Серік Шәпкенов отырып ойнайтын волейболдан Атырау облысының құрамасын қабылдады
Кездесуде аймақ басшысы Астана қаласында өткен Азия чемпионатында ел құрамасы сапында өнер көрсеткен спортшыларды жеңісімен құттықтады.
— Сүйінші хабар келгенде бөркімізді аспанға лақтырып қуандық. Мықтылықтарыңызды дәлелдеп, намысты қолдан бермедіңіздер. Сіздердің Париж олимпиадасына жолдама алатындарыңызға сенімді болдық. Үлкен жеңіспен оралатындарыңызға күмән болған жоқ. Сіздерді күміс жүлде алуларыңызбен құттықтаймын! Жеңісті күндеріміз көп болсын! Азия ойындарына волейболшыларымыздың қатысуы дәстүрге айналды. Біздің елдің құрамасы мықты екенін әлем мойындады. Алдағы олимпиада тартысты өтпек. Сіздердің чемпион боп оралуларыңызға тілекшіміз. Қолымыздан келген бар көмекті көрсетеміз,-деді С.Шәпкенов.
Париж паралимпиадасының лицензиясына ие болған ел құрамасының бас бапкері Бауыржан Тахауов облыс әкімі Серік Шәпкеновке әркез көрсетіп жүрген қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
— Бүгін бізді қабылдауыңызға шақырып, құттықтағаныңыз үшін команда атынан алғысымды білдіремін. Бұйырса келер жылы 182 мемлекет арасында 8 мемлекет волейбол ойындарына қатысады. Сонда осы құрама мықты ойын көрсетеді деген сенімдемін. Соған қолдан келген бар күшті салып, дайындаламыз,-деді Б.Тахауов.
Жиында резервке ойыншылар табу, параспортшыларға арналған орталық салу, стипендия тағайындау , баспана беру сынды мәселелер талқыланды.
Айта кету керек, волейболшылар 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы паралимпиада ойындарына жолдама ұтып алған болатын.