«Аңсаған сəби» бағдарламасы кімдерге арналған?

210419180256443a3778191i Жаңалықтар

«ЕРТЕ-ЕРТЕ, ЕРТЕДЕ…» ДЕП БАСТАЛАТЫН ЕРТЕГІЛЕРДЕ ШАҚАЛАҚҚА ЗАР БОЛҒАНДАР ТУРАЛЫ ЖИІ АЙТЫЛАТЫН. СОСЫН «ТОҒЫЗ АЙ, ТОҒЫЗ КҮН ДЕГЕНДЕ ШЕКЕСІ ТОРСЫҚТАЙ ҰЛ ТУЫПТЫ. ОЛ АЙ САНАП ЕМЕС, КҮН САНАП ӨСТІ» ДЕГЕН СИПАТТАҒЫ ҚИЯЛ-ҒАЖАЙЫП СӘТТЕРДІ ДЕ ОҚЫП ӨСТІК. АЛАЙДА, ӨМІР ЕРТЕГІДЕГІДЕЙ ЕМЕС. СӘБИ СҮЮГЕ ЗАР БОЛҒАНДАРДЫҢ ҚАНДАЙ ҚАДАМДАРҒА БАРЫП, АУЫР СЫНАҚТАН ӨТЕТІНІН БАСЫНА ТҮСКЕН АДАМ ҒАНА БІЛЕДІ.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ТІКЕЛЕЙ ТАПСЫРМАСЫМЕН ӘЛЕУМЕТТІК БАҒЫТТА СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН «АҢСАҒАН СӘБИ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ. ӨМІРДІҢ МӘНІ – ҰРПАҚ СҮЮ БАҚЫТЫН СЫЙЛАЙТЫН СОНЫ ЖОБА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР? ЖЫЛ САЙЫН 7 МЫҢ ОТБАСЫНА ҮМІТ БЕРЕР БАСТАМА ҚАШАНҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ? САРАПТАП КӨРЕЛІК…

Contents
  1. 7000 бақыт!
  2. Бағдарлама кімдерге арналған?
  3. Жолдама алу жолдары қандай?..
  4. «Бедеулік көбейіп барады…»
  5. – Баян Сұлтаниязқызы, сіздерге жүгінгендерге толыққанды қызмет көрсетіле ме?
  6. – «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынғанға дейін де клиника ЭКҰ-ды жүзеге асырды ма?
  7. – Ендеше, клиниканың құрылу тарихын айтып өтсеңіз…
  8. – Ал, 2021 жылы бұл қызметке бөлінген квота саны қанша?
  9. – Демек жүктілік көрсеткіші тағы да өседі деген сөз бе бұл?
  10. – Ал, биылғы көрсеткіш қандай?
  11. – Атырау облысы бойынша «Аңсаған сәби» жобасы бойынша алғашқы сәби қашан дүниеге келді?
  12. – Клиниканың басты қаруы – мамандары екені сөзсіз. Олай болса, Атырауда білікті мамандармен қамту көрсеткіші ойдағыдай ма?
  13. – Бұл салада келе жатқаныңызға бірнеше жыл болған маман ретінде өзіңіз жүргізген жүктіліктерге қатысты айрықша пациенттер туралы мәліметтер бере аласыз ба?
  14. – Тәжірибелі маман ретінде бедеуліктің неге көбейіп және неліктен жасарып бара жатқанын түсіндіріп бере аласыз ба?
  15. «Бақыттымын!..»
  16. ТҮЙІН
  17. Гүлжан ƏМІРОВА

7000 бақыт!

Сəбиге зар болған отбасыларды қолдау мақсатындағы бағдарлама Президент тапсырмасына сай былтырдан бері қолға алынды. Жоба аясында жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін көбейтілді. Ал, көзіқарақты жан мұндай əдістің елімізде 1995 жылдан бері қолданылатынын жақсы біледі. Сол жылғы 18 сəуірде негізі қаланған елдегі алғашқы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) зертханасында 1996 жылдың 31 шілдесінде осынау əдіспен тұңғыш сəби дүниеге келді. Тыңнан түрен салып, «пробиркада» бала өсіру жобасының авторы əрі жетекшісі – елдегі алғашқы клиникалық эмбриолог Салтанат Байқошқарова.

Қазір бұл сала дамып, сəби аңсаған отбасыларға бақыт сыйлау үшін заманға сай репродуктивті технологиялар, жаңа əдіс-тəсілдер пайдаланылып келеді. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде мамандардың көмегімен 22 мыңан астам бала дүниеге келіпті. Əлем бойынша ерлі-зайыптылардың 20 пайызға жуығының сəбилі болу мүмкіндігі жоқ екен. Сүреңсіз статистика осылай дейді.

Ал, Қазақстанда сəби сүйе алмағандықтан, əрбір алтыншы жанұя ажырасып тынады. Əрине, ЭКҰ процедурасы арзан емес. Оның үстіне əп дегеннен-ақ сəтті шықпай, үміт үзгендер де бар. Сондықтан, «Аңсаған сəбидің» берері мол. Барлық шығын мемлекет есебінен төленеді. Бұрын бөлінетін квота саны 1000 шамасында болса, енді ата-ана болу бақыты 7 еселенді. Былтырғы жылдың соңында бағдарлама бойынша өмірге келген бөбектер туралы сүйінші хабар – жақсылықтың басы ғана. Өйткені, «Аңсаған сəби» 2025 жылға дейін жалғаса бермек. Бұл қызмет құнын кез-келген жанның қалтасы көтермейді. Мысалы, жасанды ұрықтандыру қызметінің орташа құны 1 миллион теңгенің шамасында бағаланады.

Қазір Қазақстандағы 27 ЭКҰ орталығының 19-ы міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қызмет көрсетеді. Республика Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратта: «Арнайы қабылданған «Аңсаған сəби» бағдарламасы аясында 2021 жылы экстракорпоралды ұрықтандыруға 7 мың квота бөлінді. МƏМС шеңберінде сатып алу жоспары бойынша ЭКҰ циклдерінің жалпы сомасы – 6 млрд. 277 млн. 381 мың теңге» делінген.

Бағдарлама кімдерге арналған?

«Аңсаған сəби» бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Денсаулық сақтау Министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елде мұндай диагнозы бар 14 мыңнан астам əйел мен белсіздік диагнозымен 100-ден аса еркек есепте екен. Айта кету керек, ерлі-зайыптылар да, жеке адамдар да бағдарламаға қатыса алады. Басты талап – 18-ден 49 жасқа дейінгі Қазақстанның азаматы болуы тиіс жəне денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сəйкес келуі керек. Бірақ, бұл «квота берілді» деген сөз емес. Мамандар үміткерді медициналық тексеруден өткізгеннен кейін ЭКҰ-ға жолдаманы жоққа шығаруы да мүмкін. Оған бірнеше медициналық көрсеткіштер себеп болады.

Жолдама алу жолдары қандай?..

Ең алдымен үміткер тіркелген жері бойынша емханаға барып, бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосылуы қажет. Сосын тексеруден өтіп, маманның қорытындысымен пациенттің құжаттары жергілікті комиссияға жіберіледі. Оң шешімі шыққан соң, арнайы порталға тіркеп, дайындық басталады. Бағдарлама қатынасушысы клиниканы өзі таңдайды. Былтыр бөлінген квотаның көп бөлігі игеріліп, министрліктің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің мəліметіне сəйкес, 6 мыңнан астам əйелге ЭКҰ жасалған. Айта кетейік, Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасы 2010 жылдан бері кеңінен қолданысқа енді. Бұл қызмет медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылған. Бірақ квотаның саны, жоғарыда атағанымыздай, тым аз еді…

«Бедеулік көбейіп барады…»

  • Атырау облысы бойынша мұны жүзеге асыратын «Экомед Атырау» клиникасы. Білуімізше, облыс орталығындағы мекеме жалпы батыс өңірінен келген пациенттерді де қабылдайды. Оқырманға жан-жақты мағлұмат беру мақсатында клиниканың бас дәрігері, репродуктолог, І санатты акушер-гинеколог Баян Дүйсеновамен арнайы сұхбат құрған едік.

– Баян Сұлтаниязқызы, сіздерге жүгінгендерге толыққанды қызмет көрсетіле ме?

– Иə. Яғни, стимуляция, пункциядан бастап, жатыр ішіне эмбрионды салуды да іске асырамыз. Өз зертханамыз болғандықтан, қажетті талдамалар алып, патологиялық ауру белгілері болса, ем-шаралар да жүргіземіз.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынғанға дейін де клиника ЭКҰ-ды жүзеге асырды ма?

– Əлбетте. Алғашқыда қызмет ақылы болды. Ал, 2020 жылы квота берілді. Бірақ, ол кезде ел бойынша бөлінетін квота саны 1000-ға жуық болғандықтан, бізге де аз бөлінгені түсінікті.

– Ендеше, клиниканың құрылу тарихын айтып өтсеңіз…

– «Экомед Атырау» клиникасы 2016 жылы құрылды. Содан бері ЭКҰ-мен айналысады. Алайда, бастапқыда дəрігерлік кеңес беріп, сынама-талдауларды ғана дайындап, одан ары қарай жұмыстарды жүзеге асыру үшін пациенттерді Нұр-Сұлтан жəне Алматы қалаларына жолдайтын едік. Ал, 2018 жылдан бастап, ЭКҰ процесін толық жүргізу мүмкіндігіне ие болдық.

– Ал, 2021 жылы бұл қызметке бөлінген квота саны қанша?

– Былтыр 135 квота бөлініп, толық игерілді. Нақты көрсеткішті айтар болсам, 44,4 пайыз жүктілік тіркелді. Бір мəліметті түсіндіре кетейін, ананың саулығына байланысты кейбір жағдайларға орай, бірнеше жүктілік кейінге шегерілді.

– Демек жүктілік көрсеткіші тағы да өседі деген сөз бе бұл?

– Иə. Былтырғы квота аясында басталған ем-шараларды аяқтап, тағы да бірнеше анаға бақыт сыйлаймыз деген үміттеміз.

– Ал, биылғы көрсеткіш қандай?

– Əзірге жартыжылдыққа 43 квота берілді.

– Атырау облысы бойынша «Аңсаған сәби» жобасы бойынша алғашқы сәби қашан дүниеге келді?

– Өткен жылдың соңында, желтоқсан айында қыз бала дүниеге келді. Анасының 10 жылдан бері бедеулік диагнозы болды. Биылғы қаңтардың өзінде 2 бала дүниеге келді.

– Клиниканың басты қаруы – мамандары екені сөзсіз. Олай болса, Атырауда білікті мамандармен қамту көрсеткіші ойдағыдай ма?

– Алғашқы жылы 2 репродуктолог маман болып бастады. Қазір 5 репродуктолог, андролог-уролог, анестезиолог, генетик жəне жүктілікті жүргізетін гинеколог бар. Маңызды маманның бірі – эмбриолог, олардың саны – 3. Бұған қоса, лаборанттар мен орта буын қызметкерлері бар. Жалпы, клиникада маман жеткілікті. Қызметкерлердің бəрі – жергілікті, əрі жас. Клиниканың негізін қалаушы Салтанат Байқошқарованың да ұстанымы осындай – жас мамандарды тарту жəне жергілікті тұрғын болуына мəн беру.

– Бұл салада келе жатқаныңызға бірнеше жыл болған маман ретінде өзіңіз жүргізген жүктіліктерге қатысты айрықша пациенттер туралы мәліметтер бере аласыз ба?

– Тікелей ЭКҰ саласында еңбек еткеніме – 6 жыл. Осы уақытта бірнеше науқаспен жұмыс жүргіздік. Мысалы, 2018 жылы Атырау облысы бойынша 51 жастағы əйел алғаш рет ана атанды. Сонымен қатар, «Экомедтің» көмегімен туған балалар тек елімізде емес, əлемнің 20-дан астам елінде бақытты өмір сүруде. Мəселен, əкесі – Нидерланд азаматы, анасы – нигериялық баламыз бар. Отбасы бұрын бірнеше рет шетелдік клиникаларда ем алып, нəтижеге қол жеткізе алмаған. Жұмыс бабымен Атырауда жүрген кезінде клиникамызға келіп, тағы да бақ сынауға бел буды. Қуанышқа орай, бəрі сəтті өтіп, қазір екі жастан асқан сүйкімді балақай да біздің балаларымыздың санатында. Егіз балалар да көп кездеседі. Негізінде, бізге келген əр отбасының өз тарихы, өзіндік қиындығы болады. Шыны сол, қазақы менталитетіміз шығар, көбінесе кінəні əйелден іздеуге бейімбіз. Шын мəнінде кемшілік екі жақтан да болуы мүмкін, соны ескере бермейтініміз өкінішті.

– Тәжірибелі маман ретінде бедеуліктің неге көбейіп және неліктен жасарып бара жатқанын түсіндіріп бере аласыз ба?

– Өкініштісі сол, айтуыңыз өте орынды. Біздің пациенттеріміздің арасында 20 жасқа енді толатын келіншектер де, 50 жастағы əйел де бар. Нақты себебін дөп басып айта алмаймын, өйткені əсер етуші факторлар өте көп. Ерлі-зайыптылардың қабыну аурулары, ерте жəне тұрақсыз жыныстық қатынасқа түсу, түсік жасату, туабітті ақаулар мен экологияның да салдары болуы мүмкін. Қыз балалардың цикл бұзылыстарына да көңіл бөлу қажет. Дер кезінде маманға қаралып, медициналық сауатты болу – өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау дегенді білдіреді. «Тұрмысқа шыққан жоқ» деп, қыздардың гинекологқа бармауы – ұлттық менталитеттегі саулықтың сыр бермеуіне кері əсер етуші фактор. «Басың жас, əлі де көтересің» деп уақыт созуға да болмайды. Ең басты ескеретін жайт – бедеулік тек əйел адамға ғана қатысты емес, 45-46 пайызы ер адамға қатысты болады.

– Иә, табиғи болмысымыз осындай екені шын… – Əйел адамдар табиғатымыздан нəзік болғандықтан, əлсіздікке салынып, екі көзге ғана ерік береміз. Алдымызға түрлі тағдыр иелері келеді. Бірінші келгенде мұңын шағып жылайды. Ал, ЭКҰ сəтті жүзеге асқан соң ананың қуаныштан жүрегі жарыла отырып жылайды. Бұл енді бөлек əңгіме. Үнемі бізбен байланысып, суреттерін жіберетін, арнайы келіп, біздермен кездесетін ата-аналар мен бақытты бөбектер өте көп. «Сіз жүктісіз» деген қуанышты хабарды естігендегі ананың сезімін сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Кейбіреуі «ЭКҰ жасадым, ақшасын төледім, енді қашан?» деп тағатсыздана тосады. Күйзеліске түсіп, «күдерімді үздім, уақытым босқа кетті» деп қиналатындар да бар. Олармен арнайы сөйлесіп, мəн-жайды түсіндіреміз.

Шыны керек, клиникадағы əр дəрігер уақыт өте келе өз пациентінің жақын досына, сырласына айналып кетеді. Əрине, таңдау пациенттің өз еркінде. Республикалық салалық мекеменің Атырауда ашылуы – үлкен мүмкіндік. Өйткені, бұл – ұзақ процесс. Бұрын астанаға немесе Алматыға бару үшін уақыт керек, əрі жүріп-тұру, жол шығыны үшін де қыруар қаржы шығындалса, қазір Атырауға келетіндер арасында батыс өңірінің емделушілері де көп кездеседі.

«Бақыттымын!..»

Аты-жөнін атамауды өтінген кейіпкеріміз – «Аңсаған сəби» бағдарламасының жемісін көрген жанның бірі. Жасы 30-да. Қазір жүктіліктің 14 аптасына келсе де сəбилі болатынына сене алмай жүргенін айтады. 12 жыл күткен бөбегімен қауышар күнді асыға күтіп жүрген болашақ ана басынан өткен жайтты айтып берді.

– Осы уақытқа дейін Атырау, Ақтөбе, Астрахан қалаларына барып, дəрігерлерге қаралдық. Нəтиже болмады. Əдетте, мұндай сəтте отбасында түсінбестік туындайтыны белгілі. Бірақ біз ондайдан аулақ едік. Керісінше, екі жақтың ата-анасы да қолдап, «үміттеріңді үзбеңдер, қажет болса, қаражатты да тауып береміз» деумен болды. Тіпті, таныстарымыз бала асырап алуға да кеңес берді. Ішкі сезімім «өз бөпеміз болады» дейтін, алдамапты. Осы мəселе туралы көп оқып, іздендім. Атырауда ашылғанынан да хабардармын. Алайда, бірден шешім қабылдаған жоқпыз. Өйткені, өзге медициналық клиникаларда қаралған кезде «табиғи жолмен балалы болу мүмкіндіктеріңіз бар» деді. Алайда, ойлана келе «Экомед»-ке келдік. Тексерілген соң, квота алу үшін құжаттар жинадық. Ол да көп уақыт алады екен. Кейде бəрін тастап, «қажет емес» деуге де жеттік. Алайда, дəрігерлер мен денсаулық сақтау басқармасы мамандарының кеңесі бойынша бəріне төзіп, нəтижеге қол жеткіздік. Дəрігерлерге алғысымыз шексіз. Қазір ана атанар сəтімді асыға күтіп жүрмін, – дейді келіншек.

Жасы қырықтан асқан келесі кейіпкердің бастан кешкені сəл өзгешелеу. «Бедеулік» диагнозы қойылып, 15 жыл дегенде ЭКҰ нəтижесінде бөбегін қолына алған бақытты ана тұрмыстың тауқыметіне тап болған.

– Үйленгенімізге үш жылдан асқанда айналамызда бізді айыптайтындар көбейе түсті. Жағдайымыз бар, сондықтан басқа қалада ЭКҰ жасаттық. Нəтижесіз болды. Ақыры, бұдан да күдер үзіп, «сурогатты ана» қызметін пайдаланбақ болдық. Тіпті, жолдасыммен ажырасуға дейін бардық. «Кесімді сөзіңді айтшы» дегенімде, ерім: «соңғы рет ЭКҰ-ға барып көрсек қайтеді?» – деді. Сонымен, қайта жинақтала бастадық. Нəтижесі ойдағыдай болып, қазір ұлымыз бар. Жасым да біразға келгендіктен, енді бала асырап алу туралы ойланып жүрміз, – дейді ол.

ТҮЙІН

Тақырыпқа қатысты облыстағы жалпы ахуалды білмек болып, облыстық деңгейдегі репродуктолог Гүлнар Есқайыровамен тілдестік. «Былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша облысқа 232 квота бөлініп, толық игерілді. Ал, биыл 233 квота бөлінді. Атырау облысында 840 әйел бедеулік диагнозы бойынша тізімде тұр» деді ол.

* * *

Сәби сүю – өмірдің мәні. Бар қызығын баламен байланыстыратын халқымыз үшін ұрпақ өсіріп, оны тәрбиелеудің мәні зор. Сондықтан, «Аңсаған сәби» сыйлайтын қуаныштың орны бөлек. Былдырлаған бөбек үніне тең келер бақыт жоқ. Сәби күткен әр жанға бақытты шақты бастан кешіру жазғай!

Гүлжан ƏМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз