АТЫРАУДА ФУТЗАЛДАН БАТЫСАЙМАҚТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ (+фото)

img 20220509 012154 876 Спорт

КЕШЕ «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 20 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ «БЕРЕКЕ» СПОРТ КЕШЕНІНДЕ ФУТЗАЛДАН «АҚ ЖОЛ СUP – 20» АЙМАҚТЫҚ АШЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ.

Мұнда еліміздің батыс өңірлерінен жиналған медицина қызметкерлері сынға түсті. Турнирде барлығы 7 команда өнер көрсетіп, бақтарын сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында «Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқалий Юсупов сөз сөйлеп ашты. Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев ізгі тілегін арнап, спортшыларға сәттілік тіледі. Спорт додасына қатысушыларды қолдау үшін арнайы келген мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен жанкүйерлердің қарасы қалың болды.

Тартысты өткен турнир бәсекесінде командалар шебер ойын өрнегін көрсетті. Аянбай адал тер төгіп, табандары талғанша биік тұғырдан көрінуге талпынды. Әрқайсысы жеңіске лайық өнер көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді.

Нәтижесінде, барлық командаларға алғыс хаттар табысталды. Әр номинация бойынша жекелей жеңімпаздар да анықталды. Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтөбе облысының командасы жеңіп алды. Ал, екінші және үшінші орындарды атыраулық «СМ Клиник» және «Батыс Қазақстан» командалары иеленді.

Жеңімпаздар партияның Атырау облыстық филиал төрағасы Ермекқалий Юсупов, Атырау қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Исмағұлов, саяси кеңесшісі Әбілхан Төлеуішов пен аппарат басшысы Айсұлу Қондыбаеваның қолынан медаль тағып, мерейлері өсті.

Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясының 20 жылдық мерейтойына арналған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз