20 жастан – чемпиондардың ұстазы! (+ФОТО)

img 20220807 wa0037 2 СарапTime

ЖЕҢІС ДЕМЕКШІ, КЕЗ КЕЛГЕН ЖЕТІСТІКТІҢ АРТЫНДА ҮЛКЕН ЕҢБЕКТІҢ КІШКЕНТАЙ ИЕСІ ЖАТАДЫ. ӘДЕТТЕ, ОЛАР КӨЗГЕ КӨП КӨРІНЕ БЕРМЕЙДІ. МІНЕ, СОЛАРДЫҢ БІРІ – ӘҢГІМЕМІЗГЕ АРҚАУ БОЛЫП ОТЫРҒАН АБИБАНЫҢ БАПКЕРІ МЕЙІРЖАН ЕСМАҒАНБЕТОВ. БҮГІНДЕ КЕЗЕКТІ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕТІН ЭКВАДОР МЕМЛЕКЕТІНДЕ ШӘКІРТТЕРІН ДАЙЫНДАП ЖАТҚАН БАПКЕР БІЗБЕН ТІЛДЕСУГЕ УАҚЫТ БӨЛДІ…

– Алдымен өзіңіз туралы білсек…

– Мен 1986 жылы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылынан әрірек орналасқан Қоңыраулы деген ауылда дүниеге келгем. Әке-шешем – сол жердің азаматтары. Бертін келе облыс орталығына қоныс аудардым. Өзім спортқа бейім болып өстім. Дзюдо күресімен де облыс және республика деңгейінде айналыстым. Ал, жиырма жастан бері жаттықтырушы болып еңбек етіп келемін.

– Бапкерлікке ерте бет бұрған екенсіз…

– Иә, солай. Мен бапкерлікті таңдадым. Себебі, спортшы болғаннан гөрі оны дайындауға мүмкіншілігім зор екенін түсіндім. Адам баласы, біріншіден, жүрегі қалайтын, екіншіден, икемі бар іспен айналысса, игілігін көбірек көреді деп ойлаймын.

– Еңбегіңіз еш кетпей, теріңіз текке төгілмеген сияқты ғой?

– Иә, мұны шәкірттерім күн сайын дәлелдеп жүр десе де болады. Атап айтсам, менің шәкіртім Айболат Ыстыбаев 2015 жылы Босния және Герцеговина астанасы – Сараево қаласында жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігінде чемпион атанды. Ал, Анель Сүлейменова Азия жүлдегері атанып, қазір ол да менің жолымды қуып, жаттықтырушы болып жүр. Сондай-ақ, самбо күресінен ел намысын қорғап жүрген Эльмира Самиғоллаева мен Саида Қапсалыхова атты әлем чемпиондары шықты. Жастар арасында Азия жүлдегері атанған Ақжол Қайыпхан да менің мақтан тұтар шәкірттерімнің бірі. Ал, күні кеше ғана Тайланд елінің астанасы – Бангкок қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Азия біріншілігінде Эсимгуль Куюлова алтыннан алқа тақты. Ол 15 елден қатысқан 163 спортшының арасынан үздік шықты. Осымен ол биылдың өзінде қатарынан Азия мен Еуропа Кубоктерінің иегері атанып отыр.

– Эквадордағы әлем біріншілігіне Атыраудан кімдер қатысады?

– Жастар мен қыздар арасында өткелі отырған жарысқа Эсимгуль Куюлова мен Аяна Дүйсенбайды алып келдім. Жеңістен үміттіміз.

– Сіз айтып отырған біріншіліктер көп өтеді, оның жеңімпаздары да баршылық. Тіпті, бір жылда бірнешеуі бола ма, қалай? Бұл жеңістің мәнін жойып жібермей ме?

– Өте өзекті сұрақ қойдыңыз. Осы мәселені көп адам түсінбей жатады. Сондықтан, спорттық сайыстардың аражігін ажыратып алған дұрыс. Әсіресе, журналистер жағы аса мұқият болғаны жөн. Бір материал жазбас бұрын сала маманымен ақылдасып алған артық етпейді ғой. Жалпы,  кез келген жарыс оған қатысушылардың жас ерекшелігіне қарай бөлінеді. Мәселен, дзюдо спортымен жер жүзі бойынша 250 мемлекет айналысады. Әлем чемпионатын алсақ, ол жасөспірімдер, жастар және ересектер мен әйелдер арасындағы үш түрге бөлінеді. Әлем және Азия біріншіліктері жыл сайын өтеді. Ал, Олимпиада мен Азия ойындары төрт жылда тек бір-ақ рет болады. Дәстүрлі чемпионаттардан бөлек, «рейтингтік», яғни, көрсеткіштік жарыстар да болады. Олардың ішінде «Үлкен шлем», «Гранпри», тағы басқалары бар. Онда жоғары нәтиже көрсеткендерге лицензия беріледі. Сол арқылы әлем біріншілігіне жолдама алады. Осылайша, әлемдік додаға әр елден 20-30 спортшы қатысуға мүмкіндік бар. Тап осылай Олимпиада ойындары үшін де лицензиялық жарыстар өтеді. Оның төрт жылда тек бір рет өтетінін білесіздер. Әр спортшы Олимпиадаға дейінгі төрт жылда түрлі деңгейдегі жарыстарға мейлінше көбірек қатысуы керек. Мұнда әр жеңістің ұпай санына қарай Олимпиада жолдамасы беріледі. Бір атап өтерлігі, Олимпиаданың рейтингі тек 21 орыннан тұрады. Яғни, оған әлемнің үздік спортшылары ғана қатыса алады. Мәселен, 22-орынға табан тіреген спортшы қатыса алмайды деген сөз. Ал, ұпай жинаудың жалғыз жолы – спорттық додаларға қатысып, жүлдегер болу.

– Алдағы жоспар қандай?

– Қазан айында Ташкент қаласында әлем чемпионаты болады. Содан қалайда жеңіске жетуіміз керек. Сонда 2024 жылы өтетін Олимпиадаға қатысуға жолдама алуға жол ашылады.

– Ендеше, сәттілік серік болсын!

– Рахмет. Елге дұғай сәлем жолдаймын.

Сұхбат жүргізген: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

img 20220807 wa0030 2
img 20220807 wa0035 2
img 20220807 wa0038 3
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз