Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

1249 ауылды сапалы интернет күтіп тұр

2021 жылға дейін 1500-ге жуық ауыл сапалы, жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету жоспары туралы баяндамасында мәлім етті.

ауылдагы-интернет-350x233

– 2021 жылға дейін министрлік 1249 ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлауда. Қамту аумағында 2,5 миллион халық тұрады. Сонымен бірге, LTE-800 технологиясы бойынша 800 мың халық тұратын 2,5 мың ауылдық елді мекен қамтылады, – деді министр Үкімет отырысында.

Дәурен Абаевтың айтуына қарағанда, алыстағы ауылдарды спутник жүйесі арқылы интернетпен қамту көзделген.

– Жалпы, белгілі бір дәрежеде елді мекендердің барлығы интернетпен қамтылған. Әлбетте, бұл жерде интернеттің сапасы туралы айтып отырмыз. Кейбір қалаларда интернет қызметі тым жедел. Әлемдік стандарттарға сай. Бірақ, шалғай ауылдарда интернет өте әлсіз, – деп түсіндірді министр.

Министр алыс ауылдарда интернет қызметін қосуға жеке компаниялар аса қызығушылық танытпайтындығын атап өтті.

– Сондықтан, мемлекет Президенттің жүктеген міндеті бойынша осы тапсырманы қолға алады. Ауылдар жылдам әрі сапалы интернетті күтіп отырғанын түсінеміз. Әсіресе, электронды коммерция арқылы өз өнімін ешқандай делдалсыз сату үшін интернетті фермерлер күтіп отыр. Заманауи онлайн-курстардан өту үшін мұғалімдер де күтуде. Кеңес арқылы операция жүргізу үшін денсаулық сақтау саласының мамандарына да интернет аса қажет. Осы жылдың өзінде Алматы мен Астана қалаларындағы әріптестерімен кеңес арқылы қашықтағы аудан орталықтарында ота жүргізгендер бар, – дейді министр бұл тұрғыда.

 

Шаһсұлтан БАҺАДҮР

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button