Спорттағы алпыс жыл
Жеңіс Оразұлы 1945 жылы 9 мамырда Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Хамит Ерғалиев (бұрынғы Новобогат) ауылында дүниеге келген. Жанға жара салған соғыстың сүйіншісіндей боп келген сəбиге Жеңіс деп есімін қойыпты.
Бала кезінен спортқа əуес Жеңіс Оразұлы мектеп бітірісімен сол кездегі Балықшы ауданына қарасты Қайыршақты ауылындағы орта мектепте дене тəрбиесі пəнінен сабақ беріп, алғаш еңбек жолын бастаған. Жастайынан ағасының айтуымен бокспен айналысып, талай жарыстарда топ жарған ол 1972 жылы алғашқы болып «КСРО спорт шебері» атанғандардың бірі болды. Артынша спорт шебері Михаил Миразимовтан тəлім алған ол еңбек жолында республикалық төреші дəрежесіне дейін көтерілді.
– Ол кезде спорт шебері дəрежесін алу оңайға соқпайтын. Ол үшін республикалық деңгейдегі жарыстарда бір жылда 5 спорт шеберін жəне 14 спорт шеберлігіне үміткерді ұту қажет. Спорт шебері атағын алған жылы Орскіде өткен бүкілодақтық турнирде күміс медалге қол жеткізіп, Ақтөбедегі турнирде жеңімпаз атандым. Сонымен қатар, Қостанайда өткен қалалық ашықчемпионаттакүмісжүлдеге ие болдым, — деді сол кезді еске алған ардагер.
Оған қоса өзі де шəкірт тəрбиелеп, оның тəлімін алған шəкірттері қалалық, облыстық деңгейдегі жарыстарда олжа салып, жеңіс тұғырына көтеріліп жүрді. Кейін Гурьев педагогикалық институтында филология жəне дене тəрбиесі факультетін тəмамдап, маман иесі атанады. Бокстан қол үзген соң жеңіл атлетикамен шұғылдана бастаған Жеңіс аға 1978 жылдан бастап, жеңіл атлетика, соның ішінде 42 шақырым, 195 метр қашықтықтарға жүгіруге бет бұрады.
– Бокспен шұғылданып жүріп, ауыл шаруашылығы техникумында дене тəрбиесі пəнінен сабақ бердім. 1975 жылдары облыста жеңіл атлетикадан жастар арасында «Еңбек пен қорғанысқа дайын» көпсайысы өтетін. Оған қысқа қашықтыққа жүгіру, кросс, жүзу, граната лақтыру жəне ату спорты кіреді. Техникумда менімен бірге ресейлік жеңіл атлетші мұғалім де сабақ беретін. Екеуміз тыңғылықты дайындалып, көп кешікпей жүлдегер атандық, кейін республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып жүрдім. Онымен қоса, техникумдағы жастарды жүгіруге қызықтыра жүріп, өзім де қатысатын болдым, — деді марафоншы.
Жанына жүгіруді серік еткен ол бірнеше рет көпсайыстардан да жүлделі болып, Ресейде өткен жиырма шақты халықаралық марафонға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Осылайша 1985 жылы Атырау қаласындағы No1 кəсіптік-техникалық училище жанынан «Жас өркен» əуесқой жүгірушілер клубын ашып, марафоншыларды дайындай бастайды. Сол кезде мұнайлы өлкеден ашылған тұңғыш желаяқтар клубының ТМД мемлекеттеріне таныла бастауы да мұндағы тəрбиеленушілердің халықаралық жарыстарда биіктен көрінуінің арқасы еді.
Сонымен қатар, Рига (Латвия), Минск (Украина), Симферополь (Украина), Рим (Италия), Краков (Польша), Афина (Грекия), Амстердам (Нидерланды), Астана, Алматы, Қырым қалаларында өткен 58 жəне 30 шақырымдық қашықтықтардағы жарыстарда мəреге алғашқылардың бірі болып жетіп, 1995 жылы Италияда өткен əлемдік марафоннан алтын алқа тағып, Кубокпен оралды.
– Кейін спортқа деген сүйіспеншілігім артқаны сондай, үстел теннисімен де айналыстым. Қарапайым дене тəрбиесі пəнінің мұғалімдігінен КСРО спорт шебері, «I дəрежелі Қазақстан Республикасының спорт сарапшысы» деген атақ та берілді. Аллаға шүкір, əлі күнге дейін өзімді тың сезінемін. Баяғы қалыптасқан қағида бойынша Жайық жағалап жүгіріп, серуендеу – қаныма сіңген əдет. Қалада өтетін марафондарға қатысып, тұғырымнан таймай келемін. Алғаш рет бес шақырымға жүгіріп, кейін оны 10, 15, 20, 30 шақырымға дейін жеткіздім. Осыдан 38 жыл бұрын қалада ең алғаш рет марафоншылар жарысы өтіп, оған жеті адам қатысқан еді. Бүгінде жастардың жеңіл атлетикаға деген қызығушылығы өте зор. Көпшілігі жүгіріп, саламатты өмір салтын ұстанып келе жатқаны қуантады, — деді жетпіс сегіз жастағы спортшы.
Ал, спорттан бір сəтке де ажырамаған ардагерді замандастары жаны ізгі, ортасына сыйлы, адамдарға қамқорлығы мол абзал азамат деп таниды. Тіпті, жасы жетпіске таяған шағында да қажымаған спортшы еңбексүйгіштігінің арқасында күзет фирмасында жұмыс істеп, қастық қылғанға қарсы тұра білді.
Жеңіске деген жігері қашан да жанып тұратын Жеңіс Оразұлының қоластында тəрбиеленген шəкірті, боксшы Тауфиқ Шынтаев бірнеше турнирде жеңімпаз атанып, артынан ұстазымен бірге жеңіл атлетикаға ауысады. Екеуі содан бері оншақты марафонға қатысып, бір-біріне қолдау көрсетті. Ал, мықты боксшы болған Махамбет Төлемісов жол полициясы басқармасында жұмыс істеді. Жеңіл атлетикадан шəкірттері Асқар Қазиев пен Асан Қолбановтың орындары ерекше.
Ол соңғы жылдары өзі тұратын аудандағы тұрғындарға жүгіруді насихаттап, жүгіру үшін арнайы жағдайдың болуын күтіп отырудың қажеті жоқ екенін түсіндіріп жүр. Өзі бастаған атыраулық желаяқтар Петропавл, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент секілді қалаларда өткен марафондардан талай рет табысты оралды.
Жүгірудің əдетіне айналғаны соншалық, төрт-бес сағаттық ұйқы оның тынығуына жеткілікті екен. Əдетте таңертеңгі сағат алтыда оянып, дəл бір сағат жүгіріп қайтады. Жарыс болар алдында өзі 10 шақырымға жүгіріп, дайындығын пысықтап алатыны бар.
Бүгінде милиция жедел уəкілі Ораз бен қалалық банктің кассирі болған Сақыпжамалдың тұңғышы бір ұл, екі қыз тəрбиелеп, олардың қызықтарын көріп келеді. Ардагер спортшының бір басына жететін марапаттары мен спорттық атақтары бар. Қашан көрсең де қарапайым ғана тірлігімен төңірегіндегі адамдарға үлгі болып жүретін Жеңіс Оразұлы алдағы уақытта да марафонның биік тұғырынан тайғысы келмейді.
Алмас ҚАБДОЛОВ