Футбол: қайтарымы жоқ қаржы
Кезінде Еуропа лигасына қатысып, айта қаларлықтай нәтижелерге қол жеткізген «Атырау» футбол командасына жыл сайын 2 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінеді екен. Соған қарамастан олардың ел чемпионатында алғашқы бестікке іліге алмай келе жатқандығы жанкүйерлердің жанына батып отыр. Оның үстіне жеңілістен көз ашпаған командада жергілікті спортшылардың аздығы да көп сынға ұшырап келеді.
Осы және өзге де мәселелер «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.
«Атыраудың» күні қашан туады?
Облыстық мәслихат депутаты, кеңес төрағасы Сырымбек Сәрсембаев «алдағы уақытта салынатын футбол стадионы кімнің иелігінде болады, ол өз-өзін ақтай ала ма?» деген сұрақтарға жауап іздеу үшін іс-шаралар жоспары құрылуы және футбол клубының жұмысын жақсылап зерделеп, жанкүйерлерін қуантатындай нәтижеге жету керектігін жеткізді.
– Түркістан облысы республикалық демеуқаржы арқылы екі команда ұстап отыр. Құлсарыда үлкен стадион салынды. Сол жақтан бірінші лигаға қатысатын футбол командасын құру керек деп есептеймін. Негізі команданың жобасы, 480 млн. теңге болатын бюджеті облыстық спорт басқармасына ұсынылған. Осы кез облыстық спорт басқармасы жұмысының көрінетін уақыты деп ойлаймын. Құлсары футбол клубы бірінші лигада ойнап, тәжірибе жинақтап, әрі қарай қабілет-қарымдарына қарай дамыса деген ойдамын. Сондай-ақ, кейбір футбол матчтарын Құлсарыдағы жаңа стадионда өткізіп, жергілікті көрермендерді тартып, сол арқылы жастарды да спортқа баулу дұрыс болар еді деген ұсынысым бар, — деді С.Сәрсембаев.
Облыста қыздар футбол командасын құрып, жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндіктің мол екендігі де айтылды. Оған қоса облыстағы «Атырау» футзал клубының да аяқ алысының қуантатыны, енді осы жұмысты әрмен қарай жандандыру бағытында іс-шаралар жасалуын қаперге берді. Депутат жасындай жарқылдап тұрған футзал ойыншыларының командада өнер көрсетуіне мүмкіндік жасалуы керектігіне де назар аударды.
Мәдениеттің мәні неде?
Кеңес отырысына қатысқан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасының «мәдениет» бағыты бойынша көзделген бірқатар міндеттеріне тоқталып өтті.
Басқарма басшысының сөзінше, облыста 2023-2027 жылдары 8 мәдениет нысанын салу, 56 мәдениет нысанын жөндеу жұмыстары жоспарланған.
– Биыл жол картасы бойынша облыста 1 мәдениет нысаны Исатай ауданында салынады деп жоспарланды. Қазіргі таңда Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылында 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр (мердігер – «Гранд Мастер» ЖШС), — деген басқарма басшысы оннан астам мәдениет нысанына жөндеу жүргізілетінін баяндады.
Биыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 4 ірі қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазба жұмыстары Мақат ауданындағы «Таскешу» керуен сарайына, ортағасырлық Сарайшық қалашығына, Қызылқоға ауданындағы Қарабау-2 қорғандарына және Қорғанша қалашығына жүргізілмек.
Қазіргі таңда Қызылқоға ауданындағы Қарабау-2 қорғанында қазба жұмыстары басталған, қалған тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстары шілде-тамыз айларында жүргізіледі.
Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген Ақтөбе-Лаэти қалашығы аумағын темір шарбақпен қоршау жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми-жобалық сметалық құжаттамасы дайындалған. Тарихи орынды қоршау жұмыстары шілде айында басталады.
– Қалашық аумағына ғылыми-реставрация жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми-жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, қазіргі уақытта құжаттама сараптамадан өткізілуде. Ол жерге жобаға сәйкес әкімшілік ғимарат, қазба орнын қалпына келтіріп, ашық аспан астындағы музейдің үстіне ангар типтес жабынды құрылысы, садақ ату орны, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Ол іске асқан жағдайда бұл жерге жыл сайын жүйелі түрде қазба жұмыстары жүргізілмек. Оны ашық аспан астындағы музейге айналдырсақ деген ойымыз да бар, — деді Ә.Жоламанов.
Аталған шаралар мәдениет нысандарының инфрақұрылымын жаңартуға, мәдени демалыс өткізуге жағдай жасауға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға мүмкіндік береді.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттер автордікі