«Caspian News» командасы волейболдан турнир жеңімазы атанды

0467f510 f49e 4fab 9add 8c9e8b822542 Спорт

Волейболдан БАҚ қызметкерлері күніне арналған турнир мәресіне жетті. Атырау облысы әкімінің кубогін сарапқа салған 8 команда жарысқа ерекше дайындықпен келіп, жеңіске деген құлшыныстарын танытты.

Атырау облысы әкімінің қолдауымен «Абай» орталығында өткен сайысқа 150-ге жуық ақпарат қызметкері катысты. Турнирдің ашылу салтанатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова кәсіби мереке иелерін құттықтады.

– Құрметті бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері! Сіздерді төл мерекелеріңізбен, сондай-ақ, осы мерекемен тұспа-тұс келген Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын. Кәсіби мерекеге орай спорттық-интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетілді. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын. Бүгінгі спорттық іс-шара сіздердің ынтымақ пен достық қарым- қатынастарыңызды арттыруға септеседі деп ойлаймын. Ең бастысы, достық жеңсін, – деді Г.Сүйеуова.

Сондай-ак, турнирде Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының басшысы Алма Қалусариева, ардагер-журналист Бақытжан Жұмат сөз алып, жарысқа катысушыларға сәттілік тіледі.

Екі топка бөлінген 8 команда топтық ойындарда көп ұпай жинауға ұмтылды. Топтық ойынның нәтижесінде «Caspian News», «Atyraý телеарнасы», «Atyrau-Aqparat», «Qarsheke» командалары жартылай финалдық ойындарда аянып қалмады.

Тартысқа толы ойында «Atyrau-Aqparat» командасы үшінші орын мен 100 мың теңгені қанжығаласа, екінші орынды еншілеген «Atyraý телеарнасы» құрамасына 150 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Былтырғы нәтижелерін қайталаған «Caspian News» командасы жарыс жеңімпазы атанып, 200 мың теңгеге ие болды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз