Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Ақылға қонбайтын талап ардагерлерді ұлығылауға кедергі

Ұлы Отан соғысы жылдары неміс басқыншыларын талқандаудағы Қазақстан халқының майданда және тылда көрсеткен ерен ерлігі ұшан-теңіз.  Жуырда тыл ардагері Қатимолла РИЗУАНОВПЕН әңгімелесіп, ардагерлердің бүгінгі жағдайы, ерлік істері туралы кеңінен мәлімет беруді жөн көрдік. Сонымен бірге Гурьев-Астрахан темір жол табанын салу кезіндегі қиындықтар, Атырау өңірінің соғыс жағдайындағы облыс болып жарияланған тарихи кезеңдер өз  алдына әңгіме өзегі болмақ.

– Ұлы Отан соғысы тақырыбында қазақтарға қатысты қандай мәселелер әлі толық зерттелмей, қолға алынбай келеді деп ойлайсыз?

 – Жеңіс – ортақ, орыс, украин, беларус, қазақ, татар, өзбек және басқа да ұлттар мен ұлыстардың ұл-қыздары жауға қарсы кезінде тізе қосып шайқасты. Олар бөлінген жоқ. Артта қалған отбасыларын, қасиетті елді мекендерін, ұрпағының болашағын қорғауды мақсат етті. Сол жолда жанын пида қылды. Рас, сол кезеңде кеңестік идеология белсенді жұмыс істеді. Әсіре көтермелеу, кейде қолдан батыр жасау сияқты түрлі әрекеттердің болғаны да жасырын емес.

Қазақстандықтардың арасында 500-дің үстінде Кеңес Одағының Батыры бар. Олардың арасында Индер ауданының Тума жайлауында дүниеге келген Боран Арыстанұлы Нысанбаев есімі тарихта қалған «А.Матросовтың ерлігін» оның өзінен 18 күн ерте жасаған. Бірақ тарих сахнасында Боран емес, Матросов бірінші болып аталып жүр. Тарихшылар баспасөзге А.Матросовтың өзін «Башқұртстанда балалар үйінде өскен қазақ баласы, руы тама» деп те жазды.

Сол сияқты Гурьев облысы Маңғыстау ауданынан Біләл Қалиев ең алғашқы ұшқыштар эскадрилиясының құрамында Берлинді бомбылаған. Одан кейін Сталинград шайқасында қаза тауып, белгісіз қалған.

Ал Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова – Құрманғазы ауданының тумасы. Еліміз мақтанатын осындай батырлар немесе бірнеше әскери орден-медаль алған жерлестеріміз жеткілікті. Ендігі әңгіме оларды кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде жеткізу  болып отыр. Атыраудың қаһарман қызы Хиуаз Доспанова Ұлы Отан соғысында нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен әскери ұшқыш болатын. Қарулас достарымен бірге әуеге 300 мәрте көтеріліп, фашистерге ажал оғын жоғарыдан қарша боратқан оларды герман әскерлері «түнгі перілер» деп атаған. Өйткені олар жауды қапыда қалдыру үшін қараңғы уақытта ғана әуеге көтеріліп, әскери тапсырманы бұлжытпай орындайды екен. Бір кездері ардагерлер кеңесі қаладағы оқу орындары студенттері мен оқушылары арасында Хиуаз атындағы шәкіртақы тағайындаған болатын.

Соғыс қаупі жақындаған шақта Беларусь еліндегі Брест қамалына Қазақстанда жасақталған үш жарым мың әскери жеткізіліп, бұрынғы бөлімдер басқа жаққа көшірілген. Соғыстың алғашқы сағатында таңғы 4-те фашистерді қарсы алған жерлестеріміз өздері жау тылында қалса да, айға жуық қамалды тастамады, немістерді кіргізбеді. Олар түгелге дерлік қаза тапты. Дәмдері таусылмағандары немістің тұтқынына түсті. Осы Брест КСРО-дағы алғашқы оншақты Мәскеу, Севастополь, Ленинград, Сталинград, тағы басқа «Батыр қалалар» сияқты «Батыр – қамал» атағын алды. Бұл біздің жерлестеріміздің жанын берген жеңістері еді. 

Құрманғазының ұрпағы Брест қамалын қорғаған

– Брест қамалын қорғауда тірі қалғандар қатарында тек Смирновтың есімі аталып жүрді. Сіз баспасөз бетіне шыққан мақалаңызда Құрманғазы Сағырбайұлының ұрпағы барын жазыпсыз. Осы жағдайды кеңірек айтып бересіз бе?

– Жеңістің бір мерекесі жылы оншақты қалаға (Мәскеу, Ленинград, Севастополь, Сталинград, Киев, Минск, т.б.) «Батыр – қала» атағы берілген-ді. Осы жарлық бойынша жалғыз Брест қамалы «Батыр – қамал» деген атаққа ие болған. Осы қамалды 22 маусымнан бастап шілде айының аяғына дейін (кейбір деректе 5 тамызға дейін) қорғаған 3,5 мың солдат  соғыс басталудан аз-ақ бұрын жеткізілген толықтай дерлік қазақстандықтар екен, яғни қамалды Батыр атандырған да негізінен қазақстандықтар болып тұр. Қамал қоршауда жау тылында қалды, майдан ілгері жылжып кеткен, сондықтан тамақ, су, жарық, т.б. жағдай болмаса да олар өліспей беріспеді.

Баспасөзде жалғыз Смирнов деген солдат (Соколов болуы да мүмкін) тірі қалды деп, «Огонёк» журналының сыртқы бетіне кейін суреті берілді. Онымен ертеректе Алатау шипажайында кездейсоқ қатар демалғанмын. Ауыл шаруашылығы институтының профессоры, өндіріс оқу базасының (учхоз) басшысы, бір аяғы санынан жоқ адам екен. «Запорожец» машинасының ең алғашқы түрі «жук» аталатын көлігі бар. Оған өзі әрең сияды (денелі адам), ал екі балдағы тіпті симайды. Сонымен кейде тырылдатып келіп-кетіп жатады.

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Бүгінде Брестті қорғағандар ішінде болып, елге аман оралған Әбдіразақ пен күйші Құрманғазы бабамыздың немересі Төлеген Құбашұлы Құрманғазиев (Исатайда тұрды) туралы тың деректер де бар ғой.

Ойлап қараңыз, фашистердің, жалпы фашизмнің қанқұйлы ордасы, бірнеше миллион халқы бар Берлинді оқушы қыздарға дейін қару беріп, терезелерінен оқ жаудырып тұрғанына қарамастан қызыл армия 14 күнде Рейхстагқа Қызыл ту қадады. А.Гитлер 1 мамыр күні у ішіп өлген. Әр жерде тығылып қарсыласып жүрген әскерлерін құртып, қаланы тазарту 2 мамырда аяқталып, 8 мамырда (бізде 9-ы) капитуляцияға Кейтель қолын қойғаны тарихтан белгілі жайт. Ал кішкене ғана қамалды немістің әбден дайындалған алғашқы шабуылынан бастап ай бойына қорғау нағыз ерлердің ісі демеске болмайды.

– Жеңіс паркіне батырлардың кеудемүсіндерін қоярда И.Березиннің есімі алып тасталғанын естіп едік. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?  

– Енді Кеңес Одағының Батыры И.Н.Березиннің Гурьев облысында туғандығы, бізден әскерге шақырылғандығы, әке-шешесінің мұнда болғандығы, тіпті кейбір фамилияластардан басқа, еш туыстары да жоқ екендігін анықтайтын қолжазба (оригинал) архивте сақтаулы. Онда ата-анасының Новокузнецк (бұрын Сталинск) қаласы Пролетар көшесіндегі 53 үйде тұрғандығы туралы, туған апасы Степанида Михайловна (Батырдың анасының бұрынғы күйеуінен) өз қолымен інісі Иван туралы деректер берген екен. Сонымен мұнда батыр И.Н.Березин Алтай өлкесі Павлов ауданы Лебяжье селосында дүниеге келген, әскерге Искитиль аудандық комиссариаты арқылы шақырылған деп көрсетілген. Егер бұл Есбол (кейде орысша Испуль деп те жазады) ауданы болса, біздің облыстағы комиссариат оны Искитиль деп қате жазбайды ғой.

Сондықтан біз іске араласып жүрген кезде Жеңіс паркіндегі Батырлар саяжолынан 75 жылдық қарсаңында батырлардың кеудемүсіндерін қоярда И.Березин мен Ж.Елеусіновті алдыртып тастадық және жаңадан «Даңқ» орденінің үшеуімен наградталған жерлестеріміздің қатарына бесінші етіп офицер Қызылов Сахап Бакуұлын қостырдық. Ол соғыста екі рет «Қызыл жұлдыз» орденін алған. Соғыстан соң күнелтіс қамымен Астрахан облысында еңбек етіп, «Октябрь революциясы» орденімен марапатталған малшы Сахапты (Сахып емес) марқұм журналист Рахмет Иманғалиев анықтап еді. Ал Батыр Жәнібек Елеусінов ДОСААФ ұйымы облыстық комитетін басқарып, кейін мектепте әскери дайындық сабақтарын жүргізіп, бізде жеті-сегіз жылдай еңбек етіп кеткен еді (комсомол жұмысындағы кезімізде бұл азаматпен біраз байланысты шаралар өткізгенбіз). Ол бір өте қарапайым, ешқандай «мені» жоқ, жайсаң азамат еді.

«Жолтабан салғандарға монумент қажет»

– Соғыс жылдарында Атыраудың соғыс жағдайындағы жалғыз облыс болып жарияланғаны белгілі. Осы мәселе ел, өлке тарихында қаншалықты көрініс тауып жүр?

– Соңғы кездері кейбір материалдарда бізден гөрі Сталинградқа жақын Орал облысы да соғыс жағдайында жарияланған деп айтылады. Фашистер Атырау өлкесіне тектен-тек қызықпаған. Өйткені, сол кездегі Гурьев Қазақстанда соғыс жағдайында болған жалғыз облыс еді. Осыған орай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Бекжанов бастаған Қорғаныс комитеті құрылады. Неміс фашистерінің қолбасшылығы 1940 жылдың орта кезінде КСРО-ны жаулап алу үшін атақты «Барбаросса» жоспарын жасағаны тарихтан белгілі. Бұл жоспар бойынша олар Оралға дейінгі жерді тездетіп басып алып, «Еділ-Жайық мемлекетін» құруды көздеген. Осыны сезген КСРО Жоғарғы кеңесінің президиумы 1942 жылдың тамыз айында әдейі құпия Жарлық шығарып, Каспий өңірін соғыс жағдайында деп жариялайды. Жарлық құпия болғандықтан да, алынған шаралар да жасырын жүргізіледі. Осыған орай бірінші қыркүйекте облыстық Қорғаныс комитеті құрылған.

1942 жылдың 29 қыркүйегінде Гурьев қалалық партия комитетінің активі өткізіліп, оған облыстағы барлық өндіріс басшылары шақырылады. Активте «Облыстың соғыс жағдайында болуына байланысты партия ұйымдарының алдында тұрған міндеттер» деген тақырыпта Мырзахмет Бекжанов баяндама жасайды. Сол жылдың қыркүйегінен бастап Гурьев қаласы толықтай қараңғыланып, түнде көшелерде, үйлердің терезелерінен жарық көрсетуге тыйым салынады. Гурьев қаласында, аудан орталықтарында тәртіпті сақтау үшін күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылып, облыстық партия комитетінің басшылығы атқыштар батальонын, арнаулы әскери бөлімдерді құрады. Сондай-ақ әуе қорғанысына да ерекше көңіл бөлінеді. Осындай алдын-ала жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жау ұшақтарының Гурьев территориясына тастаған бомбалары, антисоветтік листовкалары мен үндеулері халық арасында ешбір қобалжу туғыза алмайды, еңбекшілердің майдан үшін жан аямай еңбек етуіне кедергі келтірмейді.

Соғыстың алдында Атырау мұнайын Орскідегі мұнай өңдеу зауытына жеткізу үшін ұзындығы 800 шақырымдық Каспий–Орск мұнай құбыры іске қосылған. Құбырдың бойына мұнайды айдайтын жеті станса салынған болатын. Немістердің диверсанттар жіберудегі бір мақсаты осы стансаларды істен шығару, ендігі бір жоспарлары ел арасында үгіт жұмыстарын жүргізіп, бүлік жасау еді. Осындай сын сағатта Атырау чекистері ерекше ерлік жасайды. Осы істі жоғары бағалаған кеңес үкіметі Г.Хусайнов, Р.Шармай, К.Виноградов, С.Гончаров, И.Бабич, тағы басқаларды «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ал мұнай құбыры стансасының басшысы Р.Пархоменконы «Құрмет белгісі» орденімен марапаттайды. Ал Алихан Агаев тобын (шын аты-жөні Әмірхан Тлеумағанбетов) айдалаға адастырып жіберген, сөйтіп «қазақтың Сусанині» аталып, ерлікпен қаза тапқан Байжан Атағозиевтің бейітінің басына кезінде ескерткіш қойылады.

– Гурьев-Астрахан жолтабанын салу кезіндегі тыл еңбеккерлерінің, жұмысшылар қауымының еңбегі қаншалықты бағаланды? Жалпы осы жолтабанды салудағы қиындықтар бүгінгі ұрпаққа өз деңгейінде жетті ме?

–  Ұлы Отан соғысының қиыншылықтарынан өзге, Атырау өлкесіне қосымша адам төзгісіз ауыртпалық болған «Жол» деп аталатын құрылыс еді. Оған себеп Сталинград майданындағы ұрыс жағдайының қиындауына байланысты Гурьев облысының, қазіргіше айтқанда, ресми төтенше жағдайда болуы. Неміс ұшқыштары қалаға бомбалар тастады, ол сол кезде салынып жатқан №441 объектіні талқандауға (қазіргі Атырау мұнай өңдеу зауыты) бағытталған деп тарихшылар айтып жүрді. Одан басқа бірнеше рет алыс жайлаудағы бейқам жатқан елге қаруланған парашютшылар жасақтары да түсірілді. Оларды залалсыздандыру жұмыстары бөлек әңгіме. Осындай десанттың бірі «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітапқа арқау болғаны белгілі. Бірнеше күн атыс, жорықтың арқасында ғана олар құрықталған.

Сондай-ақ майданда туған қауіпті жағдайға бейімделу мақсатында Мемлекеттік қорғаныс комитетінің тапсырмасына сай Ембі мұнайын орталықтағы майданға тез жеткізу үшін шұғыл арада Гурьев–Астрахан теміржолын салу жұмысы қолға алынды. Бас көтерген азаматтардың түгелдей майданда болуына байланысты жол құрылысына (рельс астына топырақтан жолтабан үю жұмыстарына) ауылдағы әйелдер, қыздар мен қариялар жұмылдырылды. Осылайша, оншақты ай мерзімде 200 шақырымдай жолтабанды әйел-балалар салып та үлгерді. Сол жолтабан отыз жыл бойы сапасын жоғалтпастан сақталып, өткен ғасырдың 70-жылдары Гурьев–Астрахан теміржолы құрылысына пайдаланылды. 

 Осы құрылысқа қатысқандар мемлекет тарапынан елеусіз қалып келді. Облыс орталығында оларға арнап монумент орнату мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ.

Новобогат ауылы соғыс жылдарында аудан мал басын аман сақтап, дамытудағы еңбегі үшін КСРО Қорғаныс комитетінің ауыс­палы «Қызыл туын» үш мәрте жеңіп алып, өзінде мәңгі қалдыру құқығына ие болғанын білесіз. Аудан еңбеккерлерінің бір аптаның ішінде соғысқа көмек ретінде бір миллион сом қаржы жинап тапсырғаны, 1948 жылы сегіз адамның Социалистік Еңбек Ері атағын алғаны тағы бар.

Соғыс ардагерлерінің бәрі БАТЫР

­– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қандай мәселелерге назар аударылуы қажет деп ойлайсыз? 

– Бізде соғыс госпитальдары болғаны тарихтан белгілі. Оның біреуі Доссорда, қалған төртеуі облыс орталығында орналасқан. Дегенмен сол төртеудің біреуіне ғана ескерткіш қалақша орнатылған екен. Қалған үшеуі белгісіз, беймәлім күйде тұр. Мен аралап, орындарын көрдім. Ол жерлерде жатқандардың ішінде басқа елдің азаматтары да бар. Олар өз елдерінде «із-түзсіз жоғалғандар» қатарында болуы әбден мүмкін. Ендігі мәселе, сол жерлерді тауып, қоршап, кімдер жерленгендерін анықтау қажет. Біз бұрын бұл жөнінде мәселе көтергенбіз, дегенмен ол аяқсыз қалды.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін елді мекендерге, көшелерге және оқу орындарына беру – тарихи жадты сақтау мен патриоттық тәрбиені нығайтуда маңызы зор. Ономастика заңдылығы бойынша көше-нысандарға ҰОС ардагерлерінің есімін беруде олардың мемлекеттік  наградаларының болуы қажет. Мәселен, «Ленин», «Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», «Даңқ» ордендерінің болуы тиіс екен. Меніңше, бұл кері саясат. Соғыста кімнің керемет, кімнің нашар соғысқаны жөнінде статистика жоқ. Одан соң майдан ортасынан аяқ-қолынан айырылып келгендер қаншама? Мүгедек болып оралып, соғыс аяқталған соң ел ішінде түрлі қызметтер атқарып, елдің дамуына өз үлесін қосқандар ше? Соғыстан кейінгі өмір де оңай болған жоқ. Олардың еңбектері еленбей ме? Майдангерлер өмірдің талай өткелінен өтті, тағдырдың талай соқпағына тап болды. Сұрапыл жылдар мен ауыр кезеңдердің салмағын сезініп, сол күндердің күрескері болды. Мемлекет басшысы бізде өткен, одан соң ІV Ұлттық құрылтайда осы мәселені көтерді. Ендігі кезек, ендігі сенім – облыс басшылығында.

  Тағы бір айтқым келгені, ҰОС тарихын зерттеуші жерлесіміз Жұмабай Доспановтың нақты дерегі бойынша қаншама қазаққа ұсынылған марапаттар берілмей қалған немесе төмен дәрежедегі награда ғана берілген! Мәселен, Рахымжан, Бауыржан, Хиуаздарды айтпағанда, тек гурьевтіктер – Кенжебай Мәденов, Сәді Дүйсенбеков, Рахметоллла Қараманов, Анатолий Федорович Муравьев, Жамел Жұмашев, Қуан Демешев, Қамал Рахметқалиев, Қаракүш Өмірзақов, тағы басқаларға «Батыр» атағы берілмеген. Онда негізінен (бір-екеуінен басқасы) офицерлер. Ал қатардағы солдаттар мен басқа наградаға ұсынылғандар қаншама?!

Сондықтан соғыс ардагерлерін лайықты-лайықты емес деп 80 жылдан кейін топқа бөлуіміз пендешілік деп ойлаймын. Тіпті соғыс аяқталғанда кеңес өкіметі бүкіл аман қалған әскерилерге, оларды топқа бөлмей-ақ, бәріне «За Победу над Германией» медалін бермеп пе еді, ал бүгінгі «білгіштердің» талаптары ақылға қонбайды-ақ.

– Ашық-жарқын әңгімеңізге рақмет, Қатимолла аға. Еліміз аман, заманымыз тыныш болғай!

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button