Жазғы универсиададан алтын алған Рита Бакишева жеңісі жөнінде пікір білдірді

822d0fcc d1eb 4a13 bbff 001544df9483 Спорт

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХІ Жазғы универсиададан алтын алған таеквондошы Рита Бакишева (48 келі) бүгінгі жеңісі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы өз салмағында финалда Қытайлық Тайбейден келген Хуань Инь Суаньнан басым түсті.

Осылайша ел құрамасына алғашқы алтын медальді салды.

«Маған сенім артып, қолдау білдірген баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да жанкүйерлерді жеңіспен қуантамын деген үміттемін. Бұл жолы бүкіл қарсыластарым оңай болған жоқ. Әрбірінің жарысқа үлкен дайындықпен келгені байқалып тұрды. Мен алтын алатыныма сенімді болдым. Сол мақсатта өз шеберлігімді көрсете білдім», – деді Рита Бакишева.

Қазірге дейін ел құрамасы қоржынына алтын медальден өзге бес күміс, бес қола жүлде түсті.

Көркем гимнастикадан Эльжана Таниева доп пен лентадан екі күміс медаль алса, құрсаумен сайыста қола жүлдегер атанды.

Ал спорттық оқ атудан командалық сайыста Константин Малиновский, Ислам Сәтпаев пен Никита Шахторин бір күміс, бір қола алды.

Сондай-ақ, Никита Чирюкин (спорттық оқ ату), Диана Тұрсынбек (садақ ату) екінші, дзюдошылар Сұңғат Жұбатқан (66 келі), Асқар Нарқұлов Асқар (73 келі) және Бекарыс Сәдуақас (100 келі) үздік үштікті түйіндеді.

Жазғы универсиада 28 шілде-8 тамыз аралығында өтеді. Онда 10 спорт түрі бойынша 90 қазақстандық сынға түсіп жатыр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз