-шаралары да ерекше назарда. Соңғы жылдары орын алған алапат өрттер өртке қарсы жұмыстардың жеткіліксіздігін көрсеткендіктен, қазіргі уақытта орман шаруашылықтарын арнайы өртке қарсы жүйелермен, техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Биыл алғаш рет 52 миллиард теңге бөлініп, орман шаруашылықтарына 2 305 өртке қарсы техника сатып алу жоспарланды.

Қазақстанда экологиялық ахуалды жақсарту және орман қорын сақтау үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button