19 жылда – 100 млн. бекіре шабағы!
Атырау бекіре шабақтарын өсіретін зауыт биыл 3,5 мил-лион шоқыр шабағын Жайық өзеніне жіберді. «Салмағы 10-15 граммдық бағалы балық тұқымдары табиғи ортаға тез сіңісіп кетеді» дейді мамандар. Жалпы, мұнайлы өңірдегі бекіре шабағын өсірумен айналысатын екі зауыт 19 жылда Жайық-Каспий бассейніне 100 млн. шабақ қосыпты.
Аталған зауытқа қарасты он тоғанда өсірілген 3,5 млн. шоқыр шабағы алдымен, облыстағы балық шаруашылығына қатысты құзырлы органдар өкілдерінен құралған комиссияның сүзгісінен өтті.
– Норматив бойынша шабақтар 2,5-3 грамм шамасында жіберілуі тиіс. Бірақ, олардың салмағы нормативтен бірнеше есе артық, яғни, 8-10 грамм, кейбірі тіпті 17-20 граммға да жетіп қалады. Бұл олардың көбеюіне оң әсерін тигізеді, — дейді аталмыш комиссия мүшесі, ихтиолог Бостан Сүлейменов.
Шабақтар аса нәзік келеді. Адами фактор өз алдына, олар табиғи орта мен климаттың өзгеруіне де төзе алмайды. Сондықтан, инкубациялық бағымда тұрған шабаққа айрықша күтім керек.
– Күн ыстық болса да, тоғандарға су жіберу үзілген жоқ. Оның температурасын бақылап, 25-26 градустан асырған жоқпыз, — дейді Атырау бекіре өсіру зауытының директоры Рашиден Халидуллин бізбен әңгімесінде.
Бүгінде осындай зауыттарға ортақ бір мәселе бар. Бұл – жыл санап балықтардың генетикалық қорының азаюы. Себебі, Жайық-Каспий бассейнінен ірі бекіре тұқымдастарын табу өте қиын. Зауыттар өздері-не бөлінген лимитті өнідірістік коопертивтермен бөліседі. Ал, кооперативтер биыл зауытқа 150 ірі бекіре балығын тапсырыпты. Оның 15-і шоқыр, біреуі қорытпа, қалғаны бекіре балықтары. Осы орайда өндірістік кооператив жетекшісі Гүлфара Смағұлова жыл сайын зауытпен келісім-шартқа отырып, көмек беретінін айтады.
Бүгінде Атырауда бағалы байлықтың бес түрі өсіріледі. Мамандар оның генетикалық қорын сақтауға жұмыстанып жатыр. Жылына 7 млн. шабақ шығаратын екі зауыт мемлекет қолдауымен толыққанды жұмыс істеп тұр.
Арыстанбек КЕНЖЕ