Тайсойған төрінде дүбірлі бәйге өтті
Қазақ халқының ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрлі атбегілік өнері әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Елдегі ұлттық спорттың, соның ішінде бәйгенің жаңа деңгейде қарқынды дамуына елеулі үлес қосып, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық руханиятты сіңіріп жүрген өмірлік тәжірибесі мол атбегілер бабалардың ізгі жолын әмбеге танытып келеді. Соның айғағындай Тайсойған ауылында аудан атбегілерінің ұйымдастыруымен тай, құнан жарысы мен аламан бәйге өтті. Бұған «Атырау атбегілері» қоғамдық қорының жетекшісі Марат Өтепов, Ербол Жұпарғалиев секілді азаматтар ұйытқы болыпты.
Облыста тұңғыш рет өткізілген додалы шараға тұлпары топ жарып тұрған атбегілер, аламанның алдын, бәйгенің басын бермей жүрген жас шабандоздар қатысты. Бабадан қалған өнерді жалғап, ат спортына өзіндік үлес қосып жүрген ауданға қарасты тоғыз ауылдық округтің атбегілері жұмылып, Тайсойған төріндегі атжарыстың ажарын кіргізуге атсалысқан.
Жергілікті кәсіпкер Амангелді Исаевтың сөзінше, Тайсойған ауылында атжарыс өткізу туралы ұсыныс түскен соң аудандағы әр ауылдың атбегілері демеушілік танытып, дүбірлі доданың өтуіне үлес қосыпты.
– Жиналған қаржыға аңдатпа-хабарлама түріндегі билборд, жүлдегерлерге сыйлықтар алынды. Соны өзіміз үйлестіріп, бәйге өтетін жерге сахна әзірледік. Жан-жақтан келген қонақтарға қонақасы берілді. Бәйгеге Атырау және Батыс Қазақстан облысының шабандоздары қатысты. Мұндай дүбірлі доданы ай сайын бір ауданнан ұйымдастыруға келіскен едік. Алдағы уақытта Махамбет ауданының атбегілері қолға алмақшы. Мұндағы мақсат – жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін ұлттық спортқа назарын аударып, атқа үйретіп, баулу. Әйтпесе қазір телефоннан көз алмайтын жастар көбейген. Шара барысында сағыздық Бауыржан есімді азамат көкпар, теңге ілу, садақ ату секілді ұлттық спорт түрлеріне жастарды үндеп, жарысты бірге ұйымдастыруға шақырды, — деді А.Исаев.
Биыл төтенше жағдайға байланысты жыл сайын Тайсойған ауылының түлектері ұйымдастыратын дәстүрлі атжарыс өткізілмей, бәйге аттары қорада тұрып қалған. Сол себепті бұл жарыс бір жағынан алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында тұлпарлардың дайындығын сынап көріп, екіншіден тасқыннан кейінгі елдің жабырқаулы көңілін көтеру мақсатында ұйымдастырылыпты. Ауылдағы бәйге алаңын тегістеуге Миялы–Тайсойған тасжолын салып жатқан «АстанаСтройЭнерго» компаниясы техника бөліп, көмектескеніне ұйымдастырушылардың ризашылығы шексіз.
Тайсойғанда жалауы желбіреген бәйгеде облыстың екі жас шабандозына жергілікті кәсіпкер Аманжан Ақмәдиев ынталандыру үшін ақшалай сыйлық тарту етті. Бұл өзге де жасөспірімдердің аттың жалында жарқырауына үлес қосары сөзсіз.
Халық көп жиналған ауылдағы дүбірлі той жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әр округтің атынан белгіленген ұйымдастырушылар мен ауыл әкімі Алғыс хатпен марапатталды.
Бәйгеде жүлделі болған сәйгүліктердің арасында алты шақырымдық тай жарысында тайпақтық Еламан Жәрдемовтің (100 мың теңге) «Бегім» атты тұлпары шашасына шаң жұқтырмаса, тағы бір тайпақтық Кенжемұрат Нұралының (50 мың теңге) «Қарақат» тұлпары екінші орынды еншіледі. Үшінші орын жылыойлық Асхат Дәрішовтің (30 мың теңге) «Балқиясына» бұйырды. Ал, IV-V орындар атыраулық Мейірман Құрманғалиевтің (20 мың теңге) «Алтын алқа» аты мен сағыздық «Дабыл» атты аттың иесі Рашид Оразбаевтың (10 мың теңге) еншісіне тиді.
Тоғыз шақырымдық құнан жарыста оралдық Хасановтар отбасының «Тұмар» атты тұлпары бәсекелестерін оза шапса (бір тай), оның жерлесі Азамат Жәңгіровтың (100 мың теңге) «Жәңгір» атты торы аты екінші келді. Жылыойлық Амандық Талбаевтың (50 мың теңге) «Еркетайы» III орын, сағыздық Берішбай Байтановтың (30 мың теңге) «Ракетасы» IV орын, жылыойлық Серік Тәжиевтің (20 мың теңге) тұлпары – «Мисс» V орынға табан тіреді.
Атшабыстың көркін қыздырған жиырма екі шақырымдық аламан бәйгеде тайсойғандық Амангелді (Теміржан) Исаевтың «Айтөбелі» мәреге өзгелерден оқ бойы озық келіп, 400 мың теңге жүлдеге ие болды. Оның артынан ентелей келген құрманғазылық Расул Көпжәлеловтің (300 мың теңге) «Қозыкүрең» аты екінші орынды қанжығасына байлап, тағы бір тайсойғандық Сәлімжан Өтеғалиевтің (бір тай) «Қоянқасқасы» алғашқы үштікті қорытындылады. Ал, сағыздық Қайрат Сәрсенбаевтың (100 мың теңге) «Тасқыны» мен мұқырлық Қуандық Төлешовтің (50 мың теңге) «Балаусасы» IV-V орындарды өзара бөлісті.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Қызылқоға ауданы