«Ұстаз барысы» анықталды

whatsapp image 2024 03 19 at 11.57.39 Спорт

Облыс мұғалімдері алғаш рет боз кілемде белдесті. Қызылқоға ауданының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұстаз барысы» турнирінде кәсіби балуандар емес, облыстағы білім беру ұйымдарының ұстаздары бақ сынады. Додаға Атырау қаласы, Индер, Құрманғазы, Мақат, Қызылқоға мен Исатай аудандарынан 23 мұғалім қатысты. Олар 80 келіге дейінгі және одан жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті, – деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сайыс қорытындысы бойынша 80 келігі дейінгі салмақта Қызылқоға ауданы, Ы.Шөреков атындағы орта мектептің ұстазы Сағат Ғазимов «Ұстаз барысы» атанса, 2 орынды атыраулық Бекзат Шакупов, 3 орынды индерлік Бейбарыс Қуанышев пен атыраулық Таңатар Шалқар жеңіп алды. Ал жарыстың 80 келіден жоғары дәрежесінде Қызылқоға ауданы, Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің ұстазы Руслан Ізғалиев «Ұстаз барысы» атанса, индерлік Фархад Серіков 2 орынды, ал қызылқоғалық Дәурен Қадірбек пен құрманғазылық Жеңісбек Төлеуов 3 орынды бөліп алды.

«Ұстаз барысы» атанған балуандарға 200 мың теңгелік сертификат табысталса, «Көрермен көзайымы» атанған мақаттық Асқар Бағытжанов пен исатайлық Ерлан Құрманғалиевке арнайы жүлде берілді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен «Тәлімгер» төсбелгісімен Рахмет Ғалиахметов және «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» Қонаш Құмаров пен Шойын Ізімқұл марапатталды. Сонымен қатар ауданның білім беру саласының дамуы мен жасұрпаққа тәлім-тәрбие беруде жеткен жетістігі үшін ауданның бас ұстазы Гүлфайруз Әнжановаға «Білім берудегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен және облыстық кәсіподақтың атынан Ришат Ғалиахметов пен Бауыржан Досқалиевқа республикалық шипажайға жолдама берілді.

Малика Такежанова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз