Жарнама
Спорт

Дзюдошының даңқты жолы

Азияның батысындағы Иордания елінің астанасы – Амман қаласында өткен халықаралық төрешілер сынағында атыраулық Дастан Бақтыбай ел намысын абыроймен қорғап шықты. 50 төрешінің арасынан тек 30-ы ғана іріктелген бұл додада ол ағылшын тілінде емтихан тапсырып, тәжірибелік сынақтан сүрінбей өтті. Осылайша «халықаралық дәрежедегі төреші» атанып, Атырау спортының тарихында өзіндік із қалдырды.

img 1311

Дастанның дзюдодағы жолы 2000 жылдан басталған. Ол Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері атанып, халықаралық додаларда ел намысын қорғады. 2023 жылы шеберлер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, өзінің биік шеберлігін дәлелдеді. Ал спорттық мансабы аяқталған соң, 2017 жылдан бері №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүр.

Бапкерлік пен төрешілік қызметті қатар алып жүрген ол – қазір дзюдо спорты бойынша Қазақстандағы кәсіби төрешілердің бірі. Дастан өз тәжірибесін облыстық турнирлерден бастап, республикалық деңгейде шыңдады. Ел чемпионаттарында түрлі жас ерекшеліктеріне төрелік етті. Оның айтуынша, төрешілік – аса жауапты жұмыс.

img 1308

– Жарысқа үздіксіз дайындалып келген қаншама спортшының тағдырын шешу – зор жауапкершілік. Кейде төрешілер қателесуі мүмкін, бірақ жаңа технологиялар, VAR жүйесі арқылы әділдікті сақтау оңайырақ болды. Кез келген маманның табысты жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау қажет екені белгілі. Осы орайда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов, №4 спорт мектебінің директоры Құныскерей Табынбаев та үнемі қолдау білдіріп, көмектесіп отырады, — дейді ол.

Бүгінде Дастан Құсайынұлы өз тәжірибесін жастарға үйретіп келеді. Шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл тәжірибе оның төрешілік қызметінде әділ әрі білікті болуына үлкен ықпал етті.

img 1312

№4 спорт мектебінің директоры Құныскерей Табынбаев әріптесі туралы пікір білдіре отырып, халықаралық төрешілерге қойылатын талаптың қатаң екенін атап өтті.

– Халықаралық деңгейде төрелік ету үшін ағылшын тілін меңгеріп, ережелерді толық білу қажет. Тәжірибелік және теориялық дайындық екі айға созылып, арнайы емтихан арқылы тексеріледі. Атырау өңірінде Дастандай білікті төрешілердің болуы – үлкен жетістік, — дейді ол.

img 1310

Қазір осы спорт мектебінде дзюдо, таэквондо, бокс, еркін және грек-рим күрестері сынды олимпиадалық спорт түрлерімен қатар, ұлттық және олимпиадалық емес бағыттар да дамып келеді. Мектеп жасөспірімдердің спорттық мансапқа дұрыс бағыт алуына, бәсекеге қабілетті болуына баса мән береді. Жүйелі рейтинг жүйесі бойынша Қазақстанның әр облысынан тек екі төреші республикалық жарысқа шақыру алады. Бұл жүйе әділдікті күшейтіп, спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етуде.

img 1313

Осылайша, Дастан Бақтыбайдың есімі Атырау спортының ғана емес, бүкіл Қазақстан дзюдосының тарихында құрметпен аталып жүр. Ол – спортшы, бапкер, төреші ретінде де жас ұрпаққа үлгі, ал халықаралық дәрежедегі төреші лауазымы – оның еңбегінің еленгенінің айқын дәлелі.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button