Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

15 наурыз – «Жайлау күні» деп бекітілді

Табиғаттың өзі тамаша күйге енетін, адамдарға жайдарлы көңіл күй сыйлайтын Наурыз мерекесінің өзіндік ерекшелігі бар. Ұлыстың ұлы күнінде ел-жұрт бірімен-бірі емін-еркін әңгіме құрып, үлкендер қауқылдасып жататын. Осынау айтулы күндерді айрықша атап өту мақсатында биыл 15 наурыз «Жайлау күні» деп бекітілген еді. Оған қатысты тұрғындардың пікірі қандай?

  • – Көктемнің шуақты күндерінде ауылдан ұзап, сыныптастар, ұстаздармен бірге қырдың қызғалдағын теруге шығатынымыз есімізде. Автобустың жанына үйден әкелген тәттілер мен сусындарымызды қойып, күннің астында мәре-сәре болатынбыз. Асыр салып ойнап, балалықтың қызығына тоймайтынбыз. Ал, ұстаздарымыз бізді ерекше қамқорлап, көңілімізді көтеретін. Автобусқа мінерде қызғалдақ теріп, анамыз бен қарындастарымызға апаруға асығатынбыз. Мұның өзі ұстаздарымыздың біздің табиғатқа жақын болуымызды қалағандығынан туындаған ой болса керек. Келешек жастардың қоршаған ортаға деген жанашырлығын қалыптастыру бала кезден осылайша бастау алатын, — дейді Доссор ауылының тұрғыны Қуандық Ахметов.

Белгілі жазушы, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің айтуынша, «Жайлау күнінің» аталып өтуі өте дұрыс бастама.

  • – Бұрын сәуір айында ел-жұрт жаппай сенбілікке шығатын. Әркім өзінің ауласын, айналасын жинастырып, тазалайтын. Осы уақытта төрт түлік те төлдеп, ауыл у-шу болып жатушы еді. Ал, ел үшін тал егу аса қажет іс деп білемін. Ол өзі символикалық дүние. Жастарды жасыл желек өсіруге үндеу, соған бағыттау құптарлық шаруа. Ұрпақтың ертеңін бүгіннен қамдауымыз керек. Оларды тазалыққа, өз елінің келешегі үшін қоршаған ортаны таза ұстап, жаңарып жайнауына, абаттануына тәрбиелеуіміз керек. Қоршаған орта, өзен, құдығын таза ұстамайтын, оған жаны ашымайтын ұлттың келешегі болмайды.

Қазіргі кезде кейбір адамдардың санасында «өз үйім аман болса болды», «Жайыққа жаным ауырмайды» дегендей теріс пікір қалыптасқан. Сондықтан, тұтас айналаның тазалығын көзден таса етпеу керек. Бұған мекемелер мен ұйымдар да атсалысулары ләзім. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген сөз осындайда басты қағидаға айналса деймін. Жергілікті әкімшіліктер де көшені тазалауға әр мекемені жұмылдырса, ортақ іске бастамашылық танытса, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді өлкетанушы.

« Д ү н и е ж ү з і қ а з а қ т а р ы қауымдастығы» Атырау облысы филиалы К өкарна , Т а с қ а л а жағындағы өзге елдерден көшіп келген қандастардың басын қосып, «Үлгілі алма», «Үлгілі көше», «Үлгілі жас отау», «Көшенің үлгілі ақсақалы» аталымдарын ауылдық округ әкімдігімен келісе отырып, көтермелеп марапаттау шарасын ұйымдастырған.

  • «Осындай игі шаралар жалғасын тауып жатса, қане. Семей полигонымен қатар, Тайсойған, Азғыр әскери полигондарының зиянынан сақтандыру туралы мәселе де қалыс қалмауы керек. Бейбіт өмірдің қадірін тәуелсіз елдің ұландары түйсінулері қажет» деді Өтепберген Әлімгереев.

Тарихшы-өлкетанушы Аманғали Әміржанұлының пікірінше, бабалардан келе жатқан игі дәстүрлердің жалғасын табуы құптарлық.

  • – Бүгінгі ұрпақты ізгілікке шақырып, олардың саналарына жақсылықты сіңірген дұрыс. Жылды төрт тоқсанға саралаған қазақ атамыз олардың әр кезеңіне лайықты мерекелер белгілеп, оның ішінде жан жадыратар жасыл жайлауға ерекше маңыз бергені орындыақ. Сондықтан да, «Жайлау күні» мерекесі баршамызға құт-берекесін, м а м ы р а ж а й м е й р а м ы н с ы й л а й бергей. Биылғы жылы жыл басы – Наурызымызды осылайша мерекелер айына айналдыру ісіне шынайы ризашылық білдіреміз және алдағы уақытта үлкен деңгейде тойлана беруіне толайым тілек арнаймыз. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді өлке тарихының білгірі.

Елімізде бастау алғалы жатқан іс-шара аясында облыстың түкпіртүкпірінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, табиғатқа жанашырлық көрсетілетін болады. Айталық, Махамбет ауданында қазақ халқының жайлаудағы өмірінен бейнесюжет дайындау көзделіп отыр. Мақат, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарында жалпы сенбілік және бүкілхалықтық терек отырғызу акциясы өтеді. Атырау қаласындағы саябақтарда да талдар егіліп, «Құлагер» шаруа қожалығында «Жайлау – елдің еншісі бөліспеген» әдеби-сазды кеші ұйымдастырылады. Жылыой ауданында дәстүрлі тазалық күнімен қатар, «Үздік мектеп ауласы», «Үздік ұйым ауласы» байқауларын өткізу жоспарлануда.

Исатай, Индер аудандарында ауыл шаруашылығы көріністері, мерекелік жәрмеңкелер өтеді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасын орындау мақсатында өңірдегі ірі мұнай компанияларына экологияны жақсарту мәселесін ерекше тапсырған болатын. Алдағы уақытта облыс көлемінде ауқымды шаралардың жүзеге асырылатыны белгілі болып отыр. Осы бастаманың ізінен экологиялық мәдениет қалыптасып, аумақты абаттандыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру деңгейі артатын болса, бұл істің мақсаты орындалғаны.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button