ФОТОГАЛЕРЕЯСпорт

АТЫРАУДА ЖҮГІРУ МАРАФОНЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ (+фото)

Атырау облысы Дін істері басқармасы «Жәрдем-Атырау» КҚ-ның ұйымдастыруымен облыс жастары арасында діни экстремизм мен терроризм идеологиясы таралуының алдын алу мақсатында «30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне» орай облыс тұрғындары арасындағы «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДА – ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН  ТЕРРОРИЗМГЕ ЖОЛ ЖОҚ» атты 10 шақырым қашықтықта жүгіру марафоны өз мәресіне жетті.

Шараның мақсаты — діни сауаттылықты арттырып, ұлтаралық және дінаралық қатынасты жақсартып, салауатты өмір салтын насихаттау.

Марафонға тек Атырау тұрғындары ғана емес өзге өңірлерден, тіпті мұхит асып келген шетелдік азаматтар да қатысып атсалысты.

Марафонның ашылу салтанатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бисембиев Жасұлан Орақұлы және Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, Халықаралық марафонның 17 мәрте қатысушысы Казиев Асқар Халимуллаұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Алдымен, еріктілер арасында «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДА – ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМГЕ ЖОЛ ЖОҚ» сөзін ұрандатумен флэшмоб ұйымдастырылып халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Әрімен қарай қатысушылар старт сызығына тұрып, «бастау» белгісі басылған соң жүгіруді белсене бастап кетті.
Одан соң қатысушылар белгіленген аумақ — «Сұлтан – Бейбарыс» алаңынан «Sultan Palace» қонақ үйінің  маңына дейін, қашықтығы – 10 километр жүгіру жолына түсті.
Марафоншылар «Sultan Palace» қонақ үйі маңына келген кезде реттік нөміріне мөр-белгі қойғызып,«Марриот» кешенінің маңындағы финишке жетіп, жүгіруді сәтті аяқтады. Сондай-ақ жүгіру жолында бақылаушылар және бейнебақылау қойылды.

Жүлдегерлер анықталғанша шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендер көңілі бір серпіліп қалды.

Марафон қорытындысы бойынша оқ бойы оза шыққан жүйріктерге номинациялар бойынша жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтары,Алғыс хаттар табысталды.

Жүлделі 1-орынды (200 000 теңге) Жарас Айтуаров, 2-орынды(150 000 теңге) Оралбек Құттығалиев, 3-орынды(100 000 теңге) Еркебұлан Аташевтар қанжығаларына байлады.
Ал қыздар арасындағы бәсекеде АҚШ-тан келген Ю Джонес -1-орын (теледидар),
Айнагүл Қуанышева — 2-орын(шаңсорғыш), Бегетаева Гауһар-3-орын(«Алиса» маркалы колонка) иеленді.  Үздіктермен қатар,  белсенділік танытқан 100-ге жуық қатысушыға бағалы сыйлықтар, медаль, алғыс хаттар табысталды.
Жеңімпаздарды Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Көшқалиев Қайролла Дүйсешұлы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржауған Оразқызы және Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің директоры Кисметов Рүстем Ғиниятұлы марапаттап, жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, марапаттар мен сыйлықтар «ЖӘРДЕМ-АТЫРАУ» КҚ-ның атынан және «К7 Group» құрылыс компаниясының демеушілігімен  ұсынылды. Ұйымдастырушылар марафонға белсене қатысып өз азаматтық мүдделерін танытқан марафоншыларға ризашылық білдірді.

Белсенді жастар, спортты сүйетін қарттар марафонның көркін келтіріп, қазақ спортына деген құрметтерін көрсетті. Мұндай спорттық шаралар арқылы дені сау ұлт қалыптастырып, жастардың патриоттық сезімдерін нығайтады деген сенім мол.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button