Жарнама
СпортСарапTime

СЕРІК СӘПИЕВ – АТЫРАУДА!

ЖУЫРДА АТЫРАУҒА ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ, ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ СЕРІК СӘПИЕВ КЕЛГЕН БОЛАТЫН. ОСЫ САПАРЫ БАРЫСЫНДА ДАҢҚТЫ СПОРТШЫМЕН СҰХБАТТАСУДЫҢ СӘТІ ТУДЫ.

– Атырауға қош келдіңіз! Бұл жолғы сапарыңыздың мақсаты қандай?

– Рақмет! Атырау жылы шыраймен қабылдап жатыр, сол үшін үлкен алғысымды білдіремін. Мұнайлы өлкеге келудегі басты себебім – шахматшы Динара Сəдуақасованың ұйымдастыруымен Атырауда тұңғыш рет өткізіліп жатқан «Atyrau Chess Festival 2022» шахмат фестиваліне қонақ ретінде шақырылдым. Оған қоса облыстағы спортшы балалардың, əсіресе бокс үйірмесіне қатысып жүрген жас өрендердің аяқ алысын көрдім. Қалада ашылғанына көп бола қоймаған «Dosboxing» академиясындағы балаларға шеберлік сабағын өткіздім. Академия жаттықтырушыларына ақылкеңесімді айтып, білгеніммен бөлісіп жатырмын.

– Үлкен спорттан кеткеніңізбен, спорттың басы-қасында жүрсіз. Қазақстан құрамасының боксшыларымен байланысыңыз қалай?

– Жігіттермен əркез байланыстамыз. Олардың əрбірінің жекпе-жегіне жанкүйер болып отырамын.

– Қызметіңіз бойынша алдағы жоспарларыңыз қандай? Осы жөнінде де айта кетсеңіз…

– Олимпиадалық спорт түрлерін, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуды қолға алып отырмыз. Осы мақсатта жүйелі жұмыс жасамақпыз.

– Атыраудағы бокс академиясындағы балалардың аяқ-алыстары қалай екен?

– Қалай дегенмен де, еліміздің бокс мектебі – əлем елдерінің алдыңғы қатарында. Қазір де дүниежүзі мойындататын болашақ чемпиондар ел ішінде жүргені анық. Оның үстіне елімізде «спортшы боламын» деген адамға барлық мүмкіндік бар. Тек соны пайдалана білу керек.

– Өзіңіздің əріптес ініңіз, IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы əлем чемпионы Данияр Елеусіновтың спорттық мансабын аяқтайтындығы туралы интернет желілерде көп айтылып жүр, сіз бұл туралы не ойлайсыз?

– Ол жөнінде Данияр бауырыммен сөйлескенім жоқ. Ол кəсіби боксшы. Əлем чемпионы. Менің ойымша, ол өзінің атағын қорғауы керек шығар.

– Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілі ретінде Атырау облысының спорт деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Атырауда спорт саласы тұрақты дамып келеді. Жетістіктері де аз емес. Талай спорт саңлақтары шыққан мекенде спорттың деңгейі түсе қоймайтынына сенімдімін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button