11 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ – ЖАҢА ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІ
Аtr.kz/15 мамыр, 2019 жыл.Темір жолдың бойында орналасқан елді мекендерді электр энергиясымен қамтитын «Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы» (ЭЧ-4) мекемесіне қарасты тозығы жеткен қуат тасымалдаушы желілерді ауыстыру – кезек күттірмейтін, өзекті мәселелердің бірінен саналады.
Осы мақсатта биыл облыс аумағындағы 11 елді мекенде қуаттылығы жоғары жаңа электр желісінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұлардың қатарына Атырау қаласындағы Баймұханов, Берғалиев, Достық, Контейнерный, Биғалиев, С.Датов көшелері мен Коттеджный, СМП-163 мөлтекаудандары, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы, Қызылқоға өңірінен – Жамансор, Жантерек, Мұқыр, Кенбай, Исатайдан – Аққыстау, Томан, Құрманғазыдан – Ақкөл ауылдары, Мақат ауданынан – Мақат пен Доссор поселкелері енгізілген.
Осылардың ішінен, күні бүгінге Құлсары қаласы мен Жамансор елді мекеніне жүргізілетін жаңа электр желілерінің құрылысына қатысты жобалау –сметалық құжаттамалары дайын тұр. Жоспарланған жұмыстар қаржыландыру мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Қазыналы аймақтың энергетика саласында көптен бері шешімін таппай келе жатқан басты проблеманың бірі – Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріндегі ауылдарды электр қуатымен қамтамасыз етудің қиындығы. Қазіргі уақытқа дейін энергияны Ресей Федерациясының Астрахан облысынан 110 кВ әуе желісімен алып келгендіктен, оның құны жергілікті тұрғындар үшін қымбатқа түсетіндігі де түсінікті. Қалыптасқан қиындықтан шығып, көршілерге тәуелділіктен құтқару үшін аудан орталығы Құрманғазы ауылынан кернеулілігі 110 кВ-тық, жалпы ұзындығы 205 шақырымды құрайтын «Ганюшкино-Асан» әуе желісін жүргізу жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, Махамбет ауданының орталығындағы Самал, Жасыл белдеу, Наркескен мөлтекаударын, сондай-ақ, Исатай ауданының Х.Ерғалиев, Жанбай, Тұщықұдық, Зинеден ауылдарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жергіілікті бюджеттен тиісінше қаражат бөлініп, көп кешіктірмей құрылыс жұмыстарын бастау көзделген.
Дәулет ЫҚЫЛАС