15 ЖАСТАҒЫ АТЫРАУЛЫҚ ХОККЕЙШІ ЕЛДІ СҮЙСІНТТІ

prplplplp Спорт

АТЫРАУЛЫҚ ЖАС ХОККЕЙШІ ӘМІР БАҒЫТЖАНОВ ОТАНДЫҚ ҒАНА ЕМЕС, АМЕРИКАЛЫҚ БІЛІКТІ МАМАНДАРДЫҢ ДА КӨЗІНЕ ТҮСІП ОТЫР. ОЛАР СПОРТШЫНЫҢ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҰҚСАМАЙТЫН ТАКТИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІГІНЕ, ӨРНЕКТІ ОЙЫНЫНА ТӘНТІ.

Қарсыласты сан соқтырған сәт

Елордадағы «Astana-2» клубының сапында шабуылшы болып өнер көрсетіп жүрген жас спортшымен сұхбаттасудың мүмкіндігі туды. Ол қазір 2006 жылы туған балалар мен жасөспірімдер командалары арасында ұйымдастырылған шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып жатыр. Атыраулық хоккейші туралы жақынырақ білгіміз келіп, «You tube» бейнехостингісінен «Мықтылар» жарысында өнер көрсететін ташкенттік «Tashkent Select» командасына қарсы ойынына назарымыз ауды. Осы бəсекеде бірнеше мəрте мергендігімен көзге түсіп, спорт комментаторының таңданысын туғызған 9 нөмірлі Əмір Шоқанұлы бүгінгі əңгімеміздің арқауы болмақ. 15 жастағы шабуылшы жерлесіміз, командаластары ұйымдастырған пасты сəтті жүзеге асырып, қарсылас команданың қақпасының тұсына жақын келіп, соққы жасап, қақпашысын сан соқтырды. Енді бір сəтінде қарсылас (команданың) ойыншысын еркін айналып өтіп, қақпаны дəл көздеді. Орта қашықтықтан бар пəрменімен бағыттаған соққысы да мүлт кетпеді. Қарсыластарынан айласын асырып, гол салғанда, қорғаушыларды шарасыз күйге түсірді.

«Әкеге қарап ұл өсер»

Көзінде от ойнап, жалындап тұрған бозбаладан Атыраудың намысын қорғауға неге асықпай жүргенін сұрадық. Байқасақ, облыста 2006 жылы туған балалар мен жасөпірімдер командасы болмағандықтан республиканың басқа командаларында ойнауға мəжбүр екен. Əмірдің əкесі, индерлік Шоқан Құмарғалиев та кезінде хоккейден əуесқойлар арасында «Қашаған» клубында өнер көрсеткен көрінеді. Содан да шығар, əкесі хоккейге қызығушылығы артқан ұлын 5 жасында осы спорт түріне алып келеді. Осылайша, 2011-2016 жылдар аралығында атыраулық «Бейбарыс» клубында, 2017 жылы Алматы қаласындағы «Стрижи», 2018 жылы Өскемен қаласындағы «Торпедо» клубтарында ойнап, тəжірибе жинақтайды.

– Хоккей спортшыға адреналин сыйлайды. Сондай-ақ, адамның өзі байқамаған қырларын ашып, мұзда еркін қозғалуды, конькимен сырғанауды үйретеді. Мұз айдынына спорттық киімді киіп шығудың өзі ерекше əсер етеді, – дейді жас спортшы.

izobrazhenie 2022 06 03 234353294

Атыраудың намысын қорғайды

Спортпен қоса, мектептегі оқуын да қатар алып жүрген ол былтыр Елордаға ауысқанша Өскемен қаласында 6-шы сыныптан 8-ші сыныпқа дейін білім алған. Өткен жылы «Astana-2» клубының құрамында Қазақстан чемпионатында чемпион атанса, биыл 8 команданың арасында IV орында келеді. Əмір Бағытжанов 2022-2023 жылғы маусымнан бастап Атырауда Евгений Дерябин жаттықтыратын «Бейбарыс» хоккей клубының жастар құрамасы ашылып жатқандығын, алдағы уақытта осы команданың сапына қосылатынын айтады. Алғаш өзі хоккейдің «əліппесін» үйренген командада өнер көрсетуге ниетті жерлесіміздің бұл таңдауына қуанып қалдық.

– Дегенмен, хоккей қауіпті спорт түріне жатады. Елордалық клубтағы Владимир Матюхин бастаған жаттықтырушыларымыз ылғи да «салқынқанды болыңдар жəне шебер ойнаңдар» деп айтады, – деген жас шабуылшы бұған дейін шеберлігін шыңдаған өскемендік «Торпедо» клубының құрамында болғанында Ресей чемпионатында айдынға шыққанын айтты.

Шайбалы хоккеймен айналысып келе жатқанына 10 жылдан асқан спортшы Қазақстандағы «Барыс» клубының ойынын ұнататынын, ал, шетелдік клубтың арасынан вашингтондық «Capitals» клубының ойынын қызығып қарайтынын жасырмады.

– Ойын барысында қызықты сəттер көп болады. Соның ішінде матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда қақпаға 1 гол салғаным есімде. Көпшілігіңіз көріп жүргендей, хоккей ойыны кезінде спортшылардың бірін-бірі қатты жұлқылап, текетіресіп қалатын жағдайлары кездеседі. Əзірге, мен мұндай келеңсіздікке кездескенім жоқ, – деді Əмір Шоқанұлы.

Əмірдің əкесі Шоқан Құмарғалиев техникалық қауіпсіздік инженері болып еңбек етсе, анасы Жанаргүл Серікқызы балаларының сабағына қарап, тəрбиесіне көңіл бөліп отырады. Спортты серік еткен Əмірдің сабақ үлгерімі де жақсы. Спортшының ата-анасы алдағы уақытта ұлдарының туған өлкеге келіп өнер көрсететініне қуанышты. Бірнеше жылдан бері мұнайлы өлкеден жырақта болған Əмірдің асығы алшысынан түсіп, жергілікті жанкүйерлердің қошеметіне бөленетін күні де алыс емес. Мемлекет өскелең ұрпақтың болашағына көңіл бөліп, бағыт-бағдар беруді мақсат етсе, жасындай жарқылдаған жастардың өнерлерін өгейсітпей, қолдау танытқанда ғана салауатты ұрпақ ұлтымыздың келешегін кемелдендіре түспек.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз