Қызылқоғада спортшылар мал қорасында жаттығып жүр
Аядай ғана ауылдан шығып, елдің атын әлемге әйгілеп жүрген спортшыларымыз аз емес. Облыс орталығынан 300 шақырымдай қашықтықтағы Қаракөл ауылы – сондай арда азаматтардың құт мекені. Қызылқоға ауданындағы 300-ге жуық түтіні бар ауылда кір (гир) көтеру спортынан әлем чемпионы Ришат Ғалиахметов тұрады.
Әке жолын қуған ұл
Ауылға сыйлы дене шынықтыру пәнінің ұстазы Рахмет Ғалиахметов пен мейірбике Баян Бисенбаеваның шаңырағында дүниеге келген ол жастайынан спортқа жақын болады. Есейіп, белі қатайған кезден бастап үйдің де, түздің де шаруасына араласады. Содан шығар, төзімділік, шыдамдылық деген қасиет оның қанына сіңген. Ришат 2000 жылы орта мектепті тәмамдап , Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық мамандығы бойынша оқуға түседі. Болашағын спорт саласымен байланыстырған ол студент кезінде дзюдо, қазақша күрес түрлерімен айналысады. Одан бөлек, зілтемір (штанга), кір (гир) тасын көтерумен де шұғылданады. Оқу бітіріп келген соң ауылдағы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.
– 2006 жылы төрт жылда бір ұйымдастырылатын дәстүрлі «Ақ бидай» спартакиадасы өтетін болды. Сол жарысқа кір спортынан алғаш рет қатысып, екінші орын алдым. Одан соң, бұл спортқа деген қызығушылығым артып, өз-өзімді шыңдап, жаттыға бастадым. Келесі жылы облыс біріншілігінде чемпион атандым. Қазақстан чемпионаттарында әр жылдары жүлдегер, жеңімпаз болдым. Республика көлеміндегі ең алғашқы жетістігім – Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында I I I орын бұйырды. 2011 жылы әскерилер арасындағы жарыста жеңімпаз атандым. Бұл спорт көп еңбекті талап етеді. Оны ерінбеген адам ғана алып жүре алады деп ойлаймын, — деді спортшы.
Қаракөлдік спортшының жеңісті жолы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Ел ішіндегіні айтпағанда, халықаралық жарыстарда да оқ бойы оза шапты. Ол былтыр көктемде Ақмола облысында өткен Азия чемпионатына қатысып, алтын медаль жеңіп алса, күзде Үндістанның Нью-Дели қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 13 елдің спортшысынан басым түсті. Он бес жылдан астам уақыттан бері кір спортымен айналысып келетін ол әкесі секілді өзінен кейінгі жастарды саламатты өмір салтын ұстануға баулып жүр екен.
– Әкем дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Мен оның ізін жалғастырып келемін . Ата — анам үнемі қолдап, қолпаштап отырады. Жарыстардан жүлделі оралған кезде бірге қуанады. Отбасында төрт ұл, бір қызбыз. Қайқайсымыз да спорттан алыс емеспіз. Бауырларым мектеп кезінде жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол спорт түрлеріне қатысып, облыстық деңгейде жүлделі де болды. Бүгінде олар мұғалім, электрші, мұнайшы секілді мамандықтарды таңдады. Қазір бірнеше шәкірт тәрбиелеп жатырмын, олар да менің жолымды қуып келеді. Арасында Қазақстан чемпионаттарына қатысып жүргендері де бар, — деді ол.
Болашақ чемпиондар – ауылда
Бір әттеген-айы, іргетасының қаланғанына ғасырға жуықтаған ауылда әлеуметтік нысандардың саны аз. Кір спортынан әлем чемпионы шыққан мұнда спорт зал, денешынықтырусауықтыру кешенінің жоқтығы спортшылардың емін-еркін жаттығу жасауына қолбайлау болып тұр. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтаған ауыл мектебіндегі спорт зал оқушылардың өздерінен ауыспайды. Оның да талапқа сай еместігі белгілі. Жоқтан бар жасап жүрген ауыл жастары мал қорасында, сарай, гаражда дайындалып, қолдарынан келгенінше амалдап жүрген көрінеді.
– Жаттығатын арнайы ғимарат болмаған соң, қысты күндері салқын тиіп, ауырып қалып жататын кездер кездеседі. Бұл спорт түрі көп тер төгуді қажет етеді. Ұзақ уақыт дайындалғанымызбен, тұмауратып қалып, жарыстарға бара алмай жатамыз. Жағдайдың жоқтығынан көп бала спортты тастап кетті. Қуантатыны, қазіргі таңда ауылда волейбол, баскетбол спорты жақсы дамып келеді. Жақсы мамандар да бар. Олардың шәкірттері аудандық, облыстық көлемдегі жарыстарға қатысып жүр. Кезінде Қаракөл орта мектебі жеңіл атлетиканың «отаны» болды. Облыста алдыңғы қатарлы командалардың бірі атанды. Өкінішке қарай, бүгінде жеңіл атлетика спорты ауылда кенже қалған, — деді Ришат.
Мықтылығын сөзінен гөрі, ісімен дәлелдеп жүрген спортшы облыс деңгейінде кір спортына көңіл бөлінбейтіндігін де жасырмады. Тіпті Астана, Алматы қалаларында өтетін жарыстарға өздерінің қалталарынан ақша шығарып барады екен. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына бұйымтайларын айта барса,ондағылар жылдың басымен аяғында қаражаттың болмайтындығын алға тартып, шығарып салатын көрінеді. Ал, спортшылар тер төгіп, жаттыққан соң «ақша жоқ» деп қарап отырмай, өз қаражаттары есебінен жарыстарға қатысып, еңбектеніп келеді.
– Жарыстарға барған кезде оншақты күндей пәтер жалдаймыз. Азық-түлігіміз бен таксиге 100 мың теңгенің үстінде ақша кетеді. Оның үстіне жарыстың жарнасын төлеуіміз қажет. Кейбір спортшылар осындай кедергілерге кезігіп, спортты тастап кетіп жатады. Жиған-терген темірлерімнің көбі сынып қалды. Қазіргі уақытта бізге 8, 12, 16, 24 келілік кір тастары қажет. Мектепте 12 шаршы метр болатын бөлме бар. Сол жерге өз күшімізбен жылу жүйесін жүргізіп алғанымызбен, жарығы жоқ. Телефонның шамымен 3 — 4 оқушымды дайындап жатырмын. Болашақта ауылда арнайы жаттығу залының болғанын қалаймыз, — деді әлем чемпионы.
Жақында кір спортынан Қазақстан Республикасының чемпионатына облыстық іріктеу кезеңі өтті. Мұнда жеті салмақ бойынша сынға түскен қызылқоғалық 7 спортшы жарыстың жеңімпаз-жүлдегері атанып, командалық есепте I орынға ие болды. Оның ішін де қаракөлдік Р и шат Ғалиахметов, ағайынды Ернұр, Елнұр Жалғастар өз салмақтары бойынша жеңіс тұғырынан көрінсе, Қайсар Бақытжан, Қанат Бекзат секілді бұла күштің иелері II орынға табан тіреді. Расында спортшылардың қадамы қуантады. Жеңімпаз атанған ауылдың үш жігіті ертең Астана да өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды. Оған да демеуші таппаған спортшылар өздерінің қаражаттарымен барды.
Облыс басшылығы кір көтеруден еліміздің намысын қорғап, жеңіс туын асқақтатып жүрген спортшыларды қолдап, материалдық, қаржылық тұрғыдан да көмектессе спортшылардың алар асулары биік болары даусыз.
Алмас ҚАБДОЛОВ