Жарнама
Спорт

Спорт саңлақтары Атырауға оралды

   Кеше атыраулықтар Париж ойындарының қатысушыларын салтанатты жағдайда күтіп алды. Әуежайға жиналған спортшылар мен олардың отбасылары, ағайын-туыстары мен жанкүйерлердің санында шек болмады. 

   Айта кетелік, аталған додадағы отырып ойнау волейболынан ұлттық құраманың басым бөлігі біздің өңірдің спортшылары. Он екі спортшының сегізі – Атыраудан. Олар атыраулық Қуаныш Тәжіков, Бауыржан Сартаев, Пердебай Намұратов пен Ақылбек Шикібаев, Берік Ізмағанбетов, Жанғали Сүйеуовтер. Сонымен қатар, Нұртау Мұқанбетқалиев пен Ерлан Битеміровтер де өнер көрсетті. Команда жалпы есепте бесінші орынға табан тіреген еді. Бас жаттықтырушы да Атыраудан! Қосымша екі бапкері Тұрлан Қаратаев пен Ернар Матеуовтер де жерлестеріміз.

  –  Атырау облысының параволейбол бойынша құралған команда 2002 жылы құрылған болатын.  Бұл байрақты бәсекеге жыл бойы үзбей дайындалдық. Біріккен оқу, жаттығу жиындары өтті. Кеше дүбірлі додада жүлделі орынға жетуге толық мүмкіндік болды, аз ғана сәттілік жетіспей қалды. Өкінішке орай, жігіттер Босния командасымен ойыннан кейін тез қалыпқа келіп үлгере алмай қалды. Алғашқы қатысуымыз, тәжірибе болды.

  Жігіттер өз деңгейінде өнер көрсетті. Келесі олимпиада ойындарында байрақпен оралатынымызға сенемін.

   Волейбол өзі командалық ойын түрі. Сол себепті де оңай болмайды. Десе де, спортшыларымыз сауатты ойын түрі көрсетті. Параолимпиада ойындарының жеті дүркін жеңімпазы, бес рет күміс жүлдегері болған Босния командасымен тең ойнадық. Әлемдік рейтингте тұрған Бразилия командасын 3:0 есебімен ұттық. Париж төріндегі алғашқы кездесуімізді  алаң иелерімен өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатынбыз. Египетке жіберген есеміз жартылай финалға шығуға әсер етті. Екі жылдан кейін әлем, Азия чемпионаттары өтеді. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін параолимпиада ойындарына толық дайындықпен барамыз, мықты жастарымыз бар.

    Жалпы, әлемде отырып ойнау волейболынан 78 команда бар. Кешегі Париж төріндегі додаға оның сегізі қатысып, біздер бестіктен көріндік. Бұл  — параолимпиадаға алғаш қатысқан команда үшін үлкен жетістік, — дейді команданың бас бапкері Бауыржан Тахауов.

   Спортшыларды әуежайдан күтіп алу салтанаты кезінде байқағанымыз, бұқараның мүмкіндіктері шектеулі болса да он екі мүшесі сау адамның қолынан келмейтін, мүмкін емес биіктерді бағындырып жүрген батырларға деген құрметі ерекше болды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button