Жарнама
Спорт

Шахматтан Атырау – алдыңғы орында!

Атырау облысы шахматтан еліміздегі үздік бестіктің қатарында.

Бұл туралы облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. 20 шілде – Халықаралық шахмат күніне  орай, №1 мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шахматтан аға жаттықтырушысы Сабырбай Гайсин өңірдегі аталған спорттың дамуы мен жетістіктері жөнінде баяндады.

— Бұрын Атырауда тек 3-4 шахмат мектебі болса, 2021 жылы шахматты субсидиялау бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданып, қалада 30-ға жуық мектеп ашылды. Динара Сәдуақасова атындағы академия да бар. Негізінен біздің жас спортшыларымыз №1 мамандандырылған БЖСМ тәрбиеленушілері соңғы ірі халықаралық чемпионаттарда, Қазақстан чемпионаттарында 50-ден астам медаль жеңіп алды. Қазір атыраулық шахматшылар республикамызда жетекші орындардың бірін алады және медаль жеңіп алу бойынша Қазақстанның бесінші позициясында, деді С.Гайсин.

Сонымен бірге ол, Халықаралық шахмат күнімен құттықтап, өзінің шәкірті, халықаралық жаттықтырушы Жәнібек Амановтың да жетістіктерін атап өтті. Ж.Аманов Мәскеуде Халықаралық турнирде спорт шеберлігіне үміткер нормасын орындаған. 2006 жылы Қостанайда Қазақстанның жастар чемпионатында өте жақсы өнер көрсетіп, оны Италияда өтетін 37-шахмат олимпиадасына қатысу үшін ел құрамасына алған. Қазақстан, Азия чемпионаттарында үздік өнер көрсеткеннен кейін Лос-Анджелес шахмат клубына жаттықтырушы болып шақырылып, онда шамамен 3 жыл нәтижелі жұмыс істеді. Сондай-ақ, атыраулық шахматтан әлем чемпионы Зарина Нұрғалиеваны тәрбиелеген.

— Атыраудағы шахмат спорты соңғы уақытта үлкен танымалдылыққа ие болды. Мен 2002 жылы алғаш шахматқа келгенде, Атырауда тек бір ғана шахмат үйірмесі жұмыс істеді. Оны менің бапкерім Сабырбай Ғайсин басқарды. Мен АҚШ-та 2010 жылдан 2013 жылға дейін жұмыс істедім. Штатта қалып, жаттығуды жалғастыру ұсынылды. Бірақ Сабырбай Төлегенұлы маған хабарласып, Атырауда шахматты дамытуым қажеттігін айтқан болатын. Елге оралып, жергілікті қолдаудың арқасында мен шахматта үлкен жетістікке жеттім. Атыраудың жас шахматшыларын баулу — менің міндетім деп ойлаймын, деді Ж.Аманов.

Қазіргі таңда облыстың 30 мектебінде, яғни шахмат клубтарда 2000-ға жуық бала спорттың осы түрімен айналысады. Онда бірінші разрядты спорт шеберіне үміткер 20-25 жаттықтырушы жұмыс істейді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button