Жігерлі жандар жасымайды

article 88846 Спорт

«АСТАНА-АТЫРАУ» БАҒЫТЫНА БАРАТЫН ЖҮРДЕК ПОЙЫЗҒА ОТЫРҒАНБЫЗ. КЕШКІ УАҚЫТТА ВАГОН ДӘЛІЗІНДЕ ӘҢГІМЕЛЕСІП ТҰРМЫЗ. ЖАНЫМЫЗДАН БІЗДЕРДІ ҚАҒА-МАҒА ЕКІ БОЙЖЕТКЕН АЙҚАЙҒА БАСЫП, ҚАРҚЫЛДАП ӨТЕ ШЫҚТЫ. ӘЛІ ЖАТА ҚОЙМАҒАН ЖОЛАУШЫЛАР КУПЕ ЕСІГІНЕН«НЕ БОП ҚАЛДЫ?!» ДЕГЕНДЕЙ СЫҒАЛАП ҚАРАП ЖАТТЫ.

«АДАМДАР ТҰР-АУ, ҰЯТ БОЛАДЫ-АУ!» ДЕП ҚЫМСЫНБАҒАН ҚЫЗДАРДЫҢ ЕРСІ ҚЫЛЫҚТАРЫНА РЕНЖІГЕН БІЗ ДЕ ТАР КУПЕГЕ КІРІП ЖАЙҒАСТЫҚ.

Ертеңіне түске жақын уақытта дәлізге шықсам, иманжүзді екі жас жігіт «Ассалаумағалейкум» деп, жылы амандасып жатты. «Уағалейкумассалам» деп, сәлемдерін алып, қазақы әдет-ғұрыппен «қай жердің балаларысыңдар?» деп сұрадым. «Атырауданбыз» деп жауап қайырды олар. «Астанаға нендей шаруалармен бардыңыздар?» дедім. «Паратаеквондодан республика спартакиадасына қатысып келеміз» деді.

Қызығушылық танытып, егжей-тегжейлі сұрай бастадым. Ұзын бойлы, сымбатты жігіт өзін «Нұрлан Домбаевпын» деп таныстырды. Бала кезінен екі қолы шынтаққа дейін жоқ екен. Жанын жаралап алмайын деп, «Қалай? Неден болды?» деп сұрауға дәтім жетпеді. Маған жігіттердің көздеріндегі намыс оты қатты әсер етті. «Осындай от мінез, қол-аяқтары балғадай кейбір «жаңбыр жаумай, су болып» жүрген жігіттердің де бойларынан табылса екен» деп тіледім. Сөзге бапкерлері Асан Қасаев араласты.

– 2014 жылы Нұрлан біздің жаттығу залына келіп, өзінің таеквондомен айналысқысы келетінін айтты. Көңілін қимай, рұқсат еттік. Осыдан кейін біздер ақылдасып, паратаеквондодан « Мүгедек спортшыларды дайындайтын мамандандырылған спорт клубын» аштық. Сонда клубтың ашылуына түрткі болған Нұрлан Домбаевтың өзі десек, артық айтпаспыз. Ол кезде елімізде спорттың бұл түрі әлі қолға алына қоймаған еді. Соның салдарынан Қазақстан паралимпиадашылары ірі халықаралық жарыстарға өздері тікелей барып қатыса алатын. Соның нәтижесінде 2016 жылы Польшада өткен Европа біріншілігінде Нұрлан Домбаев жасындай жарқылдап, жеңіс тұғырына көтеріліп, жеңімпаз атанады. Бұдан кейін де қайсар Нұрлан екі дүркін Әлем біріншілігінде топ жарып, алтыннан алқа тақты. Биыл Токиода өткен паралимпиадалық ойындарда да жарқырап көзге түсті.

Әттеген-айы, қолда тұрған қола медальдің қас-қағым сәтте сусып, аргентиналық спортшының қанжығасында кетуі жанкүйер ретінде қынжылтады екен. Спорттық ойындар осындай «әттеген – айларымен» қызықты ғой. Нұрлан ініміз республикалық жарыстардың үш дүркін жеңімпазы. Республикалық спартакиада ойындарында да талай топ бастаған серке жігіт! – деді Асан.

«Пыштанай батырдың ұрпағы болғандықтан, маған осал болуға болмайды» деп, әзіл-шыны аралас әңгімеге де ұста екенін байқатты. Өзі барған Күншығыс елінің әлеуметтік жағдайынан да біраз хабары барын аңдатып, мағыналы, көңілге қонымды әңгімелер айтып, біраз ойландырып тастады. Аяғын ауыртып алып, дәрігерлік әрдемге жүгінген. «Тіл білмегендіктен қиындық көрем бе?» деп ойлап еді, олай емес болып шықты. Бір түтікшені үрлетіп еді. «Сәлеметсіз бе, қай жеріңіз ауырады?» деп сарнап тұр. Ұшақтан түскенде, біздерге орысша амандасып еді. Біздер «Қазақпыз! Қазақстаннан келдік!..» деген соң, «Сәлеметсіздер ме? Қош келдіңіздер!» деп, жанға жайлы жылы қабақпен қарсы алып жатыр. Оларда адамның денсаулығына өте жауапкершілікпен қарайтыны тәнті етті. Біздегідей жайбарақаттық атымен жоқ. Бас-аяғы бірнеше сағаттың ішінде, томографияға да, рентгенге де түсіріп, бәрін жымиып жүріп реттеп берді. Құдайға қараған Ел осындай-ақ болар!..

whatsapp image 2021 11 10 at 14.45.04 2

Осы республикалық спартакиада ойындарында Нұрланмен қатар өнер көрсеткен Жанболат Қазиев те қаражаяу емес. 2017 жылдан бері жаттығып жүрсе де, осы азғана уақыттың ішінде жеткен жетістіктері де қомақты. Қазақстан спартакиадасында екі рет топ жарыпты.

Қазақстан кубогының иегері . Көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері болыпты. Қуандық Сағындық пен Ғибратжан Бақберген де – болашағынан үміт күттіретін жас майталман паратаеквондо шеберлері.

 2019 жылдан бері жаттығады. Спартакиада ойындарында күмістен алқа тағып, мерейлері үстем. Жігерлері мұқалмаған жастардың ортасында отырып, әңгімелерін тыңдау да бір ғанибет. Атырау паратаеквондо федерациясының президенті, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, тәжірибелі маман Бауыржан Төребаевтың айтуынша, қазіргі таңда спорттың осы түрі елімізде қарқынды дамып келеді.

 Негізі Атырау облысында таеквондо спортының іргесі мығым қаланған. Жанкешті бапкерлер Бауыржан Төребаев пен Асан Қасаевқа, олардың шәкірттеріне зор табыс пен сәттілік тілейміз.

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,

Алматы облысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз