Алғыс айту күніне орай Атырауда қандай шаралар өтеді?

20190301194947 Жаңалықтар

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жиынға келген облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ләззат Жылқышиева мен Этномәдени бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Надежда Есова бұл күннің тарихы, маңызы туралы да кеңінен айтып өтті.

1 наурыз – Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылған күні. Ал, алғыс айту күні ретінде 2016 жылы белгіленген. Атаулы күн тағдырдың жазуымен қазақ еліне қадам басқан өзге ұлт өкілін жатсынбай бауырына басқан, кең құшағын ашқан қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтар күні ретінде айшықталған. Кейін мәні сақталып, ауқымы кеңейе түсті. Соңғы жылдары жалпыхалықтық сипат алуына орай, алғыс айту күні ретінде атап өтілуде.  

Осынау күнге орайластырылған шаралар қазіргі таңда этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен аймақта кең көлемде өтуде.

«Жалпы жоспарда 30-дан астам шара бар. Олардың көпшілігі қайырымдылық бағытта. Бұдан бөлек, жария етуден бас тартып, өз бастамасымен өткізетіндер де аз емес» деген Ләззат Кеңесқызы бұл шаралар 6 наурызға дейін жалғасатынын жеткізді.

Олардың қатарында әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтармен өткізілетін, мәдени-көпшілік шаралармен қатар, басқа бағыттар да қамтылған. Мәселен, «Каспий» дағыстан этномәдни бірлестігі жалғызбасты аналарға, аз қамтылған отбасы мүшелеріне стоматологиялық қызмет түрлерін тегін ұсынса, белгілі кәсіпкер, меценат Владимир Розметов «Қоржын» республикалық қайырымдылық акциясы аясында көп балалы отбасыларға азық-түлік тарту еткен.

Қазірдің өзінде осындай шаралар арқылы 300-ден астам отбасы қамтылған.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз