
Қазақстан параспортшылары алғаш рет Азия чемпионы атанды
Биыл Азия чемпионатында волейболдан отырып ойнау бойынша Қазақстан құрамасы тарихи жеңіске қол жеткізді. Финалда Қытай құрамасымен өткен тартысты кездесуде жерлестеріміз 3:2 есебімен басым түсіп, Азия чемпионы атанды.

Чемпионатқа Сауд Арабиясы, Жапония, Аустралия және басқа да елдерден барлығы 8 мемлекет қатысты. Бұл жарыс әр екі жыл сайын өтеді. Қазақстан құрамасы бұған дейін 1988-1999 жылдары аралығында Азия ойындарында топ жарғанымен, дәл осы форматтағы Азия чемпионатында алғаш рет жеңіс тұғырына көтеріліп отыр.

Команданың 90 пайызы – Атырау облысының спортшылары. Финалда өнер көрсеткен ойыншылардың бесеуі де осы өңірдің атынан шыққан. Бұл – аймақ спортшылары мен жаттықтырушыларының қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Параволейболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы мен Атырау облысы командасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов бұл жетістікке үлкен үмітпен қарайтынын айтты.
– Біздің спортшылар енді 2026 жылы өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Сонымен қатар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиадаға қатысу мүмкіндігі де бар. Бұл жеңіс – үлкен дайындықтың нәтижесі. Атырау облысы әкімдігіне көрсеткен қолдауы үшін алғысымыз шексіз, — деді ол.
Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ