Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің төртінші ракеткасы болды

щz Спорт

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Елена Рыбакина Римде WTA 1000 турнирінің жеңімпазы атануы нәтижесінде 6-дан төртінші орынға көтерілді.

Қазақстандық теннисшіні үшінші сатыдағы америкалық Джессика Пегуладан небәрі 115 ұпай ғана бөліп тұр.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 26-дан 24-ке жоғарылады. Сондай-ақ Жібек Құламбаева көрсеткішін жақсартты, ол қазір 197-орында.

WTA-ның 22 мамырдағы рейтингісі:

4 (+2). Елена Рыбакина (Қазақстан) – 5090

61 (-10). Юлия Путинцева (Қазақстан) – 916

481(-1). Гөзал Айнитдинова (Қазақстан) – 96

1143 (+3). Аружан Сағындықова (Қазақстан) – 9.

Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде екінші сатыда нық бекіді. Ол үшінші орындағы әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентектен алыстай түсті. Қазір чемпиондық кестеде олардың арасын 1131 ұпай бөліп тұр. Сонымен қатар көш басындағы белоруссиялық Арина Соболенкомен айырмашылық (564 ұпай) едәуір қысқарды. Екі апта бұрын А.Соболенко 1554 ұпайға ұзап кеткен еді.

Чемпиондық кестеде алғашқы сегіз орынға ие болған теннисшілер маусым соңында WTA қорытынды турниріне қатысады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз