Жарнама
Спорт

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Мен каратэ үйірмесінің жетекшісі ретінде жас спортшыларды күн сайын жаттықтырып, олардың тәрбиесіне, мінез-құлқына, өмірлік ұстанымына тікелей әсер етіп жүрген жанмын. Біздің үйірмеде әр жаттығу тек қана спорттық қимылдардан тұрмайды. Жаттығудың басты мәні – тәртіпке баулу, өз-өзіңді ұстай білу, өзгеге құрметпен қарау, ар-намысты жоғары қою.

a11bb373 7f9d 413e 89c8 a57987bb00ec

Каратэ – жай ғана жекпе-жек өнері емес. Ол – адамның жан-дүниесін шыңдайтын, денесін шынықтыратын, рухын көтеретін үлкен мектеп. Бұл спорт түрі адамға тек қана қарсыласын жеңуді емес, ең алдымен өзін жеңуді, өз эмоциясын басқаруды, шыдамдылық пен сабырды үйретеді. Жаттығу барысында әрбір жас спортшы тәртіпсіз ешбір жетістікке жету мүмкін еместігін ұғынады.

Өкінішке қарай, қоғамда керісінше құбылыстар жиі кездеседі. Жол үстінде, қоғамдық орындарда дауласу, айқайлау, балағат сөздер айту – қазіргі жастарға үлгі емес, керісінше теріс тәрбие беретін құбылыстар. Тіпті нәзік жандылардың өздері де мұндайға барып жатады. Бұл – мәдениетті елге жараспайтын, болашағы жарқын қоғамға кереғар қылық. Мұндай әдетті спорт арқылы, тәртіп арқылы жеңуге болады.

db5b4be2 a42e 4c70 83e3 5356003bd188

Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткен «Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» деген ұстаным – спорттағы қағидамен де үндес. Өйткені спортшы үшін де ең бастысы – тәртіп, заңға бағыну, ережені сақтау. Егер ережесіз спорт болмас, дәл сол сияқты заң мен тәртіпсіз мемлекет болмайды.

Біздің басты міндетіміз – жастарды дұрыс бағытқа бұру. Каратэ үйірмесіне келген әр бала спорттық қимылдарды ғана емес, рухани тәрбиені де алады. Олар өз эмоциясын тежеп, төзімді болуды, қарсыласын құрметтеуді, жеңіс пен жеңілісті әділ қабылдауды үйренеді. Спортшының ең үлкен жеңісі – рингтегі қарсыласты емес, ең алдымен өзінің әлсіздігін жеңу.

5368df79 a2ba 4b3a a05b 73e0f164ddcd

Қазіргі заманда патриотизм де жаңа мазмұнға ие болып отыр. Бұрын ол дәстүр, тіл, мәдениетпен өлшенсе, қазір жастар үшін патриотизм – ең алдымен еңбекқорлық, жаңашылдық, өз елінің дамуына үлес қосу. Осы жолда спорт үлкен тәрбие мектебі болып қала береді. Өйткені спортпен шұғылданған жас – дені сау, ойы сергек, тәртіпке бағынған азамат болып өседі.

53efb560 09bd 4d84 9472 e7411f2b9bc6

Сондықтан әр ата-ананы балаларын спортқа баулуға, әр жасты тәртіпке, төзімділікке, өз елін сүюге шақырамын. Спорт тек жеңіске жету емес, ол – өмірлік мектеп.

Тәртіпке бағынған ұрпақ – ешқашан жеңілмейді. Ал тәртіпті ұрпақ өсірген елдің болашағы қашан да жарқын болады.

Спортшы рухы – елдің рухы, тәртіпті ұрпақ – мықты мемлекеттің кепілі!

Абат ЕЛЖАСҰЛЫ,
Атырау қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған №6 спорт мектебі каратэ үйірмесінің жетекшісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button