Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Аш кезде азық болған тұт ағашы

…Ес білгелі әкем марқұм: «Аталарың соғысқа кетіп, өмірін берді. Мен әкемді көрмедім, тым болмаса сүйегінің жатқан жерін білсем ғой», — деп аңсайтын. Атам майданға аттанғанда әкем еңбектеп жүрген сәби екен. Ер жетіп, оң-солын таныған соң атамыз туралы дерек іздестірген. Тиісті мемлекеттік мекемелерге, республикалық «Хабар» телеарнасының «Бармысың, бауырым» бағдарламасына, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі арқылы да сұрау салып іздестірдік, алайда ешқандай нақты мәлімет-дерек ала алмадық. Интернет желісіндегі «ОБД Мемориал» сайтында кейбір сәйкестіктері бар, ұқсас есіммен бір адам табылды, бірақ қайда жерленгені анықталмаған.

Атамыз Демесін Дүйсенғалиұлы Сейітов 1909 жылы Гурьев облысының Теңіз ауданының орталығы – Ганюшкино ауылында туған екен. Әкесі Дүйсенғалидың кіндігінен Ұлмекен, Дәметкен, Тұрсын, Қадиша, Үлпат есімді бес қыз бен Елеусін, Қажен, Демесін атты үш ұл тарапты. Сол үш ұл 1941 жылы майданға бірге аттанғаннан хабарсыз. Атам шамамен 1941 жылдың желтоқсан айынан бастап із-түзсіз жоғалғандардың есебінде. Соғысқа кеткенде артында анасы Күніш пен 1909 жылы туған келіншегі Шырын Сейітова жалғыз тұяқ – Камалиды бауырына басып қалған екен.
Әкем сұрастыра жүріп, жан-жаққа қоныс аударып кеткен, өзі білмейтін туыс-бауырларын да тауып алыпты. Дерек іздестіру барысында атамыз тұрған ауылға барып, көрші-көлем, атамызды танитын, көз көрген ақсақалдармен жүздесіп білген әрбір мәлімет әкем үшін атамызға бір қадам жақындағанмен бірдей еді.
Астрахан облысының бұрынғы Зеленга ауданына қарасты бүгінде жұрты ғана қалған Қарабүйрек (Теңгетөбе) ауылында Кәри Ташановтан естіген әңгімесін әкем марқұм үнемі айтып жүретін. Сол ауылдағы «Жаңажол» ұжымшарында соғыстан келіп, егіс бригадирі болып жұмыс істеген Кәри майданда аяқ-қолдан жарақат алып, елге оралар алдында сол бөлімшенің далалық асханасында жұмыс істейтін Демесін атамды жолықтырады.
«Маған бұл жерде ақшаның не қажеті бар, кухняда жүрмін ғой, аш қалмаспын, сенің бір қажетіңе жарар. Ауылға аман-есен жеткен соң, мүмкіндік болса, үй-ішіме сәлем айт, аман екенімді жеткіз», — деп қолындағы ақшасын, сосын жолына мол етіп тамағын салып беріпті. Осы ақырғы кездесу Севастополь қаласынан 18 шақырымдай жерде болған.
Көзкөргендердің айтуынша, Демесін соғысқа дейін бір гектардан астам тұт (тутовник) ағашын егіп баптаған көрінеді. Соғыстың ауыр жылдарында ағаштың жемісі ауылдастарына азық болып, аштықтан аман қалуына септігін тигізген екен. Соған қарағанда атам Демесін Дүйсенғалиұлының агрономия саласынан да хабары болуы мүмкін деген тұжырым ойға орала береді.
Әжем Шырын Биғалиқызы тылда күніне 25 сиыр сауып, әрқайсысы 18-20 литр болатын 8 бидон сүтті төрт аяқты арбаға өзі тиеп, бес шақырымдай жердегі Тулугановка селосындағы маслопромға тапсырады. Сонда ол тек сауыншы емес, тапсырған сүттің майы мен сүтін айыру жұмысын да алып жүрген.
Соғысқа кеткен атамның жалғыз шалбарының белін буып киіп, әкем жеті жылдық мектепті бітіреді. Ол кезде халықтың дені оқымаған, жазу-сызудан хабары аз. Үлкендерге әскерге кеткен балаларының хаттарын оқып, жазып беріп бала жүректерінің сағыныш-шерлерін басқан.
«Әкем есімде қалмаса да, өзінен қалған жалғыз шалбарды асылдай көріп, үстімнен тастамай кидім. Сонда әкем қасымда жүргендей, бір үміттің жетегінде ер жеттім» дейтін әкем жарықтық. Атамыздың сүйегінің жатқан жерін түбінде табамын деген үмітпен білім алуын тоқтатпаған әкем Камали Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітірді. Атырау өңірінде 40 жылдан астам ұстаздық етіп, жоғары санатты, білікті педагог атанды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі, басқа да жауапты қызметтер атқарды. Темірдей тәртіппен әр шәкіртінің санасына білім нәрін құйып, адамгершілікке баулыды, олардың әрқайсысының қазақ елінің абзал азаматы болуына өз үлесін қосты. 1966 жылы анамыз Үнзила Орынбайқызы Жангереевамен отау құрып, жалғыз тұяқтан өрбіген бір ұл, төрт қыздан 17 немере-жиен, 12 шөбере сүйді.
Әкесіне деген сағынышы соншалық, ол туралы сөз болғанда үнемі көзіне жас алатын. Әкем Камалидың армандарының бірі сұм соғыс жанын алған атамыздың жатқан жерін тауып, басына барып бет сипау еді. Әттең, сол арманы орындалмай, биыл 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Енді сол арман біздің, яғни ұрпағының арманына айналды.
Кейінгі толқын соғыстың не екенін тек тарихтан танып-біліп, бейбіт өмір сүрсін. Енді халыққа еліміздің тыныштығы мен амандық керек.

Гүлназ СЕЙІТОВА,
немересі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button