1000 теңгелік «Kүлтегін» – заңды төлем құралы

srsopor Жаңалықтар

«Kүлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 теңгелік банкноттың айналымдағы тәртібі туралы белгілі болды.

Қазақстан Ұлттық Банкі «Kүлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 теңгелік банкноттың заңды төлем құралы болып қала беретінін еске салады. Оны банктік операциялар мен аударымдар бойынша барлық төлемдерде қабылдауға міндетті. Бұл банкнот «Қазпошта» АҚ бөлімшелері мен барлық банкте айырбасталып, еш шектеусіз ұсақтала береді.

«Kүлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 теңгелік банкнот 2013 жылдың соңында 20 млн дана таралыммен айналымға шықты. Бұл банкноттар табиғи тозу шамасына қарай айналымнан алынады.

Егер кәсіпкерлер бұл банкнотты қабылдаудан бас тартса, ӘҚК-ның 206-бабына сәйкес ескерту жасалады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанған жағдайда – 5-тен 25 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Осы банкнотты қабылдаудан бас тартқан жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өтініш жасау қажет. Одан бұрын фактіні бейнетаспаға жазып алуды немесе банкнотты қабылдаудан бас тартатыны туралы жазбаша негіздеме талап етуді ұсынамыз.

«Күлтегін» түркі жазба ескерткішіне арналған қазақстандық банкнот 2014 жылы Халықаралық банкнот қоғамдастығының (International Bank Note Society) нұсқасы бойынша 2013 жылдың үздік банкноты болып танылды.

Арайлым Асылбекқызы,

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Атырау филиалының қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімі басшысының орынбасары

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз