Атырауда атқа мініп мал баққан әже көпшілікті таңқалдырды! (+ВИДЕО, ФОТО)
- – Негізі, отбасымызға мал қайдан жиналды, қалай құт құйылды? 1922 жылы дүниеге келген марқұм енем Мәрзия Бөпе анамыз өте еңбекқор, білімді, сөзге шешен, алғыр кісі еді. Атамыз Нұриденмен шаңырақ көтергенде, үйде қайын атасы бар екен. Бірде таңмен тұрып, құмаршық қағып төрт қабын жинайды да, екі қабын сатып, ешкі алады. Оның сүтін шайға қатып, көбейтіп, қойға айырбастайды. Қойды өсіріп сиырға, сиырды жинап, түйеге айналдырған. Осылайша, тігерге тұяғы жоқ үйді төрт түлікке толтырған екен, — деп, өткенді шолып қайтты әңгімесін бастаған Алтынай Мизамеденова.
Ол өзгелер сынды атасының ақ таяғын алып қалған аманаттың иесі емес. Керісінше, енесінің тірнектеп жиғанын мыңғырған малға айналдырып, келісті шаруашылық ұстап, тапқанды құрап отырған ана.
Баталы құл – арымас
Ұлының көсегесін көгертіп, қой-сиырын өргізген келініне қайын атасы риза болыпты. Бөпе енесі сол малды шашау шығармастан алты перзентін өсіріп жеткізуге жұмсап, отау болып шыққанда еншілеріне екі-үш бастан бөліп берген екен. Балалары да сол ізгі істі жалғап, қорасынан мал үзбеген.
- – Мен Бөпе енемнің қолында қалған келін едім. Сиыр туғанда уызын сауып әкеліп, пісіріп, құран оқытып, алдымен енеме ұсынамын. «Ағың мол болсын!» деп, үнемі батасын беретін. Анамыз 83 жасында өмірден өтсе де, сол батасының дарығаны болар, дастарханнан ағым үзілген өсиеемес. Енді өзім де келіндеріме енемнің батасын беріп, ұрпағым осы үрдісті жалғастырса, бұдан басқан арманым жоқ, — деді ол.
Аққыстаудан – Ақайға
Аққыстауда мал ұстау қиын. Сосын отағасы Ғалымжан Нұриденов екеуі теңіз жағалауындағы Забурын ауылдық округінің Ақай елді мекенінен 2002 жылы жеке қожалыққа жер алыпты. Екі жылдан соң жаздай үй-жай, қора-қопсысын тұрғызып, күзде қолындағы 15 сиыр, 50-ге жуық қой-ешкі, бір түйе мен бір үйір жылқысын апарады. Сол жылы-ақ мал бағуға Тілепберген ақсақал мен Жеміс апаны отбасымен көшіріп әкелген отағасы ең алғашқы соқаны қағып, тезек теріп, қазан-ошақ орнатып, іргелі істің басын бірге бастайды.
- – Еңбектері адал, үйретері көп, адал жандар болатын. Қазір екеуі де марқұм болып кетті. Ұрпақтарымен әлі күнге хабарласып, араласып тұрамыз, — деп, өткен күндерді сағына еске алды.
Шаңырақтың тірегі де ауыл-елге сыйлы, мұнай саласында қызмет еткен жақсы маман, қарапайым жан еді. Жанына жабысқан жаман кеселден 2008 жылы қайтыс болады да, шаңырақ пен екеуі әр тасын бірге қалаған шаруаның ауыр жүгі Алтынайдың арқасына артылады.
- Отағасы соңғы сөзін: – Балалар жас, кімге сенесің? Шаруа қожалығын сат, саған қиын болады. Сенің қиналып мал баққаныңды қаламаймын. Балаларымды оқыт, бір-бір мекеменің тұтқасын ұстайтын маман болсын. Солардың оқуына көңіл бөл. Оқыса ғана азамат болады. Балалардың шайтамағын беріп, тәрбиесімен ғана айналысып отырсаң жетеді, — деп түйіндегенмен, досқа күлкі, дұшпанға таба болғысы келмеген жары ширыға еңбек етті.
Ол кезде баланың үлкені енді ғана жоғары оқу орнына түскен еді. Ал, ең кішісі 6-да болатын.
Өсиеттен құнды өтініш
Өмірдің шырғалаң сәттері көп қой. Азаматы дүние салған соң әуелі оның өсиетін орындауға бекінді. Тіпті, алатын адам да табылып тұрған.
- Мән-жайды шай үстінде айтқан анасының шешіміне 18-ге жаңа толған ұлы: – Әкемізден қалған шаруашылықты өзіміз неге ұстап қалмаймыз? Сіз қиналады деп әке «сат» деді ғой. Сәл қиналармыз, бірақ біз де өсеміз. Әзірге осы шаруаны жүргізуге көмектесіңізші, — дейді.
Бастапқыда қорқыныш болғанмен, күндердің күнінде бетіме басар деген оймен баласының тоқтамына келіседі.
- – Не жарығы, не газы жоқ жерде шаруа ұстаудың қандай қиын екенін білемін ғой. Ағайын-туыс, таныстың да «ұстай алмайсың, жалғыз әйел мал баға ала ма?» деп гулеген сөзіне де жығылғым келмеді. Баламның да өтінішін ешкімге тіс жарып айтпадым. Ақыры шешімімді өзгертпейтін болдым. Аққыстаудан Ақайға жаяу-жалпы шаруаға жүгіргенім өз алдына, 2009 жылы малшымыз Тілепберген аға қайтыс болған соң әйелі мен балалары өз ауылдарына көшіп кетті. Мен үшін ең қиын күндер сонда басталды, — деп тебірене еске алды Алтынай.
Бірнеше адамды мал бағуға жанұясымен көшіріп әкеліп, бірер ай оларды үйретіп, малды алдарына салып береді. Бірақ, жағдайын жасап отырса да, тойынған соң тайып тұрғандар басымдау болды. Өзінің үлкен қызы Алматыда, ұлы Атырауда – екеуі де студент. Әке аманатымен бір артық үйір мен дүкен-кафені сатып, Атырауда орталықтан екі бөлмелі пәтер әпереді де, екі кенжесін қаладағы гимназияға оқытады. Жетінші сынып оқитын ұлы табандылық танытып, Аққыстаудағы үйде қалды. Алтынай біресе Ақайға барып шаруасын үйлестірсе, бірде Аққыстауға үйдің тірлігін тындырып, ұлының тамағын пісіріп, енді бірде Атыраудағы балалардың ас-суын алып, олардың мектептегі сабағын да қадағалап, тыным алмайды.
- – Балаларым жағдайымды айтқызбай түсінеді. Ең қиыны, малшылармен жұмыс жасау болды. Іске қыры жоқтарының орнына басқасын алдым, қиындығына төздім. Азаматым жоқ болған соң, жалғыз өзім қой да бақтым. Тіпті, қой жаюды да білмейді екенмін. Шыны керек, жылап жүріп бақтым. Артынан еріп, жеті-сегіз шақырымға ұзап кеткенімді білмей қалғанмын. Не малшы жоқ, не алдымда бір шәйнек су қайнатып қоятын адам жоқ. Тамағым кеуіп келеді. Шаршап келіп, жатып қаламын. Таңғы сағат төртте қойды өргіземін. Өрістен мөңіреп сиырың келеді, оның бұзауын салып, сауу керек. Шаруашылықты жүргізу оңай іс емес, қиындықтың ащы дәмін таттым, — деді жастайынан жесір қалған ана.
«Жат мінезді адамнан, жаныңдағы ит артық»
Сол кезде жесір әйелге көмектесіп, жанына серік болған Рекс деген иті болды. Алты жыл Тілепберген аға итті алып жүріп, мал бағып үйреткен. Қойды алдынан қайтарып әкеледі екен. Жаяу жанға қиын болған соң, бұрын түйенің маңынан жүрмейтін келіншек атанмен мал бағуға да үйреніп кетті. Оның да тілін тауып, шаруасы жеңілдей бастайды. Үйден алып шыққан суын да алақанына құйып, Рекспен бөлісіп ішетін. Үйге келген соң күйбең тірлік күтіп тұрады. Сырласы да, мұңдасы да ақ қағаз, күнделік болатын. Бірнеше жыл бұрынғы жазбадан сол күндердің қиындығын да айқын сезінуге болады.
Рекстің монологы
- «Менің атым – Рекс. Рекслона, Монти, Қаракөз, Рексбай. Осы үйдің адамдары мені осылай шақырады. Негізі мал бағамыз. Малшы деген атауы бар кісілер осында тұрады. Кейбір кезде малшы зыр жүгіріп есік алдын тазалап, қағып-сілкіп, шарбақ ішін реттеп, шауып жүреді. Иә, бұл қимыл маған етене таныс. Себебі, бұл «иеміз келе жатыр» деген сөз.
Ей, адамдар-ай, неткен көзбояушылық. Сырттарынан қарап күлкім келеді. Иеміз машинадан бала-шағасымен түсе сала оны сағынғаным сонша, арсалаңдап жүгіріп шығып, кеудесіне секіремін. Ол да әкелген жылы-жұмсағын ит атаулының бәріне бөліп береді. Әсіресе, менің сыбағам – ең жақсысы. Себебі, мені қатты жақсы көреді. Иеміз келген бойда, бұл жерде атмосфера 180 градусқа өзгереді.
- «Биссимиллях, енемнен қалған қара қазан» деп, дәу қазанға тамақ салады. Ол келген кезде есік алдында жез самаурын бұрқылдап қайнай бастайды. Дастархан жайылады, бұл күні малшы да көңілді болады. Тіпті, ол күні мал атаулы да қуанады. Боталарын сүйіп, олармен де әңгіме-дүкен құрады. Түсқайта бұзауларды қайтаруға шығамыз. Мен ере жүгіремін. Далада бұзауын қайтарып келе жатып, «мынау менің баламның тойында сөйлейтін сөзім» деп, қара сөзді көркемдеп төгіп-төгіп жібереді. Жылқы қайтаруға шыққаны мүлде бөлек. Жылқы әдемі жануар ғой, шіркін. Ол кезде «Маңмаңгер, кекілің қысқа…» деп әнге салады. «Екі-ай жирен» деп, екінші әнге көшеді.
- Осылайша үйге қалай жетіп қалғанымызды да аңғармай қаламыз. Ием ешқашан бос жүрген емес. Жылқысын қайтарып, әнін шырқап, үйге бір құшақ жыңғылын да ала кіреді. Кейде жерге отыра қалып, «Сағындым сені, Ғалеке» деп бір жылап алады. Ғалекесі кім болды екен? Мен түсінбесем де, иемнің көңілін аулап, бетін жалап, құшақтағым келеді. Иіскеп, құшағына ене беремін. Ол да мені иіскеп, «сен ғой мені түсінетін, Рекс-ай» деп жұбана қояды. Үйге келгенде көз жасын ешкімге көрсетпейді. Ол тек екеуміздің ортамыздағы ғана құпия сыр».
Анадан артық жан бар ма?
Бастапқыда тартқан азабы мен машақаты оның есінде өмір бойы қалып қойғаны соншалық, далада мал іздеген, шаруасымен жүрген кез-келген жолаушыны төріне отырғызып, шұбаты мен шай-тамағын ұсынады. «Жапандағы жалғыз әйелге жазым жасайды-ау» деген ой мүлде ойына келмейтін. Себебі, жоқ іздеудің бейнетін бес саусағындай біледі. Адамның бәрін өзіндей ақ ниетті көргені ғой, шіркін.
- – Малды өсіріп, рахатын көреміз десек, шаруаның басында отыру керек. Сендер оқуларыңды тәмамдап, бір-бір мамандық иесі атанғанға дейін мен-ақ тезек теріп, от жағып, азып-тозып жүрейін. Тек сендер мен көрген бейнетті шекпеңдер. Жастарың қырыққа келгенде алдарыңда мыңғырған мал болсын, сондықтан уақытты өткізбей іске кірісейін, — деп, өзіндей мал бағатын адамның ретін таппаған соң, жастық өмірін қиып, шаруашылықтың басында жалғыз қалды.
Қай ана да баласы үшін жанын беруге даяр ғой. Алтынай жалғыз өзі титықтап жүргенде, жасы жетпіске таяған анасы інісін ерте келіп: «Қарағым, қойды біз бағайық, сен сиырмен айналыс, бала-шағаңа қара», — деп көмектесті. Одан соң бауырлары мен аға-жеңгелері, қайын інілері келіп қолғабыс етті. Ауылдағы өзі сияқты шаруа жасап жүрген азаматтармен бірлесіп, малдың жайын, жүрген жерін сұрастырып, біліп отырады.
Ақыл мен төзімің тең болса
- – Қой бағу өте қиын, таңертеңнен кешке дейін ат үстінде жүресің, шаршап келесің. Тіпті, үйіңде бір шеге қаға алмайсың. Сол себептен, тек сиыр, түйе мен жылқы бағамыз деп шештік. Қойды сатып, шаруамыз жеңілдеп, қораларды жаңалап, құлағанды тұрғызып, қирағанды жөндеп, шарбақты қоршап, тал мен егін, гүл еге бастадық. Қазір шаршап келгенде жасыл желек пен нәзік гүлдерге қарап демаламын, өскін жарған талдарымды көріп қуанамын, — дейді шаруа иесі.
Бүгінде малды мотордың күшімен суарады. Өкіметтің көмегімен күннен энергия алатын қондырғы орнатып алды. Түрлі субсидия, қайтарымсыз көмектен де құралақан емес. Балаларының мерейі үшін ағайын-туыстың қуанышы мен қайғысында малмен көмектесу отбасының дәстүріне айналып кеткелі қашан. «Алаған қолым береген» деген осы болса керек.
- Енді әкесінің қаққан қазығын құлатпаймын деп, шыр-пыр болған ұлы: – Қиналған шақта «шаруашылықты сатпаңызшы» деген менің өтінішіме құлақ асқаныңызға қуанамын. Алты-жеті жылдай қиындық көрдік. Есесіне сол бейнеттің зейнетін көріп отырмыз, — деп, анасына зор ықылас пен алғысын айтады.
Алтынай ана да бұл іске перзенттері үшін бел буғанын жасырмайды. Әрине, мал бағу – қиын да қызық кәсіп. Сырт көздің «мал бағатын адам малдай болуы керек» деп ақыл айтатыны бар. Ол рас. Қораң жылы, жерің шүйгін, сулы да нулы, малшың жайлы, шаруаң сайлы болса ғана ақыл мен төзімді серік етіп, төрт түлік ұстауға әбден болады екен. Шаруашылықтың «бас кеңесшісі» Алтынаймен сөйлесіп, күнделіктегі жазбаларын оқығаннан кейін осындай ой түйдік.
Жастықтың сыры
Осынша бейнетпен шаруасын жүргізіп отырған Алтынай ананың сырт келбеті мен пошымы өз қатарынан әлдеқайда жас көрінеді. Біздің назарымызды аударғаны да осы құпия еді. Бес уақыт намазын қаза қылмай, жыл сайын ораза тұтатын ол міндетті түрде ертеңгілік су ішіп, жаттығу жасап, кешкісін жүгіреді екен. Ай сайын косметологқа баруды, әрдайым күліп жүруді әдетке айналдырған. Қолына алған істі ұсақ-түйегіне дейін жоспарлап, соңына дейін жүзеге асыратыны, әрбір аяқталған ісінен қуат алатынын жас көрінуінің бір құпиясы деп біледі. Табан ақы, маңдай терінің жемісін жегізген Ақайдың табиғатына – Тәңірінің тартуына да риза. Отағасынан бес баламен қалса да, ағайынға алақан жайғызбаған қасиетті топырақтың киесі болар, бәлкім. Баққан малы көбейіп, еккен егіні көз қуантты емес пе? Көзінің ағы мен қарасындай ұл-қыздарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді, оқытып маман иесі атандырды. Қазір келіннің қолынан шай ішіп, немере сүйген қадірлі әже.
Бүгінде Алтынайдың шаруашылығында істі білетін Балтабек пен Ерақа есімді азаматтар еңбек етеді. Демалыс күндері, жұмыстан келген соң балалар да міндетті түрде Ақайға келіп, жұмысқа қолұшын береді. Табиғи таза тағамдар тұтынудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін бұл әулет жақсы біледі. Артылған қымыз-шұбатын, сәуірдің майы, сарысу, құрт, қаймағын да сатады. Қазір Алтынай ана бұрынғыдай артынып-тартынып жол тоспайды. Қалаған жеріне балалары көлікпен алып барады, қажетті шаруасын тындырып жүр. Ана бақыты, әйел бақыты деген осы емес пе?!
- – Мал бағатын бүкіл адамға малдың індеті келмесін деп тілеймін. Рас, ыстық, суықта қиналасың, бірақ барлығы уақытша. Күні ертең-ақ жайма-шуақ сәт боларын ұмытпау керек. Ерте тұрып, таңның атқанын, төрт түлігіңді жайғап, күнделікті қызметіңді тәмамдап, күннің батқанын көрудің өзі бір бақыт. Таң бозынан күн қызарып батқанша ауырмай, сырқамай өз бетіңмен еңбек еткеннің өзі мың бақыт. Ал, маңдай теріңді төгіп, адалдан тапқан наныңды бала-шағаның аузына тосу – шын бақыт, — деп сөзін түйіндеді Алтынай Мизамеденова.
Салтанат АҚТӘЖИЕВА