2-3 пайыздық баспана несиелері қашан беріледі ?
Atr.kz/27 ақпан, 2019 жыл. Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баспана алуға 2-3 пайыздық несиелер жүйесін енгізуді тапсырды. Аталған несиелер табысы төмен көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүгедек балаларды асырап отырған азаматтарға беріледі.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, алдымен республикалық бюджеттен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 миллиард теңге бөлінеді. Банк ол қаражатты басқа ресурстармен бірге жеңілдетілген несиелерді беруге жұмсайды. «Сәуір айында біз қаржыландыруды бастаймыз. Одан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі несиенің жаңа түрін тездетіп әзірлеп, халыққа ұсынуы қажет. Бірақ биылдан бастап 2-3 проценттік несиелер беріледі. Ол — анық нәрсе», — деді Ә.Смайылов журналистерге берген сұхбатында. Айта кетейік, бүгін «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табысы төмен отбасыларға 2-3 процентпен баспана сатыл алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Табысы төмен көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыру қажет. Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд теңге бөлуді тапсырамын»,- деді Н.Назарбаев.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»