Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Соғыстың алғашқы солдаты

Өмірі ұрпағына ұран болып қалған жауынгер атамыз 1922 жылы қазіргі Рембаза ауылы төңірегінде дүниеге келген.  Әкесі – Құспанғали, анасы – Бәтима. Қатардағы қарапайым отбасында өсіп-өнген Зейнеш ауылдағы бастауыш мектебінде білім алып, оңы мен солын танығасын еңбекке араласады. Алғашқы бейбіт өмірдегі қадамы Бақсай аудандық обаға қарсы күрес стансасында басталады, бірақ көп ұзамай қызыл армия қатарына шақырылады. 1941 жылдың басында Соль-Илецк қаласы түбінде орналасқан оқу-миномет батальонында әскери ант қабылдайды. Соғыс деген қаһарлы сөзді естіген жиырмаға толар-толмаған жігіт жолдастарымен бірге пойызға отырып батысқа жол тартады.

Ерліктің жасампаз үлгісі

Жауынгер З.Кенжеғұлов  алғаш рет ұрысқа Ростов облысының Новочеркасскі ауданына әуе  десанты полкінде жүріп түседі. Осы жерден сәл ғана тарихқа шегінелік. Бұл уақытта Мәскеудің түбінде дұшпанның тегеурінді топтарының күшін кері қайтара білген әскерлеріміз қарсы шабуыл жоспарын жүзеге асырмақ болып жатты. 1941 жылдың 16 қараша күні Дубосекова разъезінің түбінде даңқты генерал Панфилов басқарған 316-шы гвардиялық дивизия құрамасы да ерліктің жасампаз үлгісін көрсетті. 6 желтоқсан күні Батыс, Калинин және Оңтүстік-Батыс майданның әскерлері бір мезгілде шабуылға шықты. Қызыл армияның Мәскеудің түбіндегі тарихи жеңісі, неміс-фашист әскерлерінің Тихвин мен Дондағы Ростовтың түбіндегі жеңілісі «гитлершілдердің жеңілмейтін армиясы» деген ертегілерін Мәскеудің түбінде біржолата жерледі.

1942 жылдың 6 тамызында жау Цимлянскі маңында Доннан өтіп алып, ірі танкілі және моторлы бөлімдердің екпіндей соққы беруімен Сталинградқа ұмтылды. Халық ақыны Жамбылдың Сталинград қорғаушы жауынгерлерге арнаған:

Сондықтан, ер ұлдарым!…

Қас дұшпанды қаптаңдар.

Донның жойқын селіндей,-деген өлең жолдары оларға дем берді. Сталинград қаласы үшін болған соғысқа Зейнеш Кенжеғұлов бастан-аяқ қатысты. Батыр қала үшін жолдастарымен бірге кеудесін оққа тосты. Өлім мен өмірдің аузында жүрді. Жауынгер атамыздың соғысқа түскен полк әскерлері қаһарман қалаға жау әскерлерін жібермеу үшін жан аямай шайқасты.

 Тарихтан белгілі, 1943 жылы 73-ші гвардиялық Сталинград дивизиясы Қазақстаннан толықтырушы көп әскер алады. Ростов облысының территориясын азат етуде Қазақстанның 387-ші дивизиясы белсенді рөл атқарды. 1943 жылдың 2-ақпаны Ұлы Отан соғысы тарихындағы бетбұрысты кезең болды. Осы күні Сталинградта фельдмаршал Фридрих Паулюс қолбасшылық ететін Вермахтың алтыншы армиясы тізе бүкті. Келесі күні Паулюстің өзі де тұтқынға берілді. Ол неміс офицерлері арасынан кеңес әскеріне тұтқынға түскен тұңғыш фельдмаршал болатын.

Ең қанқұйлы, жантүршігерлік шайқас

Сталинград шайқасы соғыс тарихындағы ең қанқұйлы, жантүршігерлік шайқас болуымен тарихта қалды. Тарихта Сталинград шайқасы 1942 жылдың шілдесінен бастап 1943 жылдың ақпанына дейін созылған. Германия осы жеңілістен кейін стратегиялық белсенділігінен айырылды. Енді оларды қызыл армияның тықсыра қууы басталды. Германия солдаттары мен офицерлері қанша қарсыласса да біртіндеп жауынгерлік рухынан айырыла берді. Және ірі көлемде қарулы күштері мен ресурстарын құртты. Ал КСРО-ның одақтастары фашизмнің көп ұзамай жеңілетініне нық сенді. Сөйтіп Сталинград қаласы ерлік пен табандылықтың символына айналды. Осы шайқаста Мамаев қорғаны жиырма екі рет қолдан-қолға өтті деген дерек бар.

Дивизияның полктары соғыса отырып, жүздеген шаршы шақырым алға жылжып, 1943 жылы 13 ақпанда Новочеркасскіні, кейін Матвеев-Курганды азат етті. Осы әскери құрамда шайқасқа түскен қатардағы жауынгер З.Кенжеғұлов 1943 жылы ақпан айында алғашқы жеңіске қол жеткізген шайқаста ауыр жараланды. Снаряд жарқыншақтары қадалған аяғы бастырмай, ұрыс даласында қансырап жатқан жерінен Красноярск өлкесіндегі госпитальға жөнелтіледі. Сол темір ұшқындары өле-өлгенше  аяғында жүріпті. Жер басуға жараған күні қайтадан сапқа тұрған. Кіші командирлер даярлайтын полктен өтіп, сержант шенімен Мәскеу облысының Раменск қаласындағы 10-шы гвардиялық әуе  десанты бригадасы құрамына қабылданады. Ауыр ұрыстарды бастан өткерген оны взвод командирі Петр Самохиннің орынбасарлығына тағайындайды. Кезекті ұрыста командир оққа ұшып, взводты басқаруды аға сержант Зейнеш Кенжеғұловқа тапсырады.

Көп кешікпей бұлардың бөлімін ақ финдермен соғысқа аттандырады. Карелияны азат ету кезіндегі шайқаста Зейнеш екінші рет ауыр жараланып, госпитальға түседі. 1945 жылы қаңтарда сауығып шығып, танк полкіне жіберіледі. Сол жылы 9 мамырда Жеңіс күнін қарсы алғанымен Зейнеш үшін соғыс әлі аяқталмаған еді. Львовщинді Бандеров бандасынан тазарту шайқасына қатысып, 1945 жылдың аяғында ғана елге оралады.

Анаға жол

Анасы Бәтима 1943 жылы ұлынан «қара қағаз» алып, соған дейін келген хаттары мен суретін жанына жалау етіп жүр екен. Ұлы есіктен кіріп келгендегі ана қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы соғысқа қатысқан ағалары Аухади, Сүлеймен, інісі Хасан – бәрі де әртүрлі жарақат алып, елге аман-есен оралды. 1932 жылы әкесі Құспанғалидан жетім қалған қазақтың бір шаңырағы осылайша соғыс салған апаттың ащы зардабын бастан өткеріп, бейбіт өмірге аяқ басты.

Сауатты, мұқият Зейнешті селодағы жұмысшы кооперативіне қызметке алады. Содан 1971 жылға дейін сауда саласында әртүрлі мамандықтарды атқарды. 1947 жылы ауылдың Қанымзия есімді қызымен отау көтеріп, екі қыз, бес ұл сүйді. 1971 жылы Балықшы мұнай құбырлары басқармасына құбырларды тексеруші болып жұмысқа орналасады. Осылайша Атырау–Самара құбыры жұмысына өз үлесін қосқан азамат еңбекте де өзін жақсы қырынан таныта білді.

Осы «КазТрансОйл» жүйесінде өткен он жыл ішінде балаларын оқытып-тоқытып, бір-бір үй етіп шығарыпты. Бүгінде бәрі мамандық иелері, арасында ғалым, дәрігер, инженер, теміржолшы, оқытушылары бар. Олардың арасында мен білетін көп жыл Махамбет ауданының «Казсельхозтехника» бірлестігін, кейін ПМК-сын, «Атырау-Жарық» АҚ Махамбет АЭЖ-сін  басқарған, сонымен қатар аудан орталығы Махамбет селосының әкімі қызметін атқарған Амантай Зейнешұлының  еңбегін ерекше атап өткім келеді. Махамбет ауданының құрылыс саласын дамытуда, оның ішінде селодағы орта мектеп, балабақша мен екі қабатты бірнеше тұрғын үйді салуда оның қолтаңбасы бар. Бүгінде Амантай Зейнешұлы Махамбет ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер.  Ал келесі ұлы Бекет Зейнешұлының есімі облысқа танымал, Атырау қаласының Құрметті азаматы, ҚР ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің  ардагер ұстазы, техника ғылымдарының докторы, профессор.

ІІ топтағы соғыс мүгедегі, еңбек ардагері Зейнеш Кенжеғұлов 2007 жылы 2 мамыр күні  дүниеден озды. Осылайша, соғыстың солдаты болып сапқа тұрған ол Атыраудан Еуропаға дейін жаяу жүріп өтіп, Ұлы Жеңіспен елге оралған жауынгердің бірі ретінде ел есінде мәңгі қалмақ…

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button