Тоқсан үштегі тасқын

0cee4db2 750b 4fa7 b7ed c3f01306b680 Жаңалықтар

1993 жылы Қызылқоға ауданында тұрып жатқан біз және біздің замандастарымыз үшін естен кетпейтін оқиға болды десем артық айтқандық емес. Себебі, сол жылы Ойыл өзені арнасынан тасып, Миялы ауылы түгелдей суға кетті. Халықтың көбі баспанасыз қалды. Сол бір естен кетпес оқиғаны еске түсіріп, оны «Атырау» газеті арқылы қалың бұқарамен бөліскім келді.

«Алапатпен шайқас»

Ардагер журналист Жолдас Жанқуатов аудандық «Қызылқоға» газетінің №16 (627) 18 сәуір 2013 жылғы санында «Алапатпен айқас» деген тақырыппен былайша еске алыпты:

…1993 жыл, 17 сәуір. Ойыл өзенінің арнасына сыймаған өр суы Миялы ауылына тап берді. Тілсіз жаудың өрекпіген екпінінен секем алған аудан басшылары жедел штаб құрып, ауыл тұрғындарымен тасқынның алдын бөгеуді ұйымдастырды. Тайлы-таяғы қалмай жұмылған жұртшылық буырқанған асау алапатпен біраз тайталасты. Амал қанша, қапшықтардан бөгет тұрғызып, бульдозерлі тракторларды жұмылдырғанмен, толқындатқан тасқын ауылға қарай жөңкіле ағылды. Ағыны қатты су ақыры Миялыға біржолата кірді. Әпсәтте ауыл көшелері лайсаң суға толды. Нағыз дүрбелең басталды. Шыны керек, табиғаттың осыншама тентек мінезін көптен көрмеген билік органдары да, тұрғындар да ілкіде едәуір абдырап қалды. Әйтпегенде қайтсін. Ауыл іші белуардан су. Саманнан тұрғызылған сарай, қоралар бірінен соң бірі гүрс-гүрс құлап жатты. «Тұрғын-91» бағдарламасына орай салынған баспаналар да әп-сәтте жермен-жексен болды. Халық у-шу. Иттер қаңсылай шулап, ұли үріп, жаманшылықты сезген сыңай танытты. Азан-қазан естілген мал дауыстары да жүйкені шымырлатты. Несін айтамыз, сол шақтағы көрініс соғысқа пара-пар еді. Онда аудандық радио комитеті эфирге шығып тұратын. 17 сәуір күні түс қайта сағат 17:00-де сол кездегі аудан әкімі Есенкелді Нұршаев студияға шұғыл жетті. Радио хабарын тарату мерзімі кешкі сағат 20:00 болғанмен, төтенше жағдайды халыққа жеткізіп, түсіндіру мақсатында эфирді ашуға тура келді.

Есенкелді Нұршаев толқи отырып, микрофон алдында тікелей бес минуттай сөйледі. Аудан басшысы елді сабырлылыққа шақырды, қиындықтың салдарын жоюдың шаралары алынып жатқанын хабарлады.Баспанасы құлағандардың далада қалмайтынын ескертіп, арнайы дайындалған орындарды құлағдар етті. Адамдарды судан алып шығатын техникалар бөлінгені айтылды. Сонымен, сол күні аудан әкімі әрбір екі-үш сағат сайын радиодан сөйлеп, тасқынмен күрестің барысын үзбей айтып тұрды. Ертесіндегі оқиға тіптен сұмдық болатын. Көшелерде сарқырай аққан судың бетінде қалқыған дүние-мүліктер. Белуардан суды кешіп, жөңки көшкен ел. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, жаңбыр да толассыз жауып тұр. Ауылдың шетіндегі биік құмдарға паналаған адамдарда есеп жоқ. Ағайын-туыстарын сағалап көшкендері қаншама?

Абыржып қалған сәт еді
Өр суының тасуын ырыздыққа балап жүрген ауыл халқының тасқынның ойран салғанын көргенде, абыржып қалғаны соншалық, бастапқыда осынау қасіреттің жойыларына күмәнмен қарағаны шындық. Расында, ауылдың сондағы ахуалына қарағанда денең түршігетін. Дүрбелең шақта екі адам көз жұмып, қос әулет қара жамылды. Жарамсыз күйге ұшыраған тұрғын үйлер мен ұзақ жыл жинап-терген мүліктер, қырылған мал өз алдына.Турасы, бағзы замандарда ағыл-тегіл сең жүріп, сарқырай аққан тасқынның 1993 жылы елге ойран салғаны қалай? Әрине, аласұрған мезгілде мұндай сауалдардың да әлденеше айтылғанын несіне жасырамыз. Сонымен табиғат дегеніне жетті. Миялы қирады, бүлінді. Үш-төрт тәуліктен соң көпшілікке жарамды дүниелерін алуға көлік ұйымдастырылды. Айналайын, адамадар-ай! Салқын суды кеше жүріп, пайдаға асады-ау деген заттарын көліктерге тиеп, тасыды. Іле-шала облыстан, республиканың түкпір-түкпірінен қайырымдылық көмектері келе бастады».
Шындығы да сол еді. Ол кезде мен аудан әкімінің орынбасарымын. Қалай болғанда да , халыққа көмек беріп, тосыннан келген төтенше жағдайдан құтқарудың амалын қарастыруымыз керек. Нағыз қарбалас жұмыс басталды. Күндіз-түні көз ілмей үйі құлағандарды құтқару, өздерін көшіру, қала берді дүние-мүлкін, мал-жанын көшіру тағы сол сияқты ұйымдастыру жұмыстары қатты қарқын алып жатты. Есақаң үш орынбасары Мирамбай Алиев, Сәуірбай Әбдіғалиев және мені үш жаққа бөлді. Мирамбайды (Ресейдің) Кировтен құрастырмалы үй әкелуге, Сәуірбайды келген материалдар арқылы үйлерді, бірінші сарайларын салуға берді. Ал мені Атырау қаласына барлық құрылыс материалдарын алып, Миялыға қарай жүретін жүк машиналарға тиеп жіберуді тапсырды.
Сөйтіп екі ай бойына Атырау қаласынан УС-№99, «Ауыл» құрылыс мекемесінен үйлердің төбесіне жабатын плиталар, терезе, есіктер, перемечкалары (олардың тастамалары), пеш тастарды (қызыл тастар) күнде алып, №99557 Атырау автокөлік бірлестігінен күніне 20-30-ға дейін автокөліктер үлкен тіркемелісі бар, тиетіп алып, ауылға жіберіп тұрдым. Аптап ыстықта екі ай далада тұрдым, облыстық әкімшілікте күнде кешкі сағат 19:00-де Есақаңмен облыс әкімінің орынбасары Бақтығали ағай бастаған жаңағы тиісті материалдар беріп отырған мекемелердің басшылары қатысып, жиналыс өтеді. Мен 2 ай бойы күнбе-күнгі жіберіп отырған құрылыс материалдарына, көліктердің номерімен қашан кеткеніне дейін мәлімет беріп тұрдым.
Сөйтіп түгел құрылыс материалдарын жіберіп отырғанда, Есақаң «Қызым, рахмет материалдарды үсті-үстіне жіберіп жатсың, мында жігіттер түсіріп үлгере алмай жатыр» деп мені жігерлендіріп қояды. Қанша дегенмен, әйел затымын ғой, сөйлескенде «Ауылға қайт, шаршаған боларсың деп айта ма?» деп үміттенемін. Бірақ ондайдың нышаны білінбейді. Қайта керісінше, тапсырманың үстіне тапсырма төпеп береді де жатады. Сөйтіп, бес ай жұмыс жасадық. Ал, бес айда қала салу оңай ма? Әрине, оңай емес. Бірақ аудан халқы күш біріктіріп, біз табанымызды тоздыра жүріп жүздеген үй салып бітірдік.

600-дей отбасы баспанасыз қалды
Сол кезді еске алсам, көктемгі су апаты кезінде Миялы ауылынан 600-дей отбасы баспанасыз қалды. Адамдар көп жылдар бойы тірнектеп жинаған дүниесінен, малдарынан және тұрғын үйлерінен айырылды. Міне, осындай ауыл халқының басына қиын жағдай туғанда, біздің облыс орталығы Атыраудан, көрші аудандардан, сонымен қатар Алматыдан, Қазақстанның басқа да көптеген облыстарынан зардап шеккендерге арналып, қайырымдылық көмектер келді. Ауыл басындағы кәсіпорындар мен мекемелердің көпшілігі тұрғын үйсіз қалғандарға босатылып берілді. Атырау қаласынан нан үздіксіз келіп тұрды. Ауыз су әрбір отбасына тасылып берілді. Алғашқы он күнде-ақ Алматы, Қызылорда, Қостанай, Шымкент қалаларынан 240 ағаш үй, 80 палатка, 18 вагон келіп жетті. Аудан шаруашылығынан келген ағаш үйлер мен вагондардың барлығы зардап шеккен отбасыларына берілді. Міне, осындай қиын кезеңдерде Атырау құрылыс мекемесі көгілдір отынсыз қалған отбасыларына, атап айтқанда, 139 газ плитасын, 1390 отбасына көмек ретінде тегін ұсынды. Ал 49 отбасына берілген газ плитасы үшін бюджет есебінен 1 миллион 39 688 сом ақша төленді.
Ауыл халқына әртүрлі облыстық мекемелерден, кәсіпорындардан, көрші аудандардан азық-түлік, өндіріс тоарлары келді. Бұл келген заттар апаттан зардап шеккен отбасыларына, аудандық Кеңес төрағасы Әділше Сәлімгереев басшылық жасаған комиссиямен бөлінді. Ал, жекелеген облыстық мекемелерден 15 млн. сом ақшалай көмек келіп, ол ақша сол өздеріне қатысты мекемелердің басшылары арқылы зардап шеккен отбасыларға берілді.

Ізгілікті істер шеруі
Ауданға апаттың алғашқы күнінен бастап көмектер үсті-үстіне келді. Ең бірінші болып Атырау сүт комбинатынан жерлесіміз Тілекқабыл Дәулетияровтың өзі бастап азық-түлік әкелді. Сол сияқты Индер, Махамбет, Мақат аудандарынан, құс фабрикасынан, «Қазбакалейторгтен», «Атырау киім фабрикасынан», Мақат мұнай кәсіпорнынан, Атырау химия заводынан, №38 жол құрылысы басқармасынан және басқа да көптеген мекемелерден, кәсіпорындардан, шаруашылықтардан бауырмал, ақ ниетпен жіберілген көмектер жетті. Ол да біздің халқымыздың басына зауал туған шақта қол ұшын созып, бастарын сүйей білді. Аудан халқы олардың осындай қамқорлығын ешқашанда ұмытпайды.

Сондай-ақ Республикалық «Бөбек» балалар қорынан пайдаланылған балалар киімдері мен ауруханаға дәрі-дәрмектер, бала бақшаларына электронды есептегіш машиналар келіп, осы заттардың барлығы да тиісті комиссиямен тең бөлініп берілді. Сол сияқты Біріккен Ұлттар Ұйымынан жылы одеялдар мен ақ жаймалар, палатка және құрылысқа арналған заттар келіп жетті. Құрылыс материалдары аудандық көп салалы шаруашылық комбинатына берілді. Ал одеялдар мен ақ жаймалар зардап шеккен отбасыларға таратылды. Сондай-ақ ізгілікті көмек Швейцариядан келді. Бұл келген заттар арнаулы комиссиямен селодағы 56 мекеменің зардап шеккен 539 жұмысшы қызметкеріне, сондай-ақ үйі құлаған 23 зейнеткер мен 56 үйіне су кеткен зейнеткерге тең бөлініп, үлестірілді. Сол кезде аудандық коммуналдық-шаруашылық мекемесін басқарған Төкен Ізғұлов аға өте қатты жұмыс жасады. Ол кісі де Есақаңмен бірдей жүріп, күндіз-түні еңбек етті.

Төкен аға іскер, ұйымдастыру қабілеті өте жоғары азамат еді. Ауданда табиғат апатынан дүние-мүліктері бүлінген отбасыларын анықтайтын комиссия 2 ай бойы үлкен жұмыстар жүргізді. Оған 12 комиссия мүшесі мен 12 депутат қосылып, әрбір отбасының үйіне барып, бүлінген дүниесін анықтады. Соның нәтижесінде олар тиесілі көмектерін алды. Ауыл шетінде тұрғызылып жатқан жаңа Миялыға қарап, бір сәт ойға қаласың. Апырай, осы тұрғын үйлердің барлығы апаттан бері 5 ай мерзім ішінде тұрғызылғанына қарап, аудан халқының қиын кезеңде бір-біріне көмек көрсетіп, бірлік-берекетте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып еңбек еткеніне іштей сүйсінесің. Әрине, бұл уақыт ішінде кеткен кемшіліктерге, жұмысты ұйымдастыруда жетпей жатқан істерге халықтың өзі ақылшы-кеңесші бола білді. Осындай үлкен түсіністікпен жұмыс жасаған ел басшыларына халық ризашылық сезімін айтып, аудандық әкімшілікке ағылып келуде. Әрине, келген ізгілікті көмекті зардап шеккен отбасыларына бөліп беру айналасында көптеген алып-қашпа әңгімелер айтылды.

Алайда аудандық қаржы бақылау комитеті арқылы бұл көмектің берілуі қатаң тексеріліп отырды. Көмектің өз адресіне жеткен-жетпегені қатаң бақылауға алынды. Миялы басындағы әрбір отбасының, ондағы әрбір адамның жағдайы ескеріліп отырылды. Осындай кезеңде аудандық әлеуметтік комиссия мен мүлік жөніндегі комиссия өзара бірлесе жұмыс істеді. Мен осы газет бетін пайдаланып, көктемгі су апаты кезінде зардап шеккен отбасыларына өз көмектерін көрсеткен барлық деңгейдегі облыстық аудандық мекемелер мен кәсіпорындарға, бірлестіктер мен ұйымдарға, шаруашылықтар мен жекелеген кәсіп иелеріне, кооперативтерге аудан халқы атынан алғыс айтамын. Мен басшылық жасаған екі бірдей комиссия үшін жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Бүлінген дүние-мүліктің құнын анықтауда, келген көмектерді тең бөліп беруде үлкен қиыншылықтар болды.
Тобықтай түйін

Иә, сол күндердің естелігі кешегі күні санамда қайта жаңғырды. Осы жолы аудандық жедел штабтың құрамында қиындықты халықпен бірге еңсеруге үлес қостым. Алдағы күндер біздің халқымыз үшін қиындығы жоқ, қуанышты кезең болсын деп тілеймін.

Жәния ІЗБАСҚАН,
Мәдениет саласының ардагері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз