Атыраулық ғалым ерекше сусын ойлап тапты!
Шұбат пен қызылшадан жасалған «Софмайя» деген сусын бар.
Х.Досмұхамедов Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы София Сағындықованың есімі тек Қазақстанда ғана емес, шет жұрттың ғылыми ортасына да жақсы таныс. Ол – алдымен қазақтың ұлттық сусынының бірі – шұбаттың құнарын қызылша шырынымен, кейін дала өсімдігі – құмаршықпен байыту жөніндегі ғылыми жаңалық ашқан микробиолог ғалым.
София Зұлқарнайқызының айтуынша, мектепті бітірген соң Хадиша апайы әр тақырыпты қызықты етіп өткізетін биологияға аңсары ауған. Гурьев педагогика институтының биология факультетін үздік бітірісімен оқытушылыққа қалдырылып, ғылымға түпкілікті бет бұрыпты. Арада 3-4 жыл өткеннен кейін сол кездегі КазГУ-дің аспирантурасына қабылданған.
«Кездейсоқ кездескен Дина Абултаева апайым қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы микробиолог Майя Шығаевамен таныстырған еді. Міне, сол академик ғалым микробиология саласындағы ғылыми сүрлеуімнің тұсауын кесіп берді. Ғылыми жобаларымның арасынан отандық ғылым үшін шұбаттың құнарлылығын қызылша шырынымен байыту жөніндегі жобаны қолға алдым. Бұл жобаның маңызы айырықша деуге болады. Себебі, шұбатты өздігінен ашытқанда, оның құрамында ауадан, түйе желінінен, ыдыстан түсетін түрлі микроорганизмдер кездеседі. Сол микроорганизмдерге сүт қоректік орта болып, тез жетіледі. Кей адамдардың шұбат асқазанға жақпады, не ішегімізді қатырды дейді ғой. Мұндай іш қату ішек таяқшаларының әсерінен болады. Демек, шұбат құрамындағы бөгде микроорганизмдер адам ағзасына кері әсер етеді. Шұбаттың тым майлылығы да адамда іш қатуға себепші болады. Ал, мұны болдырмау, яғни шұбатты тосын микроорганизмдерден тазалау үшін Майя апай екеуміз «Софмайя» деп аталатын шұбат пен қызылша шырынын араластырумен ашытылған сусынды дайындап шығардық. Бұл сусынды дайындау үшін шұбатқа қызылша шырынын қосып, ашыттық», -дейді София Сағындықова.
Атыраулық ғалым бұл жобасының нәтижелі әрі, сәтті болуы үшін талай зерттеулер жүргізіп, талай сынамалар алды. Әр өңірде, әсіресе, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау облыстарында өндірілетін шұбат құрамындағы сүт қышқылы бактерияларына зерттеу жүргізілді.
«Зерттеу жүргізу кезінде шұбат ашытуға қолданылатын арнайы белгісі бар сүт қышқылы бактериясы мен ашытқы саңырауқұлағының штамдарын қосып дайындадық. Штам – морфологиялық және биологиялық қасиеттері негізінде бірдей бір түрге жататын микроорганизмдер культурасы. Ұлттық сусын – шұбатты дәл осы тәсілмен ашытудың маңыздылығы сол, адам ағзасына келіп түсетін тағамдарды қорытуға, сонымен бірге, адамның иммунитетін көтеруге септігі орасан мол. Қызылша шырынында темір, флорий қышқылының болуы, қызыл қан түйіншіктері – эритроциттердің пайда болуы жеделдейді, бұлшық еттерге оттегінің тасымалдануын жақсартады. Жалпы, қызылшаның адам ағзасына пайдасы көп. Мәселен, қызылша шырынын ұдайы қолдану нәтижесінде, атеросклероздың бастапқы сатысында есте сақтау қабілеті жақсарады. Қызылша шырынында магнийдің көп мөлшерде болуынан жүйке ауруына, әсіресе, ұйқы бұзылғанда, тосыннан жүйке жүйесіне ауыртпалық түскенде пайдасы көбірек тиеді. Қан тамырларын кеңейтіп, гипертонияға тиімді әсерін беретін табиғи дәрумен ретінде есептеледі», -дейді микробиолог.
София Сағындықованың айтуынша, осы шырынның қатерлі ісік ауруларына қарсы тұру қабілеті жөнінде зерттеулер бар. Бұл осы ауруды емдейді деу емес, қызылша шырынын тамақ рационына жиі қосу арқылы аурудан сақтандырумен қатар, ағзадағы холестерин мен улы заттарды азайтуға әбден болады. Бірақ, қызылша шырынын табиғи күйінде ішу мүмкін емес.
«Өйткені, бұл шырын дәмсіз. Сол себептен, оны шұбатқа қосудың тиімділігіне ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізіп, ғылыми түйін жасадым. Шұбат пен қызылша шырыны бір-бірінің құнарлылығын толықтырып, адам ағзасына сіңімділігі артады. Мақсат – экологиялық таза шұбат сусынын шығару. Шұбатты ұзақ мерзімге сақтаудың жолдары жайында да зерттеулеріміз бар», -дейді ғалым.
Ол «Софмайя» сусыны үшін 2006 жылы ислам елдерінің ғылымы мен білімінің, мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне қолдау білдіретін ISESCO халықаралық ұйымының алтын медалін, оған қоса 5000 АҚШ доллары мөлшеріндегі сыйақысын жеңіп алды. Микробиолог-ғалым ғылымдағы жетістігін мұнымен шектеген жоқ. Сүт қышқылы бактерияларын балықтың турамасында (фарш) қолдануды қолға алды. Енді
«Түйе сүтінен ашытылған сүт сусынын жасау» тақырыбындағы жаңа патентіне ие болды. «Жаңа ғылыми жобада түйе сүтіне құмаршық дәнін қосу арқылы құнарлы, шипалы сусын ұсынғымыз келеді. Былтыр осы мақсатта Нарын құмына барып, құмаршықтың дәнін жинап, зертханада өсіріп көрдік. Құмаршық – киелі өсімдік ғой. Оның тамыры тереңге кететіндіктен, зертханада белгілі бір деңгейге дейін өсіп, тоқтап қалады екен», -дейді София Сағындықова.
Ғалымның бір арманы бар. Бұл – еліміздің ғылыми жетістіктерінің қатарынан орын алған авторлық сусындарын ұнтақ немесе таблетка түрінде шығару. Бұл өнімнің сақтау мерзімі ұзарып, тиімділігі арта түсуіне ықпал етеді екен.
Өте құнды сусын екен. Сусынды халық пайдалану үшін дүкен сөре леріне шығару керек
Керемет !