Жарнама
ЖаңалықтарҚоғамҚұқық

15 жыл түрмеде отырып шыққан жігіт өзін қоғамның мүшесі ретінде сезінуден қалған

Аяғын шалыс басқан адам туралы аталарымыздың «сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейтіні бар. Расында да, тірі пенденің алдында не тұрғанын оның өзі де, өзге де білмейді. Сол айтқандай, жоғары оқу орнының студенті болып жүрген жерінен Ақылбек те жасаған қылмысы үшін бақандай он бес жылға сотталып кете барады. Тірі адамға санаулы уақыт та өте шығады. Белгіленген мерзімі аяқталып, өткен жылдың қазанында ол туған Атырауына оралады.

1435061006abyzh_1000x768

– Қолыммен істегенімді мойныммен көтеріп, тағайындалған жазаны өтедім. Тар қапасқа кетерде өрімдей жігіт болсам, қазір пысыған, тағдыр қиындығын бір кісідей тартқан, ақыл тоқтатқан адам боп оралдым. Мен секілді жан Атырауда аз емес. Ондап, жүздеп саналады. Солардың бәрінің ортақ проблемасы – жұмыссыздық. Менің қолымда «дәнекерлеуші» деген «қатты қағазым» бар. Жұмыс сұрап, ашпаған есігім, аттамаған табалдырығым қалмады. Бірақ, әзірге бәрі бос жүріс боп тұр. Шыны керек, бәрі бізге қоғамға жат, пайдасы жоқ, екінші-үшінші сұрыпты адам ретінде қарайды. Мұндай жерде өзіңді жігіт ретінде сезінбек түгіл, еркек екеніңе де күмәнмен қарайды екенсің. Не істейміз енді? Қайда барамыз? Кімнен көмек болады? Осылайша бәрінен қағажу көре берсек, тағы да күнелтіс үшін ұрлық-қарлық жасап, келген жерімізге кері кетпеске кім кепіл?! – дейді бізбен арадағы әңгімеде Ақылбек Тұржанов.

Біз осы мәселемен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балдай Өтеғалиевамен тілдестік. Ол хат авторын жақсы білетінін, оның дәнекерлеуші мамандығы барын растады. Бірақ, жұмыссыздарды есепке алу мен жұмысқа орналасу үшін жолдама беретін Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығы екенін еске салды. Ақылбектің сонда барып, есепке тұру керектігін, өз мамандығы бойынша орналасуға мүмкіндік бар екенін айтты.

«Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» демекші, тұрақты жұмысқа орналасу жөнінде сенімі сейіле бастаған жігіт «Қоғамнан өз орнымызды табу үшін не істеуіміз керек?» дейді бізге сұраулы жүзбен. Бізде жауап жоқ. Өйткені, темір тордың аржағынан жаңа шыққан Ақылбек түгіл, қолында күректей дипломы бар мамандар жұмыссыз сабылып жүр. Соған қарағанда, жаза басып, көп арасына жаңа қосылған жандардың жұмыссыз жүруіне таңқалмауымыз керек. Бұл тығырықтан шығудың қандай амалы, нендей жолы бар, ағайын, қайсың білесің?..

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button