Наурызға қатысты жөн-жоралғыларды білеміз бе?

zhal as m ld r amanzhol izi nauriz k ktem Жаңалықтар

Наурыз мерекесі кезінде халыққа ұсынылатын басты тағамның бірі – наурыз көже. Үлкендер оның дәмді жасалуына ерекше мән берген. Дастарханының да мол болуын қалаған. Өйткені, ата-бабаларымыз жыл басын молшылықта қарсы алса, жыл бойы тоқшылық болады деп ырымдайды.

Наурыз мерекесінің тарихы жайлы әңгіме аз емес. Көбі ел аузындағы түрлі аңызға сүйенеді. Соның бірі былай баяндалады:

…Парсы патшасы Жамшид өз елінің аумағын аралап жүріп, Әзербайжан деген мекенге тап болады. Осы жерде күнгей бет­ке қаратып үлкен тақ орнатуды бұйырады. Күн сәулесі тақпен шағылысып, айналаға ерек­ше нұр шашып тұрады екен. Содан кейін жұрт осы күнді жаңа жыл ретінде тойлауды әдетке айналдырыпты. Осылайша, ме­реке XVIII ғасырға дейін ежелгі Грекияда, Римде, Ұлыбританияда аталып, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланған көрінеді.

Өзге ұлттар «сумалак» дайындайды

Қазақтар Наурыз мерекесінде жеті түрлі тағамнан дайындалған наурыз көжесін ұсынатыны белгілі. Ал, парсы, өзбек, қырғыз, иран, түрік, әзербайжан, түркімен, ұйғыр, ауған халқында Ұлыстың ұлы күні «сумалак» деген тамақ жасайды. Мұны әр ұлт түрліше атағанымен ортақ ұқсастығы – оның жаңа өсіп шыққан бидай дәнінен жасалатындығында.

Ел аузындағы аңызға сенсек, «сумалак» сөзінің екі мағынасы бар: біріншісі – парсының «си мелек», яғни «отыз періште» сөзінен шыққандығы туралы уәж. Яғни, Наурызда «сүмелек» қайнатып жатқан кезде қазанның қасында 30 періште отырады- мыс. Екіншісі – «самани» деп аталатын бидай дәндері.

Дастарханға қандай тағам қойылады?

Наурыз күндері осы мереке­ге тән белкөтерер, ұйқыашар, наурыз көже секілді арнайы ырымдық астар дайындалады.

 Сөз жоқ, бұл тағамдардың адам ағзасына тигізер пайдасы өте зор. Мәселен, белкөтерер – өзінің аты­на заты сай тағам. Ол негізінен күш-қуаты азайған қарт кісілерге арналған. Ол сары май, қазы, жент, қымыз, сүзбе, бал және тағы да басқа құнары мол тағамдардан тұрады. Белкөтерерді мереке­ден басқа уақытта да дайындап, дімкәс жандарға беруге бола­ды. Оны ұсынған кісіге бата берген. Сондай-ақ, бұл ас жас- тар мен үлкендер арасындағы байланысты барынша нығайтып, тәлімді тәрбиені күшейткен.

Ұйқыашардан дәм татып, «селт еткізер» сыйлаған

Тағы бір дәмнің түрі – ұйқыашар. Ол Наурыз мерекесі а л д ы н д а ж а с т а р ғ а а р н а п ұйымдастырылатын кешке ар­найы дайындалады. Тағамның әзірленуі ерекше. Алдымен қыстан шыққан сүр ет жаңа с ау ы л ғ а н м а л д ы ң с ү т і н е қайнатылады. Былай істеу оның құнарын арттырады. Өйткені, бұл кезде малдың сүті қоюланып, құнары мол болады.

Тағам дұрыс дайындалса, тіл үйіреді. Ұйқыашардан дәм татқан жігіттер қыз-келіншектерге ар­нап сыйлық үлестіреді. Ал, бұл

 сыйлықты «селт еткізер» деп атайды. Оған сақина, білезік, әтір, тарақ – бір сөзбен, әйелдер пайдаланатын заттар сыйланады.

Мерекеге дайындық

Наурыз келер түнi Қызыр (Қыдыр ата) баба әр үйді аралай­ды деген сенім бар. Үй иелерi бар ыдысты аққа, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына тол­тырып қояды. Егер наурыздың бірінші күнiнде қар жауса – «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп ырымдаған.

Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егiлген ағаштың жемiсi мол бола­ды деген сенім де болған. Қазақ халқында «Наурызда жауған ақ қар секілді киінген» деген де мағыналы сөз бар. Сөйтіп, таза жерге құт-береке келеді деген түсінік басты кезекте болған. Үлкендер «Тазалығы бар үйге жаңа жыл кірсе, сол үй ауру- сырқау мен жамандықтан ада болады» деген.

Наурыз қарсаңында «үйге Қызыр келеді» деп, «Жыл бойы ақ мол, жауын-шашын көп болсын!» деген ниетпен бос ыдыс қалдырмай, бәрін сүт, айран, шұбат, қымыз, шалап, уыз, бұлақ суына толтырып қойған. Үлкен кісілердің ай­туынша, су – тіршіліктің, ал сүт – молшылықтың белгісі. Олар табиғат күштерін оятады, адамның күш-қуатын нығайтады деген. Осылайша, 22 наурыз күні таң алдында жастар мен әйелдер сүт, май арқылы «құрбан беру» ырымын жасайды. Жас жігіттер бұлақ көздерін ашып, өзен-су арналарын, арықтарды, құдықтарды тазалайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген мақал осыдан қалса керек.

Алтыбақан басына жиналған жастар түнімен халық ойында­рын ойнайды, өзара айтысады. Көңілді кештің сәнін келтірген олар ән салып, күй шертеді. Таң ата биік төбе басына көтеріліп, жаңа күнді қарсы алады.

Дайындаған: Лиза СЕЙТІМОВА

 Наурызға қатысты мынадай жөн-жоралғылар бар:

ЖАҢА ЖЫЛДЫ ТОЙЛАУ – НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ, НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ, НАУРЫЗНАМА, НАУРЫЗ ТОЙЫ;

НАУРЫЗ КҮНІ ҮЛКЕНДЕР БАТА БЕРІП, ЖАҚСЫ ТІЛЕКТЕР АЙТЫП, АРНАЙЫ СОЙЫЛҒАН МАЛДЫҢ ЕТІНЕН ЖӘНЕ СҮР ЕТТЕН ҚОНАҚТАРҒА ДӘМ ТАТҚЫЗАДЫ;

НАУРЫЗ КӨЖЕ, НАУРЫЗДЫҚ ӘЗІРЛЕНЕДІ;

НАУРЫЗ ТІЛЕК, САУМАЛЫҚ АЙТЫЛАДЫ;

НАУРЫЗ КҮНІ ТУҒАН МАЛДЫ МАЛ БАСЫ – «НАУРЫЗ ТӨЛ» ДЕП АТАЙДЫ. ОНЫ «КИЕСІ БАР» ДЕГЕН ТҮСІНІКПЕН САТУҒА ДА, СЫЙЛАУҒА ДА БОЛМАЙДЫ;

НАУРЫЗ ЖЫРЫ ЖЫРЛАНЫП, НАУРЫЗ ЖҰМБАҚ АЙТЫЛАДЫ;

КӨКТЕМДЕ ҰШЫП КЕЛЕТІН ҚҰС «НАУРЫЗЕК» ДЕП АТАЛАДЫ;

ЕМДІК ҚАСИЕТІ БАР ТАУ БӨКТЕРЛЕРІНДЕ БҮРШІК ЖАРАТЫН ДӘРІЛІК ГҮЛ «НАУРЫЗШЕШЕК» ДЕЛІНЕДІ;

МЕЙРАМ КҮНДЕРІ ЖАУҒАН ҚАРДЫ «НАУРЫЗША» ДЕП АТАЙДЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз