Зауыттықтар жүлдемен оралды
14 тамызда Павлодарда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) еншілес ұйымдарының еңбек ұжымдары арасындағы жыл сайынғы Спартакиада мәресіне жетті. Биыл турнир Қазақстан мұнайының 125 жылдығына және Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды.
Спартакиаданың жабылу салтанатында ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов еншілес кәсіпорындар командаларының саны мен дайындық деңгейінің жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өтті.
Дәстүрлі біріншілікте Атырау мұнай өңдеу зауытының намысын волейбол, баскетбол, киберспорт, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және қол күресі секілді спорт түрлерінен 40 атлет қорғады.
Павлодар қаласынан атыраулық мұнай өңдеушілер бас-аяғы 7 медаль әкелді (2 алтын, 3 күміс және 2 қола). Қарсыластарынан оқ бойы оза шыққан волейболдан әйелдер құрамасы мен киберспортшылар алтыннан алқа тағынды. Шахматшы Гүлнұр Төлеуова, тоғызқұмалақшы Сұлтанбек Ихсангалиев пен баскетболдан ерлер командасы күміс медаль жеңіп алса, шахматшы Тұрар Шаймардан мен теннисші Владислав Тен қола медальды қоржынға салды. Зауыттықтар жеке сындарда да үздіктер қатарынан көрінді. Волейболшы Сабырбек Джетмеков «Үздік либеро» деп танылса, «Үздік орталық ойыншы» номинациясында баскетболшы Ренат Джураев жеңіске жетті.
«АМӨЗ» ЖШС құрама командасының капитаны Максим Успанов спартакиадаға дайындықтың жоспарға сай жүргендігін және кәсіпорын басшылығы спортшылардың сәтті өнер көрсетуі үшін барлық жағдайды жасағанын айтады. Алайда зауыттағы өндірістік процестің үздіксіз жүргізілетіндігі себепті спортшыларға ауысымнан кейін жаттығуға тура келді. Шаршағандарына қарамастан, олар жауапкершілікті сезініп, нәтижеге жұмыс істеді.
«Спортшыларымыз жүлделі орындардан көріну үшін бар күш-жігерін салды. Нәтижелер көңілімізден шықты. Десе де команданы жас спортшылармен күшейтуді жалғастыруымыз керек. Құрама мүшелерінің спорттық бабында болуын үнемі қадағалау маңызды. Алда жұмыс өте көп. Ал өткен спартакиадаға келер болсақ, төрелік ету сапасын арттыру, турнирдің регламенті және т.б мәселелерге қатысты бірқатар ұсынысымыз бар. Жалпы алғанда турнир өте жоғары деңгейде өтті» , — деп түйіндеді Максим Успанов.