
Соғыстағы сойқан. Өнердегі ерлік
Үш жыл, он ай, екі апта, үш күнге созылған кеңес-герман соғысының жылнамасын ақтарып көрсек, небір тарихтың беті ашылады. Сол жылдары кескілескен ұрыс даласындағы жауынгерлердің қасық қаны қалғанша Отанды қорғап, қаһармандық ерлік көрсетуі КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің бұйрығымен арнайы бағаланыпты. Мұны кез келген жан біле бермеуі мүмкін. Бірақ тақырыпқа тереңірек үңіліп, адамзатқа қарсы жасалған бұл әскери қылмыстың ұңғыл-шұңғылына жіті мән бергенде көп жайға қанық боларыңыз анық.

Соғыс тарихын терең зерттеген атыраулық қаламгер Жұмабай Доспанов келтірген жазба мәліметтер бойынша 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында мергендерді (снайпер) марапаттаудың арнайы Ережесі болған екен. Мысалы, жаудың 1 мергенін немесе 1 офицерін не 4 сарбазын жойған мерген «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен, қарсыластың 1 мергенін (1 офицер немесе 6 солдат) жойғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен, жаудың 2 мергенін (2 офицер немесе 10 солдат) жойған мерген «Қызыл жұлдыз» орденімен, басқа да тиісті талаптар ресми түрде бекітілген. Ал, «Кеңес Одағының Батыры» атағы немістің 10 мергенін немесе 10 офицер немесе 50 солдаттан көп көзін жойғаны үшін берілетін болыпты. Шынында да, Ж.Доспановтың зерттеуінше, соғыстағы ерлігі үшін 75 мерген Кеңес Одағының Батыры, «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Олардың 17-сінің әрқайсысы 51-ден 98-ге дейінгі фашисті жер жастандырған.
Бұлардан басқа, қаншама мергеннің қаһармандығы елеусіз қалды десеңізші. Солардың бірі – он бес жасында орындаушылығымен атақты нарком Темірбек Жүргеновтің қырағы назарына ілігіп, кейін қазақ даласына күйшілігімен танылған Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі Ғалым Қойшыбаев. Жеті жасында анасынан, он екі жасында әкесінен айырылған ол өзінен жеті жас кіші інісі Мәкәлім екеуі 1932 жылдың тамызынан бастап Оралдағы жетім балалардың мектеп-интернатында өсіп-жетіледі. Жүргеновтің оны көретіні де сонда жүргенде болатын. 1934 жылдың 14-20 маусымы аралығында Алматы қаласында өткен халық өнерпаздарының республикалық слетіне республикадағы алты облыстан 90-ға тарта өнерлі адам қатысады. Оның ішінде домбырашы да, қобызшы мен сыбызғышы да, әнші-ақын мен суретші де болған көрінеді. Қатысушылардың қариясы – Жамбыл Жабаевтың жасы сексен сегізде, ең жасы – Ғалым он бесте екен.
Слетте жас өреннің аяқалысын байқаған Қазақ АКСР Ағарту халық комиссары Темірбек Қараұлы оны Алматы музыка-драма техникумының студенттігіне қабылдауға шұғыл тапсырма беріп орындаттырған. Арада бір апта өткенде Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен КазЦИК (1944 жылдан – Құрманғазы) атындағы Қазақ мемлекеттік ұлт аспаптары оркестрі құрылады. Сонда слет делегаттарын жұмысқа қабылдауды Жүргенов қатаң тапсырған. Сөйтіп, тісқаққан тарландар Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитов, Жаппас Қаламбаевтармен бірге Ғалым да оркестрдің алғашқы құрамына кірген екен.
Алматы қаласындағы Сталин (қазіргі Алмалы) аудандық әскери комиссариаты арқылы 1940 жылдың 19 мамырында Армия қатарына алынып, жасы жиырмадан енді ғана асқан Ғалымға Орта Азия әскери округіне қарасты Түркімен елінің Чарджоу қаласының дәмі бұйырады. Ал, келесі жылдың маусымында соғыс басталғанда бұлар Ауған шекарасындағы Термез қаласы маңында әскери оқу-жаттығуда жүрген. Қазақстанның Ақтөбесінде жасақталған әскери құрама сапында Мәскеудің терістік-батысындағы Клин қаласына бекінген 2-гвардиялық Қызыл тулы дербес атқыштар бригадасын толықтыруға келеді. Кіші сержант Ғалым Қойшыбаев өзі күрделі операцияларға қатысқан 1941 жылдың жазынан 1943 жылғы қазанның соңына дейін Калинин, Солтүстік-Батыс, Воронеж майдандарының құрамындағы 1-екпінді армияның 391-атқыштар дивизиясына қарасты 1280-полкі 2-атқыштар батальонының бөлімше командирінің көмекшісі, бөлімше командирі, мерген болған.
1982 жылғы өз қолымен жазған естелігінде Ғалым ағамыз соғысқа кірген кезден бесінші рет ауыр жараланып, әскери дәрігерлік комиссияның «ІІІ топтағы соғыс мүгедегі» деген қорытындысы шығып, елге оралғанға дейінгі бастан кешкендерін толық жазған екен. Орыс тілінде жазылған естелік 2009 жылы «Жібек жолы» баспасынан 500 данамен жарық көрген «Галым Койшыбаев – снайпер из Казахстана» кітабында «Воспоминания снайпера 391-стрелковой дивизии Галима Койшыбаева» деген тақырыппен берілген. Ұлы Рақым Қойшыбаев жинақтаған кітаптан осы тарауды қазақшаға Ж.Доспанов аударған.
Естелікке қарағанда, сержант Ғ.Қойшыбаев әскери жорық жолында 200-ге тарта фашист солдатын, 4 танкі мен 10-нан астам пулеметінің көзін жойған екен. Ал, соншама немістің 126-сын мерген ретінде жер жастандырған.
1942 жылдың 13 қарашасында Ғ.Қойшыбаевты «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапаттау жөніндегі ұсынысында 1280-атқыштар полкінің командирі, подполковник Федоров оған мынадай сипаттама берген: «Тов. Кайшыбаев (құжатта солай жазылған — авт.) – отличный снайпер из винтовки. С октября 1941 г. и до настоящего времени он имеет на своем счету 74 убитых немецких солдат и офицеров. Кроме того т.Кайшыбаев Г. проводит большую работу по обучению снайперскому делу других бойцов. Некоторые из них в свою очередь имеют по несколько человек убитых гитлеровцев. Он является примером для бойцов и пользуется авторитетом среди личного состава части…»
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан Солтүстік-Батыс майданы Әскери кеңесінің 1942 жылдың 16 желтоқсанындағы №01618 бұйрығына сәйкес, 1-екпінді армияның «На разгром врага!» газеті 1943 жылдың 4 қыркүйекте шыққан санында «Н. бөлімінің батыры, 100-ден астам неміс басқыншысын жойған ержүрек снайпер Ғалым Қойшыбаев «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды» деген сипаттамамен Ғалымның суретін береді. Марапаттау парағының түпнұсқасына қарағанда, бұл орден – Ғ.Қойшыбаевтың алғашқы марапаты. Өйткені, Федоровтың ұсынысында бұрын ешқандай наградаға ие болмағаны жазылыпты. Ал, 1985 жылдың 23 желтоқсанында алған І дәрежелі «Отан соғысы» ордені майдангерге Жеңістің 40 жылдығына орай берілген.
Воронеж майданына қарасты 391-атқыштар дивизиясының басшылығы 1943 жылдың ақпанында Қызыл Армияның құрылғанына 25 жыл толу құрметіне арнайы салтанатты жиын өткізіп, онда дивизия командирі, генерал-майор Максим Козырь 100-ден астам неміс мергені мен автоматшы-барлаушыларын, пулеметші-минометшілері мен офицерлерінің көзін жойған даңқты мерген Ғалым Қойшыбаевты «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынғанын жария етеді. Ғ.Қойшыбаевтың естелігіне қарағанда, ұсыныс корпус қолбасшылығынан қолдау тапқанымен, одан әрі аяқсыз қалған сыңайлы.
Жергілікті тарихшы-қаламгер Ж.Доспановтың дәйегіне сүйенсек, сол кездегі Қазақ КСР Әскери комиссары, генерал-майор Нұрлы Бәйкенов 1967 жылдың 19 шілдесінде осы жөнсіздікті түзеу мақсатында сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы Андрей Гречкоға арнайы хат жолдайды. Онда Нұрлы Бәйкенұлы мерген, сержант Ғалым Қойшыбаевтың қаһармандық ерлігін атап көрсетіп, оған «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасына ұсыныс жасауды сұраған. Бірақ бұл ұсынысты маршал А.Гречко да қараусыз қалдырады.
Шынында, Ғалым Қойшыбаевтың майдан даласында көрсеткен ерлігі «Кеңес Одағының Батыры» деген атаққа әбден лайық болатын. Себебі, Ғалым мергеннен зәресі ұшып қорыққан фашистер оны қалай да қолға түсірудің барлық айла-тәсілін қолданған. Сонда да ойлағаны жүзеге аспай, әбден ызаланған немістер бұлардың бекіністерін зеңбірекпен үсті-үстіне атқылап, әуеден бомбалап шат-шәлекейі шығады. Сонда да Қойшыбаев деген «қызылкөз» мергеннен құтыла алмағасын, оның көзін жоюға барлаушы-диверсанттарын жібереді. Ақыры, батальон командирі Полубесов Қойшыбаевтың снайперлер бөлімшесінің әрекетін уақытша тоқтатуға мәжбүр болыпты. Үнсіз қалған соң «өлдіге» санаса керек, немістер де тынышталған.
Вермахт командованиесінің бұған осыншама шүйлігуіне себеп болған Қызыл Армияның 391-атқыштар дивизиясының саяси бөлімі шығаратын «За Родину, за Сталина!» газетінің 1942 жылғы 21 қыркүйектегі №135 санында жарық көрген «Следуйте примеру лучших снайперов» атты мақала еді. Онда 1280-полктің снайпері Ғалым Қойшыбаевтың қысқа мерзім ішінде 20-дан астам фашистің көзін жойғанын жазса, қыркүйектің 25-індегі «Мсти, воин!» мақаласында бұл есеп 37-ге жеткен. Ал, 30 қазан күні осы газет қазақ снайпердің 64 дұшпанды о дүниеге аттандырғанын паш етеді.
Ал, елдегі «Казахстанская правда» газеті 1942 жылдың 27 қыркүйегіндегі №229 санына батальон комиссары, аға саяси жетекші А.Шабаршиннің «Лицевой счет Галима Койшибаева» атты мақаласын, «Социалистік Қазақстан» газеті 1942 жылдың 9 қарашадағы №274 нөмірінде А.Шабаршиннің қазақ снайпері Ғ.Қойшыбаевтың 79 фашисті жер жастандырғаны жөніндегі хабарын жариялаған.
Ол қан майданда бес рет жараланған, оған айғақ – КСРО Қорғаныс министрлігі әскери-медициналық музейінің 1967 жылдың 17 ақпанында берген екі анықтамасы. Онда былай деп жазылған:
«Сержант 1280-го стрелкового полка Койшибаев Галим с 5 декабря 1942 года находился на излечении в медсанбате №473 по поводу слепого осколочного ранения шеи. Убыл в часть 16 декабря 1942 года.
Сержант Койшибаев Галим 30 декабря 1942 года получил сквозное пулевое ранение правого предплечья с повреждением локтевой кости. Находился на излечении в эвагоспитале №3995 до 15 марта 1943 года».
Ал, 1943 жылдың 23 мамырында қайтадан ауыр жараланған сержант Қойшыбаев госпитальде екі жарым ай емделген. Бірақ әскери тапсырмаларға баруға жарамаған оны сол жылғы қазанның аяғында әскери-дәрігерлік комиссия жауынгерлік қызметке жарамсыз деп танып, армия қатарынан босатыпты.
Ғ.Қойшыбаев 1982 жылы жазған естелігін былай деп аяқтаған: «…Елге оралғанда қайда барамын, туған жерім – Гурьевте өндірісте жұмыс істейін десем оған лайықты мамандығым жоқ. Содан өнер адамына бірдеңе табылатынына үміттеніп, Алматыға тарттым. Ол қадамым дұрыс болып шықты. 1944 жылдың 7 тамызында маған Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атағы берілді…»
* * *
Осылайша, өлтірген жауының саны 100-ге жетпесе де, «Кеңес Одағының Батыры» атағын алып, «Даңқ» орденінің толық иегері атанған 75 мергеннің көрсеткішінен нормативті төрт есе артық орындаған Ғалым Қойшыбаевқа бүгінде лайықты атағы бұйырмады. Ақиқатына келсек, Ғалымның ұрыс даласында 200-дей фашистің көзін жоюы – күллі әлемдегі ең үздік 100 мергеннің тізіміне енетін ерлік.
Оған қоса, «Кеңес Одағының Батыры» атағына екі рет ұсынылса да, көзінің тірісінде қолы жетпеген соғыс және еңбек ардагері, «Жауынгерлік Қызыл Ту» және І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иегері, әйгілі домбырашы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі Ғалым Қойшыбаевқа тәуелсіз Қазақ елінің «Халық қаһарманы» құрметті атағы дүниеден өткеніне 40 және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай берілсе қандай ғанибет. Өйткені, 1919 жылы Тайсойған құмында кіндік қаны тамған ұлттың танымал күйші-композиторы 1985 жылы Алматы қаласында дүние салғанға дейін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптары оркестрінде домбырашы, Ақтөбе және Алматы облыстық филармониялары жанындағы ұлт-аспаптары оркестрінің бас дирижері ретінде ұлт мәдениеті мен өнерін асқақтату үшін де маңдай терін төккен қайраткер болатын.
Зайыбы Рахия Қойшыбаева да қазақтың театр және кино өнерінің дамуына өлшеусіз зор үлес қосқанын қалың бұқара ұмыта бастады. Рахия Рысбайқызы Қарағанды облыстық және Қазақ мемлекеттік драма театрларының актрисасы ретінде театр саласында көптеген образдарды сомдаса, 1940-1963 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында қазақ киносының жауһары саналатын 10 фильмде басты рольді сомдаған шебер актриса, әрі әнші. Қазақ КСР халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері.
Атқанын мүлт жібермеген мергендігін айтпағанда, ұлт руханиятына сүбелі еңбек сіңірген ерлі-зайыпты өнер қайраткерлері Ғалым мен Рахия Қойшыбаевтардың мұндай теңдессіз еңбегі ешқашан ескерусіз қалмауы тиіс.
Назарбек ҚОСШИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі