
Майданда – қаһарман, бейбіт күнде – қайраткер
Қара қылды қақ жаратын адал, қызмет десе ішкен асын жерге қоятын іскер азамат болғандықтан да жұрт оны қадір тұтатын, сыйлайтын. Артында ізгілікті ізі қалған Ізни аға еді-ау, шіркін! Қайда жүрсе де, қайда қызмет істесе де жанын сала, құлай беріле еңбек еткен, тағылымды тәрбиесімен, қатаң тәртібімен, мейірімді жүрегімен, айнымас адалдығымен, шынайы тазалығымен есте сақталған тау тұлға ол. Ізни Масабайұлын тұңғыш кездестірген адам сұрғылт жүзін, бұжыр бетін, қалың қабағын көріп «қатал кісі болар, алды суық шығар» деп топшылауы ғажап емес еді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасынан ауа Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетінің редакциясына қызметке орналасқан шағымда бастапқыда мен де солай ойлап қалғанмын. Бірақ таныса, білісе, түсінісе келе ілкідегі қалыптасқан көзқарасымды тіпті өзге арнаға бұруыма тура келді.

Ізни Нұрсқасымовтың әріптесі Теңдік Жауыров пен батагөй шежіреші Өтебай Бисенғалиұлымен бірге мәдени іс-шарада сөз сөйлеп тұрған сәті
Облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы, облыстық радио хабарларын тарату комитетінің төрағасы сынды лауазымдық үлкен қызметтерде істеген Ізни Нұрқасымовтың соғыс салған лаңнан денсаулығының сыр беріп, дәрігерлердің кеңесімен туған жерінің саф ауасы мен татаусыз табиғаты аясында болып, жанына дәру іздеп, шипа табу үшін көшіп келген кезі. Редакцияда екінші бастық–редактордың орынбасары. Қолында күміс сапты таяқ, басында қазіргі сот судьясы киетіндей бас киім – мантия, аяғын сәл сылтып басып, тыраш жүретін, қала салтынан ара үзбеген уақыты. Бұра сөзге жоқ, іске мығым. Тілін тауып, сауал қоя қалсаң, неміс басқыншыларымен шайқасы бар, бейбіт өмірдегісі бар, талай әңгіменің басын қайыратын. Көңілді отырып, қарқылдай күлген мезгілінде жамалы құлпырып, сұрғылт жүзі реңденіп, қабағы жадырап шыға келетін. Айтып отырса жастық шағы қиындыққа толы болыпты. 1925 жылы Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында туған ол балалық шағында талай зұлматты бастан өткерген. Жиырмасыншы жылдарда жоқшылықтың салдарынан өлмешінің күнін кешкен. Ал отызыншы жылдарғы ашаршылық, етек алған жұқпалы ауру әбден титықтатқан. Осыдан кейін отбасы Мақат кәсіпшілігіне көшіп барып, мұнайлы өңірден нәпақа табады. Сөйтіп күнкөрістері түзеле бастағанда тағы бір зұлмат алдан шығады. Соғыс. Ол тұс Ізни Нұрқасымовтың Мақат орта мектебінің 7-ші сыныбын жаңа ғана тәмамдаған шағы еді. 8-ші сыныпты Гурьев қаласындағы Жамбыл орта мектебінде бастағанмен оқудан береке қашады. Балалардың көбі майданға аттанғандардың орнын басып, жұмысқа кіріп кетеді. Солардың қатарында Ізни де механикалық зауыттың (кейін оған соғысқа байланысты Украинадан бері аударылған Петровский атындағы зауыт қосылады) шеберханасына токарьдің үйренушісі болып жұмысқа орналасады. Үш айдан кейін разряд алып, дербес жұмыс атқаруға кіріседі. Қолында мұнай өнеркәсібіне қажетті маман ретінде әскерге шақырылудан босатылған бронь бола тұра 1943 жылы жасы 18-ге толмай тұрып өз еркімен майданға аттанады. Қысқа мерзімді даярлық курсынан өткеннен кейін сержант шенін алады. Майдан шебіне барғаннан соң партия қатарына өтеді.
Ұзақ мерзім бойы уысында ұстап тұрған Сталинградтан айырылған неміс командованиесі аса ашулы болатын. Олардың Курск доғасында барын салып, Қызыл Армияға қарсы жойқын шабуыл ұйымдастырмақ ниетін, екінші дүниежүзілік соғыстағы аса ірі танктер шайқасы болғалы тұрғанын кеңес әскері қолбасшылары алдын-ала болжап, біліп тас-түйін әзірлік жүргізеді. Құрамында сержант Ізни Нұрқасымов жетекшілік ететін танкіге қарсы ататын қару расчеті бар резервтегі дивизия ұрысқа араласқанда жаудың беті біршама қайтып қалған шақ. Дегенмен ара-тұра қарсы шабуылға шығып, жаралы жолбарыстай өшігіп, өршелене алға ұмтылатын. Расчеттағы екі адам ұзындығы екі метрлік қаруды ұршықша иіре нысанаға бағыттап, танк бронын тесетін 16 миллиметрлік оқ патронымен көздей атады. Ізни басқаратын екі ПТР (танкіге қарсы ататын расчет) дұшпанның үш танкісін жағып жіберіп, саптан шығарады. Үшеудің бірін жайратқан бөлімше командирі Нұрқасымовтың өзі еді.
– Ең ірі кескілескен ұрыс, – деп еске алады Ізни Масабайұлы өзінің 2002 жылғы наурызда жазған «Ерте есейдік, ел қорғадық» атты естеліктер топтамасының «Он сегізде от кештік» деген екінші бөлігінде, – Украина жерінде Херсон-Шевченко операциясында болды. Осы жерде біздің 4-ші гвардиялық армия немістің он дивизиясын қоршауға алған еді. Қоршау сақинасын бірте-бірте тарылтып келеміз. Немістер біздің 58-інші дивизияның тұсынан жанұшырып, бұзып шығуға тырысады. Барлық күштерін төгіп, танкілерін осы учаскеге шоғырландырды. Шабуыл үстіне шабуыл, үлкенді-кішілі қарсы атака бірінен соң бірі жалғасып жатты. Міне, немістердің кезекті қарсы шабуылы екі сағаттық зеңбірек атқылауынан кейін іле-шала танкілер атакасынан басталды. Біздің батальон тұсынан 40 шамалы танк пен өздігінен жүретін зеңбіректер бұрқытып шыға келді. 500 метрге дейін оқ шығармауға бұйрық болған, үндемей тым-тырыс жатырмыз. Межелі жерге келгенде біздің ПТР-лер мен 45 миллиметрлік зеңбіректер тарсылдата жөнелді. Біздің алдымызға екі танк ентелеп келіп-ақ қалды. Біреуін тоқтаттық. Шынжыр табаны тарқатылып түсті. Бірақ бір орында тұрып зеңбірегінен, пулеметінен оқ жаудырды. Енді башняны көздедім. Башня шиеленісті, бұрылмай қалды. Сөйткенше болған жоқ екінші танк таялып қалды. Атып жатырмын, атып жатырмын, тоқтайтын танк жоқ. Оқ танктің осал жеріне тимесе бронды теспейді, оқ шыңылдап кейін серпиді. Дәл солай болып жатса керек. Сонымен, танк таялып қалды. Жылдамдығы қатты, бұрқытып атып келеді. Ажал оғы жаңбырдай себелеп жатыр. Жанталасып гранатаға жабыстым, лақтырып та үлгердім. Граната жанына түсіп жарылды. Сөйткенше болған жоқ, танк окопқа мініп-ақ алды, «восьмерка» жасап, шырқ айналып жатыр. Абырой болғанда окоп терең еді, жері онша жұмсақ емес-ті, топыраққа көмілгенмен тұншыққан жоқпыз. Танк бізді шаруасы біттіге санап ілгері тартты.Осы кезде қасымдағы расчеттің атқышы Сергей Козлов деген орыс жігіті гранатаны дәл лақтырып, жанармай багын жағып жіберді. Танк қара түтінге оранды. Ішіндегі экипажын да құтқарғанымыз жоқ. Жау танкілері артынан ілесіп келе жатқан фашистер де біздің жақтың пулеметі мен автоматы «очередтері» астында қалды, баудай жапырылды. Атака тоқтады. Біздің батальон ілгері жылжып, қоршау шеңберін тарылта түстік.
Қанды қырғынды көзбен көріп, бастан өткерген Ізни Масабайұлы соғыс сұмдықтарын ұмытпаған. Бәрі жадында. Әскери тілде жатық әңгімелейді. Болғанды болған күйінде баяндайды. 1944 жылғы көктемде 58-інші дивизия қайта жасақталғанда Ізни батальон минометіне расчет командирі болып тағайындалады. Оның «Комсомол-жастар расчеті» деген атақ алған бөлімшесіндегі бес жігіттің бәрі 18 бен 20 жас аралығындағы өрендер еді. Бұл құрам берілген қиын-қиын тапсырмалардың қай-қайсысын да мүлтіксіз орындауымен көзге түседі. Сол жылы жазда кеңес елінің шекарасына жетіп, Батыс Буг өзенінің жағасына жетеді. Сол жағалауындағы Польша мемлекетінің аумағы әлі де болса неміс басқыншыларының қолында еді. Өзеннен өту операциясы кезінде Ізни бастаған расчетқа жаудың екі пулемет нүктесін жою тапсырылады. Аса дәлдікпен тікелей көздеп ату нәтижесінде ажал оғын сеуіп тұрған екеуінің үні өшеді. Сөйтіп, бұлар батальонның еш шығынсыз өзеннің арғы бетіне өтуіне алғышарт жасайды. Осындай ерліктеріне орай Ізни Масабайұлы «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталады.
Ұрыста жамбасынан оқ тиіп, госпитальда емделіп шыққаннан кейін Ізни алған жарақатының ауырлығына орай әскери медициналық комиссияның шешімімен елге қайтарылады. Соғыс кезінде майдандағы дивизиялық, армиялық басылымдарға, облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетіне мақалалар, корреспонденциялар, хабарлар жазып, баспасөз беттерінде аты-жөні жиі-жиі көрініп, қаламгерлік қырынан танылған ол бірден Есбол (қазіргі Индер) аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газетіне жауапты хатшы болып қызметке орналасады. Бұл қызметте бір жыл болған соң аупартком оны газет редакторлығына ұсынады. Облыстық партия комитетінің бюросына бекуге келгенде бюро мүшелерінің ішінен оған жас деп қарап, қарсылық көрсеткен ыңғайын білдіргендер табылады. Сол кезде бюроны жүргізіп отырған обкомның екінші хатшысы Сунузов «А что, когда ему было 18 лет, он держал определенный участок фронта, командовал расчетом, выдержал натиск фашистов. Почему в мирное время недоверить ему работать среди нас. Есть предложение утвердить…» деп нүкте қояды. Екінші хатшы осылай деп турасын, әділдігін айтқанда кім қарсылық көрсетсін, бәрі оны қолдап, қол көтереді.
Аудандық газет аудан өмірін терең көрсетіп, жемқорлықпен, шашпашылдықпен күресте өткірлігімен оқырмандардың көңілінен жылы орын тебеді. Ізнидің өзі осыған орай фельетон жазып, талай былықтың бетін ашады. Ізни кейін Алматы жоғары партия мектебінде оқып, білімін жетілдіреді.
Ізекең 1967 жылдың екінші жартысында Төлеубай Ысқақов облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Индер аудандық «Индер» газетін басқаруға ауыстырылғаннан кейін, оның орнына «Коммунизм туы» газетінің редакторы болып тағайындалды. Жаңа басшымыз бірден ауыл-ауылдағы қолынан жазу келеді-ау деген жастарды газет ісіне тартты, редакцияға кадрлар даярлауға шыңдап кірісті. Қызметкерлердің үй-жайымен қамтамасыз етілуіне, тұрмыстық жағдайларына қамқорлық жасады. Солардың бірі өзімнің редактордың қолдауымен, аудандық партия комитетінің, прокуратураның араласуымен менімен ауаткомның бөлім бастығының өзі өңмендеп таласқан даулы пәтерді жеңіп алуым таң қаларлықтай оқиға болды. Ол пәтер редакторымның үйімен арада үйі жоқ, шарбақтас болып шықты. Демек, екеуміз Жангелдин көшесіндегі іргелес көршіміз. Зайыбы Ақзия да биязы, жібек мінезді, адамға аса үйірсек кісі екен. Өзі менімен рулас, Жайық Беріштің қызы көрінеді. Көршілік қақ па, әлде қызметкеріне қарасқандық па, маған қамқорлықты бұрынғыдан да күшейтті. Сағыздан көмір тасу, кеңшарлардан малға шөп алу жеңілдеді. Ізекең телефон соқса болды, машина да, пішен де табылып, бәрінің орайы келе кететін. Қысқы боранда, көліктері батып далада қалғанына, аяғының ақаулығына қарамай тәтем Отарбай екеуі құм жиегіндегі ауылға дейін омбы қарды белуардан кешіп барып, қалыңдығым Меңсұлудың үйіне құда түсіп қайтуы қалай ұмытылар?! Редакцияға әдеби қызметкерлікке қабылданған мені араға екі жылдан салып бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтеріне сатылап жоғарылатып отырды. Қазір ойлап қарасам, осының бәрі түбіт мұрт жас кадрды қолдау, демеу, қанат бітіру, баулу екен ғой. Бұдан асқан саған не жақсылық жасауы керек?!
Шарапатын Ізекең жалғыз-жарымға ғана емес, талай лек жасқа тигізді. «Комсомол» кеңшарынан төгілтіп тұрып жазатын балаң Жолдығали Бақытовты, «Қызыл тудан» қаламы желді өрім Жолдас Жанқуатовты, Миялыдан талабы таудай ақын қыз Шолпан Ұғыбаеваны редакцияға алдырды, олардың журналистік сапардағы тұсауларын кесті. Фототілші керек болғанда Орлыкөл орта мектебінде еңбек жолын бастаған, суретке түсіру өнеріне бейім Қайрош Қабдешевті таңдады. Жаңылыспапты. Кейін ол облыстық «Атырау» газетінің фототілшісі, тәжірибесі әбден толысқан, өзі тәлімгерге айналған журналист атанды. Есімі облыстан асып, республикаға белгілі болды. Ізни Масабайұлы өзінің орынбасары Қабижан Сағиев екеуі ақылдасып шешіп, Мұқырдан қара сөзден өрнек құрайтын жеткіншек Мереке Құлкеновті «Коммунизм туына» қызметке шақырды. Осы тізім Нұрлан Қабылов, Әбілхан Төлеуішев, Мақсот Ізімов, Хамит Әубәкіров, Мағрупа Қазихан, Лес Жолдиев, Халидолла Ізекенов… болып әрі қарай созыла береді. Бүгінде бұлардың осы қалайы жоқ, бәрі де журналистиканың бір-бір тұтқасын ұстап отырған мықтылар. Тек Лес Жолдиев ғана аудандық газеттің бас редакторы болып жүріп өмірден ерте озды. Ақсақалдық атаққа іліккен, зейнеткерлікке шыққан адамның артындағы ізбасарларын түгендейтіні ежелден келе жатқан дағды. «Кім қайда жүр?» деп алаңдайды. Ізекең бұ дүниеде бар шағында кездескенімде: «Біздің «Қызылқоға» газетінің редакциясы облысқа, республикаға бас редакторлар даярлайтын ұстахана тәрізді болыпты. Демек, жаман қызмет істемегеніміз-ау» деп мақтанып, масаттанып отырды. Ол әуелі республикалық газет-журналдардан бастады. «Ана тілі» газетінің, «Таңшолпан» журналының бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болған Мереке Құлкеновті атап, бас бармағын бүкті, екінші «Атамекен» газетінің бас редакторы Жолдығали Бақытовтың аты-жөнін айтып, бес саусағының тағы бірін – балаң үйректі жықты, үшінші «Ақ босаға» газетінің бас редакторы Шолпан Ұғыбаеваға кезек беріп, ортан теректі төмен қисайтты. Енді облыс өңіріне келді: Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Нұрлан Қабыловтың кім екенін ерекшелеп, журналистикаға қалай келгенін әңгімелеп, бір шалқып алды да, сол санатқа облыстық «Қайсар» қоғамдық құқық қорғау газетіне жетекшілік етіп жүрген (алдында облыстық телерадиокомпанияда бас редактор қызметін атқарған) мені де қосып барып, бір қолының бес саусағын түгел бүгіп бітірді. Содан соң аудандағы әріптестерін санамалауға көшті. «Ұстаз шәкіртімен көрікті», «Мақтансаң шәкіртіңмен мақтан» деген байламдар осындайда жасалған-ау» деген ой жетегіне ілестім.
Бір тәуірі, Ізекең қарауындағы қызметкерлерге өзі іспен нақты үлгі-өнеге көрсеткен басшы. Аудандық партия комитеті бюросының мүшесі, аудандық кеңестің депутаты, газет редакторы ретінде кеңшарларға жиі-жиі іссапарға шығатын еді. Сондайда блокнотын фактіге толтырып қайтып, репортаж, корреспонденция, мақала дегендерді қарша борататын. Көбіне аяғына «Н. Қасымов» деген бүркеншек атын қоятын. Әсіресе, өткір сын мақаламен кемшілік жібергендерді аямай түйреудің шебері болды. Оның «Комсомол» кеңшарының Ақкөл шабындығындағы мал азығын дайындаудың жаңа технологиясын меңгеру үрдістерінен жазған, газеттің оншақты нөміріне бірінен кейін бірі басылған топтама мақалалары оқырмандарын елең еткізді. Өйткені, жаңалық енгізу, бәрінен бұрын шабындық алқаптарында енгізу жыл сайын қайталанбайтын, шыған-тоғайда бір болатын елеулі оқиға. Сулы алқапты құрғатып, мол жемшөп дайындаудың тың әдістерін қолдануды Ізекең жеріне жеткізе, көркем тілмен, журналистік шеберлікпен баяндап берді. Өзгелерге баспасөз арқылы үлгі етіп ұсынып, озат тәжірибе қылып таратты.
Жанына ең жақын жүрген қаламдас інілерінің бірі ретінде Атырау журналистикасы сардарларының алдыңғы сапында болған Ізекең, Ізни Нұрқасымов жайлы талай салиқалы сөздер, тағылымды толғаныстар, ескірмес естеліктер айтуға әбден болады. Он бір жыл аудандық газетке жетекшілік еткеннен кейінгі Қызылқоға аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болған жылдарындағы керемет беделі, аудандағы көзбояушылықпен, сыбайлас жемқорлықпен, бос белбеу-лікпен күрестерінің өзі бір дастан. Соғыс жылдарындағы ерліктері мен батылдықтары үшін алған «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері мен бірнеше жауынгерлік медальдарының қатары оның бейбіт шақтағы ерен еңбектері мен ұйымдастырушылық саласындағы іскерліктеріне орай «Құрмет» орденімен және бірнеше медальмен марапатталуы тағы қосылды. Ол сонымен қатар Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы атанды. Басқаға қайдам, ал оған қызмет бабындағы байсалдылық, қатаң талап қоюшылық кәдімгідей жарасып тұратын. 1991 жылы облыстық телерадио компаниясының радио жөніндегі бас редакторы қызметіне барғанымда алдымнан Ізни Масабайұлының облыстық радио хабарларын тарату комитетінің төрағасы болған жылдарындағы қол табы, қалдырған ізі шықты. Ондай басшыны қастерлеу – біздің төл міндетіміз. Көрнекі жерге суретін іліп қойып, есімін ардақ тұттық. Иә, ол қызмет істеген жерлерінде сыйлы, қара қылды қақ жаратын әділ болған, артына ізгілікті ізін қалдырған Ізни майдангер, Ізни ұстаз, Ізни журналист, Ізни қайраткер еді-ау! Өз үлесін молынан қосқан Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерекесін сексеннің сеңгірінен асқанында көзімен көріп, содан кейін екі жылдан соң өмірден озды. Оның қастерлі кәсібін, ізгі жолын қазір ұрпақтары жалғастырып келеді. Бірі Ержан Ізниұлы «Мақат тынысы» аудандық қоғамдық саяси газетінің бас редакторы болса, енді бірі Гүлназ Кәрімжанқызы «Қазақстан» телерадио корпорациясының Атырау облыстық филиалының продюссеры. Халық құрметіне бөленген жан қашанда жадымызда жаттаулы.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
жазушы, «Құрмет» орденінің иегері